патронаж

ҚР-дағы ЮНИСЕФ өкілдері маңғыстаулық бір топ дәрігерлерді оқытып, біліктіліктерін арттырып, білімдерін шыңдауда. №1 Ақтау қалалық емханасында өтіп жатқан оқытуға аймақтың 34 дәрігері қатысуда. Семинар-тренингті ҚР-дағы ЮНИСЕФ өкілдері Нұрхан Нарымбетова, Динара Есімова, Қызылорда облысының білікті дәрігерлері Әсел Дүйсенбаева, Меруерт Молдабаева, Майра Ербосынова  жүргізуде.

Маңғыстаулық 34 дәрігер патронаж қызметті үйренудеАпталық оқуда жүктілік кезеңінен бастап балалардың саулығын арттыру үшін отбасы мен патронаж қызметкерлерінің арасындағы серіктестік тақырыбы қарастырылып, қатысушылармен патронаж қызметкерінің жаңа рөлі талқылануда. Аймақта патронаж қызметін дамыту негізінде денсаулық сақтаудың барлық қызметтерін біріктіруге, мейіргерлік істі дамыту арқылы патронаж қызметін кеңінен енгізуге көңіл бөлінуде. Мамандар патронаждық қызмет көрсету жөнінде жоғарғы білім алып ғана қоймай, іс жүзінде алған білімдерін көрсететін болады.

-Семинарда Қазақстанда балаларды ерте жастан дамытудың ағымдағы жағдайы, бала туған сәттен бастап бір жасқа дейін білім және медицинаны қоса алып жүруге қатысуының қазіргі жай-күйі талқылануда. Шараға қатысушылар бала өмірінің алғашқы жылдарында жанұялық тәрбие беруге қолдау жасаудағы білім мен денсаулық сақтау саласының белсенді өзара қарым-қатынаста болуының маңыздылығын үйренетін болады. Жанұяға біріктірілген әлеуметтік-психологиялық, медициналық және білім беру қызметін көрсету үшін патронаждық мейірбике-тәрбиешілер мамандықтарының кәсіби стандартын дайындайды. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірге Қазақстандағы бала өлімі қатерлерін анықтау, ата-аналардың медициналық сауаттылықтарын арттыру жөнінде үлкен жұмыстар  жүргізуде. Балалардың денсаулығын сақтау, оларға көрсетілетін медициналық көмекті күшейту, жаңа туған балаға, ауру балаға дұрыс күтім жасау бағыттарында бұған дейін бірнеше семинар-тренингтер өткізіп, дәрігерлерге заманауи құрал-жабдықтарды жұмыстарында қолдануды үйреттік. Бүгінгі шара-соның жалғасы есебінде қолға алынған. Жалпы бала миының 80%-ы  үш жасқа дейін дамиды. Сондықтан да баланың осы жасына дейін оның ата-анасы мен дәрігері баланың дұрыс дамуына ықпал етуі керек. Осы бағытта да дәрігерлерге біз кеңестер беріп, тәжірибиелерімізбен бөлісетін боламыз. Осы арқылы аймақта патронаждық мейірбикенің рөлін жақсартып, ана мен бала өлімін азайтпақшымыз. Жалпы патронаждық тәжірибе Қызылорда облысындағы үш емханада енгізілді. Соның нәтижесінде инфекциялық аурулардың алдын алып, күйіп қалу қаупінен 4-5 отбасын сақтап қалдық. Сондықтан да бүгінгі семинар арқылы біздің облысымызда қандай жұмыстар атқарылды соны айтып, өзіміздің тәжірибиемізбен бөлісетін боламыз. Мұндай жоба Маңғыстаудың №1 Ақтау қалалық емханасында, Жаңаөзен қаласындағы, Мұнайлы ауданындағы емханаларда енгізілген айта кеткім келеді,-деген ҚР-дағы ЮНИСЕФ-тің консультаты, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының патронаж мейірбикесі Майра Ербосынова.

Маңғыстаулық 34 дәрігер патронаж қызметті үйренудеСеминар-тренингтің практикалық және теориялық бөлігі бір апта бойы №1 Ақтау қалалық емханасында өтеді. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталмақ.

-Мен ЮНИСЕФ-тің ұйымдастырған семинарына қатысып, өзіме қажетті көптеген мағұлматқа қанық болдым. Алған білімімді жұмысымда қолданып, әріптестерімммен, болашақ аналармен бөлісетін боламын. Бізге білікті мамандар ананың жүктілік кезінде өзін қалай ұстауы керектігін, іштегі баламен қалай сөйлесу қажеттігін, ой-өрісін дамыту тұрғысынан дәріс берді,  тәжірибелерімен бөлісті. Бір апталық оқудан алған білімімді енді өзімнің жұмысыма барған соң болашақ аналармен бөлісіп, аптасына 2 рет сабақ өткізетін боламыз,-дейді Жаңаөзен қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Қарлығаш Нұржанова.

Венера МИРЛАН