Аудандық әкімдікте болып өткен «Дөңгелек үстел» мәжілісінің тақырыбы осындай болды. Осы тақырыпта еліміз бойынша жиындар соңғы бірнеше жылдан бері өтіп келе жатыр. Ондағы мақсат – кәсіпкерліктің дамуына бюрократтық кедергілерді болдырмау, мемлекеттік органдар тарапынан болатын кейбір шектеулер, тексерулер немесе тыйымдарды заң тұрғысынан түсіндіру сияқты мәселелерді кәсіпкер адамдармен бірлесе отырып талқылау және дұрыс шешімін табу.

Мәжілісті аудан прокурорының орынбасары Нұркен Қарымсақ ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Самат Ерғазиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықов, аудандық Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрат Қуанышбаев, Төтенше жағдай бөлімінің бастығы Нұрқожа Әлжанов, Санэпидқадағалау бөлімінің басшысы Бердібек Саралтаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Дәулет Өтебалиев, аудандық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Дариға Шалабаева, басқа да лауазымды тұлғалар, бірқатар бөлімдердің жауапты мамандары және кәсіпкерлер қатысты.

222

Мәжілісте прокуратура және басқа да құзыретті органдар тарапынан кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау және кәсіпкерлікті дамыту, қолдау мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндамалар жасалып, кәсіпкерлік туралы заңнамалардың талаптары түсіндірілді.

— Біз бүгін кәсіпкерлердің құқықтық-ақпараттық қамтамасыз етілуін және Елбасының «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» арнайы Жарлығы мен кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі аясында атқарылатын шаралар жөнінде ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін алдарыңызға арнайы келдік. Сіздер қазір осы отырған кез-келген құзырлы орган өкіліне өзіңізді толғандырған, шешімін таппай не түсіне алмай жүрген мәселеңізді айтып, осы сәтте жауабын ала аласыздар, -деді Нұркен Қарымсақ жиналыс басында.

Дөңгелек үстел мәжілісінің барысында кәсіпкерлер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Бәріне де жауап берілді.

Анар РАХИМБЕКОВА