29 жасында олимп шыңын бағындырған қазақтың алғашқы палуаны Жақсылық Үшкемпіров Маңғыстау сапарында мұнайлылық  жастармен де жүздесті. Басқұдық ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып, жас жеткіншектердің спорттағы шеберлігімен танысты.

Чемпионды аудан, ауыл басшылығы зор қошеметпен қарсы алды. Спорт нысанындағы мүмкіндіктерді көріп, аудан жастарын жеңіске жігерлендірген халықаралық спорт шебері мектеп шәкірттерінің ойынын тамашалап, өзі қолданған іс-қимылдармен бөлісті. Спортшыдан талап етілетін басты талаптар мен өз басынан өткен өмірлік тәжірибе туралы әңгімеледі. Мектеп басшылығына «Золотой олимпийский маршрут» кітабын сыйға тартты.

Қонақты жергілікті биліктің атынан аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Сүлейменов алғыс айтып, иығына шапан жауып шығарып салды.