Ту етіп желбіреткен Ұранды да,
Жанына серік еткен Құранды да.
Төрт жүз жылын атауға бабасының,
Қалың Қараш жиналды Құландыға.

Иә, бұрын хабарлағанымыздай Қарағия ауданының Құланды елдімекеніндегі Жаңаөзен ат спорты федерациясына қарасты ипподромда 22-23 қыркүйек күндері ұлы мерекелік шаралар болды. Яғни, бүгінгі ұрпақтары Еділұлы Қараш бабаның туылғанына 400 жыл толуына орай алқалы ас берді. Бұл Қараштың рухына бағышталып беріліп жатырған жалпы бесінші асы көрінеді. Оны Нұрлан Төкенов деген азамат сол аста жалпақ жұртқа жариялады. Ол астардың қай жылдары, қашан, қайда берілгенін нақтылап айта алмағанымен төртінші асқа тоқталды. Соған қарағанда ол замандардағы адамдар, қазіргідей елдік мүддені көздеп, халықтық сипат алатындай ауқымды етпесе де, шама-шарқына, мүмкіндіктеріне қарап, жеке кісілер қал-қадірінше, өз деңгейінде ас берген сияқты.
— Адайда қол жайып, бата бергенде «Қараш Қойлыбайдың қазанын берсін!» деп айтылатын болған, — дейді Нұрлан Төкенов. – Себебі, ол кісі өте бай, әрі сақи болған көрінеді. Адамды алаламай, келген кісінің кім екендігіне қарамайтын, тек құдайы қонақ ретінде қарсы алып, құрметтеп, сыйлап қонақасы беріп шығарып салатын, үнемі қазаны оттан түспейтін, елге сыйлы, халыққа қадірлі кісі болған екен деседі өтміштің дәмін татып, әріден естігендерін ұмытпайтын кәрі құлақ қариялар. Сол Қойлыбай Маңғыстаудың ыстығы мен суығына, дауылы мен жауынына, құрғақшылығы мен шөлейтіне төзімді жылқы тұқымын шығарсам деп бала күнінен армандайды екен. Осындай мақсатты көздеген ол діни медресені оқып бітірген Амандық деген баласын одан әрі оқытуға ұмтылады. Дәулетіне сәулеті сай әке арманын орындау үшін Амандық үнді еліне оқуға аттанады. Сол сапары Оразмағанбет Тұрмағанбетұлымен танысып, табысады. Оның өзінен 3-4 жас кішілігі бар екен. Екеуі бір университетте қатар оқиды. Бірақ екеуінің мамандығы екібасқа. Оразмағанбет геология саласында болса, бұл малдарды шағылыстыру бағытында білім алады. Оқуды бітіріп Амандық ауылға қайтады. Келгесін әржақтан, тіпті шетелдерден де 18 түрлі жылқы тұқымын әкеліп шағылыстырып, будандастырады. Осы жолда 35-36 жылдай тынымсыз жұмыстанады. Нәтижеде Маңғыстаудың табиғатына төзімді жылқылар пайда болады. Қазіргі «Адай жылқысы» деп жүргендеріміз осылар. Сондағы айтайын дегенім, осы Қойлыбай бай 1890, 1900 жылдардың басында Еділ бабамыз бен оның баласы Қараш атамыздың рухына арнап ас берген дейді бізге жеткен аңыз-әңгімелердің желісі. Сонда бүгінгі беріліп жатқан ас бесінші ас болады ғой.
Ипподром іші мерекедегідей безендірілген. Орталық сахна маңдайшасына жазылған Ыбырайым ахұнның сөзі кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Оқыған жанның жігерін жанып, қайратын тасытып, сүйіспеншілігін арттырып тұрғандай. Сахна төріндегі жау жарағын асынған қазақ батырының кескін келбеті мен адай таңбасы бар сары көк түсті ту көрген жанның патриоттық сезімін түрткілеп, белгісіз құлшыныс пайда етіп, бойын мақтаныш сезімі билейді. Сахнаның қарсы алдындағы орындықтар мен оң қапталдағы бастырма астындағы орындар көрермендерден бір босамады. Әуелі Қараш ұрпақтарынан шыққан әнші, жыршы, термеші, күйшілердің өнерімен басталған сахналық сәттер жаңаөзендік жыршылар мен «Өнер» МКҚК-нің концерттік бағдарламаларымен жалғасты. Қатар тігілген үйлерден іштеріне «ел қондырып» шыққан жұрт түн ауғанша тапжылмай ән, жыр, терме, күй тыңдап, мың бұралған билерді тамашалап бір жасап қалды. Түн ортасында түрлі-түсті отшашуларды да тамашалады.
Қаз-қатар тігілген аумағы атшаптырым 23 темір үйдің екі күн бойы дастарханы жиылмай, асқа келген қонақтардан арылмады. Үстеріне бір үлгіде тігілген ұлттық киім киген Қараштың қыз-келіндері келген қонақтарды ашық жарқын көңілмен, қазақтың кішіпейіл, ибалы қыз-келіндерінің салтын сақтап, дәстүрін жалғастырып, тамағымен қоса қабағын танытып, ас-суын әзірлеп, келген қонақтардың көңілінен шығып жатты. Қозыбағар Насырұлы, Қосай Едігеев, Ибайдулла Әмелов, Ілесбай Мырзағұлов, Мақсат Бердиев, Муфтулла Керимов сияқты азаматтардың басшылығында үстіне сары түсті киім киіп, қолдарына рация ұстаған 50-60-тай Қараш ауылының жігіттері тікесінен тік тұрып қызмет етті.
Тігілген үйлер қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендіріліп, әртүрлі шар, жалаушалармен көмкеріліп ипподром алаңын кәдімгі қалашыққа айналдырып жібергендей болды. Әсіресе, электр шамдарының қуатты жарықтарымен нұрлана түскен ерекше көріністеріне еріксіз тәнті боласың. Әрине, біз ертедегі Әли Тауанның асы сияқты белгілі тұлғаларымызға берілген Адайдың атақты астарын көзіміз көрген жоқ. Бірақ кәрі тарих шежіресінен сыр шертетін өмірден өткен қарттарымыз бен ақын, жыршы, жырауларымыздың ізінде қалдырған сөздерінен естімішіміз бар. Мынау аста солардай болмағанымен, соларға жетеғабыл болды деп айтуға әбден болады. Арысы Ресейдің Астрахань, Орынбор облыстарымен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінен Қараш ата ұрпақтары өте көп жиналды. Оның үстіне бәйге, ат спорты ойындары десе ішкен асын жерге қоятын Жаңаөзен қаласының жұртшылығы мен Құланды ауылының тұрғындарын қосыңыз.
«Тас түскен жеріне ауыр». Жалпы ас Қараш атаның рухына бағышталып, ұрпақтарының атынан берілгенімен оның ұйымдастырушылары – жаңаөзендік Қараштар. Сондай-ақ, осынау халықтық шараның осыншалықты қызықты және ұмытылмастай болып тыныш өтуінде жаңаөзендік тәртіп сақшыларынан бастап, әскери бөлім сардарлары мен сарбаздарының, төтенше жағдай бөлімі мен өрт сөндірушілердің, медицина қызметкерлері мен жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің салмақты үлестері бар. Жаңаөзен ат спорты федерациясы мен көркемөнерпаздар аталмыш шараның қызықты әрі көңілді өтулері үшін бір кісідей атсалысты. Жалпы туған жердің, өскен елдің маңызды шараларының есте қаларлықтай дәрежеде ұйымшылдықпен өтуін қолдап-қуаттап, ағайынның ауырын жаңаөзендіктер де иықтасты. Сондықтан бұл ас – Қараш ауылымыздың азаматтарының ықылас пейілін танытса, екіншіден Жаңаөзен жұртшылығының бірлігін, татулығын, ынтымағын, бір-біріне деген қамқорлығы мен қайырымдылығын паш етті. Оны өзіміз емес, сырт көз бірден байқайтын сияқты.
Қалың Қараш жиналды Құландыға— Мен осы астың болатынын естігелі қуанғаннан ба, өзімді өзім қоярға жер таппай жүрмін. Сол аласұрған көңілім осында келгесін басылды, — дейді Ресейдің Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданы, Ильич ауылынан келген Қараш ата ұрпағы Боранбай Сүйебаев. – Ауылдан екі кісі болып келдік. Астың қызықтарын қызықтап жатқан жайымыз бар. Халқыңыз ауызбіршілікті екен. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Мұндай алқалы ас, ұлы мереке беру екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері толық көрініс тапқан. Спорт ойындарының бәрі ертедегі ата-бабаларымыздың ескі жолымен дамып жатыр екен. Тек формасы жаңарған. Сахнада қазақтың ән, жыр, терме, күйлері үздіксіз орындалып жатыр. Жұрттың бәрі таза қазақ тілінде сөйлеп жүр. Қандай рахат. Ал бізде… – осы жерде көңілі босап кетті. – Ал бізде бәрі басқаша. Балаларымыз бен немерелеріміз ана тілден құр қалып бара жатыр. Балабақша, мектептерде оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі бірыңғай орыс тілінде жүргізіледі. Мектептер де қазақ тілін факультативтік сабақ ретінде өтеді. Тек үлкен кісілері бар үйлердің балалары ептеп қазақ тілінде сөйлейді. Облыс бойынша қазақтар көбірек шоғырланғаны біздің ауыл. Соның ішінде 15 үйдей Қараш бармыз. Сондықтан біздер той-мерекелерімізді мүмкіндігінше ұлттық салт-дәстүрге сай өткізуге тырысамыз. Бірақ қалт-құлт етіп әрең тұр. Себебі, бұрын оқта-текте ілуде біреу кездесетін кейбір оқиғалар осы күндері жиілеп барады. Жергілікті ұлт пен қатар қонған татарлармен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы-жекжат болу жағын айтып отырмын. Ертең ана тілін білетін алдыңғы буын ағалардың «әрі қарай» көші жылжып кетсе, қалған ұрпақтың тағдыры қандай боларын айта алмаймын. Біздер жақтан кейбір отбасылары Ақтөбе облысына көшті. Бірақ тіл жағынан олардың да оңып тұрғаны шамалы. Дегенмен әйтеуір Қазақстанның ішінде ғой…
Иә, Орынбордан келген отағасының астың қонақасы күні 6 шақырымдық бәйгеге қатысқан қазақтың шынашақтай қарадомалақтарының басты жаңадан үйренген кішкене тайларға мініп, өзара жарысқаны, одан кейінгі 15 шақымдық Ошақ бәйгеге қатысқан сәйгүліктер мен шабандоздардың бәсекесі, аттың құлағында ойнаған қаршадай «бәйге балалардың» ұлттық салт-сананы сақтай отырып, табан жолда тартысып, бәсекелесіп, намысты қолдан бермеуге тырысқан әрекеттерінің бәрі өзге әлемнің қызықтары сияқтары көрініп тұрғаны аян. Бір жағынан көңілі қуанып, екінші жағынан көзіне жас үйіріліп, көкірегіне өксік тығылып, көңілі құлазып, өкініп тұрғаны да белгілі. Оған өткен кәрі тарихтың қытымыр кезеңдері кінәлі. «Түйе қартайса көшегіне ереді» дегендей орыс тілді ұрпақтарының бүгінгі күнгі ықпалынан шыға алмай қалған өздері де кінәсіз емес. Әйтпесе, Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ шетте жүрген қандастарды квота беріп, Отан оралуға шақыруда. Жастау кезде қарынның тойған жерінде жүре беруге болады. Ал егде тартқасын ол өмірлік өшпес өкінішке айналуы ғажап емес.
Қалың Қараш жиналды ҚұландығаМіне, біз әңгімелеп отырған Қараштың бүгінгі ұрпақтарының 70-80 пайызы ел тәуелсіздігі орнағаннан кейін Отанның ортасына оралған оралмандар. Көпшілігі Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан сияқты бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас, алыс-берісі мен барыс-келісі үзілмеген мемлекеттерден келгендер.
Олар елге келді, баспана салды, бала оқытты, оқу бітіргесін жұмысқа орналастырып, түбектің түлеуіне үлестерін қостырды.

Ата-бабаларының рухтарына арнап алқалы ас беріп, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласына нақты жауап беріп жатыр. Аста Еділден бастап сегіз ата-бабасына, соның ішінде Қараш атасына екі рет, яғни 9 құран шығартып, жалпақ жұрттың алдында 6 молда қатым етті. Бір жақсысы темір үйлердегі шәй-тамақтан кейін барлығында бір мезгілде ас қайтарылып, аят оқылды. Себебі, ас ұйымдастырушыларының қолдарына рация ұстағандары әр үйде отырып, сол арқылы жиналған жұртты бір мезгілді ұйытты. Бұл да жаңа заманның замауи техникасының жетіскендігін, оны қазақтың қарадомалақтарының жылдам меңгеріп алғандығынан дерек береді.
Келесі күнгі мерекелік шара Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов тағы басқа алыстан келген көптеген қонақтар құттықтап, сөз сөйлеген салтанатты жиынмен басталды. Сосын асқа жиналған қалың ел екіге жарылды. Бір бөлегі қошқар көтерген жігіттердің бәсекесі мен өзара белдескен палуандардың күш сынасуын тамашалауға кетті. Ал көпшілік бөлегі Құнан бәйге мен Аламан бәйгеге қатысқан аттарға қиқу салып, қошаметтеуге ауды. Бір өкініштісі, қызықты спорттық ойындардың бәрі бір мезгілде қатар болып, жұрт толық көре алмады. Соның себебінен ақындар мүшәйрасын бәйге мен күреске бара алмайтын кәрі құртаңдардан басқа ешкім тамашаламады. Сахна алдындағы түнде ине шаншар орын болмаған орындықтар күндізгі ыстықта босап қалды. Сондықтан келесі мерекелік шаралардың ұйымдастырушылары осындай жақтарын ескерсе жақсы болар еді.
Қалың Қараш жиналды ҚұландығаЖалпы спорттық ойындар жақсы өтті. 75 келі шығатын семіз қошқар 22 рет көтерген жілігі майлы, тұлабойындағы қара күші сайлы жігіттің жетегінде кетті. Күресте бас бәйгеге тігілген түйенің тізгіні Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылынан келген Нұрдәулет Жарылғап деген Қараш жігітке бұйырды. Бұл жігіт бұрын бірнеше рет «Қазақстан барысы» бәсекесіне қатысып, Маңғыстаудың намысын қорғаған палуан деп қайта-қайта хабарланып жатты.
Қалың Қараш жиналды ҚұландығаОтыз алты шақырымдық аламан бәйгеге жалпы 32 ат қатысты. Осынау 32 аттың ішінде бейнеулік Боранбай Сәндібаевтың «Ақ бақай» сәйгүлігі бәйге сызығынан бірінші болып өтті. Атты «бәйге баласы», яғни шабандозы өзінің кішкене немересі Нұржау Бейнеуден «Ақ бақай» тұлпарымен келіп, ауылына аппақ «Лада Гранта» темір тұлпарына мініп қайтты. Осы «Ақ бақай» бұрында да, яғни Бекет атаның 265 жылдық асындағы аламан бәйгеде де бас байраққа тігілген «Доцун» автокөлігін жеңіп алып, Боранбайды мәшинелі еткен.
ҚарашИә, бағы жанып, бабы келісіп тұрған киелі жануар иесіне ылғи қуаныш сыйлайды. Сондай-ақ, кешегі аста жалпы төрт бейгеде де жүлделі орындарға ие болған шабандоздардың бәрі құрқол қайтпады. Тек ғана өз ауылындағы бас бәйгелердің бәрін бейнеуліктерге алдырып алған жаңаөзендіктерге сын болғанын жасырудың қажеті жоқ.

М.ӘБІЛХАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.