«Абай» атындағы мәдениет үйі жанындағы кітапхана залында Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап  шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген, қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Халық жазушысы, ҚР Сенатының депутаты, мемлекеттік және қоғам қайраткері – Әбіш Кекілбаевтың қуатты да көркем шығармалары арқылы мемлекеттік тілдің қолдану мәртебесін арттыру, ақиық  ақынның шығармашылық мұрасы арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбиелеу, талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулу мақсатында Әбіш Кекілбаев атындағы «Аңызға айналған абыз» атты  республикалық көркемсөз оқу шеберлері арасындағы байқаудың  қалалық туры өтті.

Әбіш ағамыздың шығармаларын насихаттауға арналған байқауға қатысуға сұраным берген 30-дан астам қала тұрғындарынан арасынан 15 талапкер іріктеліп алынды.

Алашымыздың абызына айналған Әбіш ағамыздың шығармаларымен етене таныс қала тұрғындары, театрландырылған қойылым көрсетіп, қара сөзді мәнерлеп оқыды. Олардың жас шамасы мен мамандығына ешқандай шектеу қойылған жоқ.

 Сайыс – прозалық шығармашылығынан үзінді оқу және драмалық шығармашылығына көрініс көрсету бөлімінен тұрды.

2 кезеңнен тұратын байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынды — Ш. Есенов атындағы КМТИУ студенті Гүлдана Жамиғатова, ІІ орынды — №22 орта мектеп мұғалімі Жәмила Сапарбаева мен Ш. Есенов атындағы КМТИУ студенті Нұржан Асамадинов өзара бөлісті, ал ІІІ орынды — Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті Жұлдызай Ечимова мен Маңғыстау гуманитарлы-техникалық университетінің студенті Эльмира Суймухаммедова иеленді. Қалған қатысушыларға ынталандыру есебінде арнайы сыйлықтар және алғыс хаттар табыс етілді.

Қазылар алқасының мүшесі Ерекен Қорабаев:

— Бүгінгі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған шара Әбіш Кекілбаев шығармаларына арналды. Күні кеше арамыздан өтіп кеткен заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын көпшілікке насихаттау мақсатында, қала аумағында тұратын тұрғындар арасында өткізіліп жатыр. Қатысушылардың барлығы жақсы дайындалған. Көріністері де керемет болды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ