Оралда спорт ардагері, самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионаттарының жүлдегері Тілекқабыл Қамзиевті еске алуға арналған екінші республикалық турнир өтті. Самбодан өткен байрақты бәсекеде еліміздің әр өңірінен жиналған 35-39 жас аралығындағы спорт ардагерлері қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан маңғыстаулық Сәндібек Дүйсенбеков күміс жүлдені иеленіп, өзінің спорттық бабында екенін тағы бір дәлелдеді.

Боз кілемге 68 келі салмақта шыққан жерлесіміз оралдық екі балуанды 4:0, 4:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші сәтте оралдық балуанға есесін жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

— Жарыс 25-26 наурыз аралығында Орал қаласында өтті. Жарысқа барлығы 150 спортшы қатысты. Облыстың атынан жалғыз өзім барғандықтан намысты қолдан бермеуге тырыстым. Өзім мұнай саласында жұмыс жасасам да, спорттық жарыстарға белсенді қатысып тұрамын. Бос уақытымды спорт залдарда өткіземін. Жалпы менің спортты жаныма серік еткеніме-25 жыл болыпты. Бұған дейін 2015 жылы Орал қаласында ардагерлер арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола медальді және 2016 жылы Түркістан қаласында өткен жарыста күміс медальді иелендім. Бұл жолғы жарыста да бұйырғаны күміс жүлде болды. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Тұщықұдық ауылының әкіміне, «Тұлпармұнайсервис» ЖШС басшылығына, білікті бапкерлер Берік Жұмағалиевқа, Манарбек Бисекеновке алғыс айтамын. Отбасымда ұлым Елжан да самбо мен дзюдо күресімен айналысады, жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Сөз реті келгенде айта кеткім келеді биылғы жылдың мамыр айында Түркістан қаласында ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Осы жарысқа қатысу үшін аймақ ардагерлерінен команда жасақтап жатырмын. Облыстағы спорт ардагерлерін белсенді болуға шақырамын,-дейді Сәндібек Дүйсенбеков.

Венера МИРЛАН