жер

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде өткен жиында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс орталығының іргесінде нақты құрылыс салу жоспары талқыланды. Аталған бағдарлама қабылданғалы бері бірнеше рет таразыланып, талдаудан өткен осы жоба нұсқасы жиынға қатысқан облыс әкімінің, оның орынбасарларының, облыстық басқарма мен қалалық бөлім басшыларының назарына ұсынылды.

Жиынды жобаны егжей-тегжейлі түсіндірген «Градо» жобалау фирмасы» ЖШС бас сәулетшісі Бағдат Жақыпов Ақшұқыр ауылы мен шеп бекетінің аралығы, әуежайға баратын жолдың теңіз жақ беті, яғни Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылының арасындағы бос жатқан 3 920 гектар жерге тұрғын үй және мектеп, балабақша, аурухана, емхана сынды әлеуметтік маңыздағы нысандар салынатынын жеткізді. Бұл жер 6 аумаққа бөлініп, 67 700 халық қоныстанады. Мұнда жеке үйлермен қатар, көп қабатты үйлер салынады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков салынатын жаңа үйлер мен ғимараттар су, газ, тоқ көзімен қалай қамтылатынын түсіндірді. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұловтың айтуынша, облыс орталығында 2010 жылдың 1 тамызына дейінгі есеп бойынша тұрғын үй құрылысын салуға жер алуға 71 000 адам кезекте тұр. 2000–2005 жылдары 1 980 арыз, 2006–2010 жылдары 69 378 арыз қанағаттандырылмаған. Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауовтың хабарлауынша, Ақшұқыр мен Сайыннан тұрғын үй құрылысын салуға 11000-нан аса адам кезекке тіркелген.

– Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен өткен жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Ақтау қаласының бас жоспарында жеке тұрғын үй салуға жер жоқ болғандықтан, қаланың іргесіндегі жерді таңдап алдық. Мемлекет аталған бағдарлама бойынша тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын жүзеге асырады. Жобаны құзырлы органдармен келісіп, инфрақұрылым құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға кірісеміз. Республикалық бюджет қаражатына қажетті инфрақұрылымдар тартылғаннан кейін инвесторлар, әртүрлі деңгейдегі банктердің қаржыландыруымен үйлер салынып бастайды. Бұл құрылыс 2025 жылға дейін салынып бітеді, – деді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Найзабек Жайлау.

Тағы оқыңыздар: Қалың Қараш жиналды Құландыға

Жиын қорытындысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов жобаның кейбір тұстарына қосымша бағыттар мен түзетулер енгізуді тапсырып, жаңа құрылыс жоспарының іске асырылуын қадағалауды Ақтау қалалық құрылыс бөліміне жүктеді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Cуреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

2 ПІКІРЛЕР

    • Ескертпеңізге рахмет! Түзетіп қойдық.