Зейнеп Тастемірова

Бүгінгі өткен баспасөз отырысында Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова осылай деді.

2017-2018 жж оқу жылында Маңғыстау облысы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 63 миллион теңге (2016-2017 жж – 849,3 мың теңге) қаржы бөлінген.

Осы жылы жаңартылған білім мазмұнындағы 2,5,7 сыныптарға және басқа да сыныптарға жетіспейтін оқулықтар мен оқу құралдары сатып алынған. Сатып алынған барлық оқулық саны – 910 010 дана. Оның ішінде 2-сынып бойынша 265 767, 5-сыныпқа 206 736, 7-сыныпқа 191 815  дана оқулық.

— Оқулық 4 жыл сайын жаңаланып отырады. Биылғы жылы 2,5,7 сыныптың оқулықтары ғана сатып алынып, осы үш сыныптың оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етілді. Ал қалған жетпейтін кітаптарды мектептер қаржы бөлінгенге дейін қосымша қаражатқа сатып алады. Сондай-ақ, бір мектепке жетіспейтін кітаптарды өзге мектептердегі артық кітаптармен толықтыруды да іске асырып жатырмыз. Мысалы, біз Құланды ауылының мектебіндегі артық кітаптарды Мұнайлы ауданындағы мектепке бердік. Яғни, мектептен мектепке, ауданнан ауданға не қалаға осылай кітап жеткізіледі. Оқулықты ата-ана сатып алуға міндетті емес. Оған бюджеттен қаржы бөлінді, мектеп өзі қамтамасыз етуі тиіс. Ал дайындық сыныптарында ата-ананың келісімімен, мектептің мұғалімімен келіскен жағдайда сатып алған болуы мүмкін, — деді басқарма басшысы.

Тағы оқыңыздар: Мектепте ақша жинау тоқтамай келеді

Отырыста оқулықтарға қосымша арнайы дәптерлер төңірегінде де сөз болды. «Қосымша дәптерлердің бағасы біршама. Оны бір қолданған соң келесі балаға жарамай қалады» деген ата-аналар шағымы жеткізілді. Бұл мәселеге:

— Балалар қарапайым, 12 беттік дәптерді қолдана алады. Қосымша дәптер сатып алуға міндетті емес, ешкімді міндеттемейміз, — деп жауап берді Зейнеп Жұмағалиқызы.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА