Конкурс рәсімдері бұзылса немесе заңсыз жұмыстан қуылсаңыз, мемлекеттік қызметшілер тарапынан қысым көрсеңіз, анонимді түрде шағымдана аласыз. Бұл туралы кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кездесуде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің қызметкерлері мәлімдеді.

Бүгінде көптеген мемлекеттік қызмет сыйбайлас жемқорлық фактілерін жою үшін электрондық форматқа ауыстырылуда. Мәселен, бұған дейін тұрғындар жер учаскесін бөлу жолдары Жер кодексінде реттелмегендіктен, түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып келген. Сәуір айында бұл қызмет мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілді. Стандарты жасақталған соң жер бөлуге өтінімді ХҚКО (ЦОН) барып беруге болады.

Сондай-ақ бүгінгі таңда тексеруші органдарды еркін нарыққа шығару мәселесі қаралуда. Оң шешімін тапса, тексеру жұмыстарын аудит саласында білімі бар адамдар жүргізуі мүмкін.

«Болашақта ешкім әкімдікке бармайтын болады, ал олардың қызметі электрондық нұсқада көрсетіледі», – дейді Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы А. Шапахов.

Анонимді өтініш 1424 телефоны бойынша немесе kyzmet.gov.kz сайтында қабылданады.