Екі қолға бір жұмыс табу да оңай емес. Тепсе, темір үзетін жігіттердің талай жұмыс берушілердің табалдырыған тоздырып, еңсесі түсіп жүргендерін көріп те жүрміз. Олардың бірқатары жылдап оқыған мамандығы бойынша қызметке орналаса алмаса, жұмысшы кәсібін меңгергендері де жұмыс таба алмай жүргендері жасырын емес. Дегенмен, жұмыс іздегеушілер үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген  азаматтар жұмыспен қамтылуда. Ал біздің өңірімізде өз ерекшелігімізге лайықталған «Жаңа Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

DSC04360

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова өңіріміздің бірінші ерекшелігі —маңғыстаулықтардың көп балалы болуы екендігін айтты.

— «Жаңа Серпін» өңірлік бағдарламасы бізге жұмыссыздық мәселесін қосымша шешу үшін қажет болды,-дейді Гүлмира Мұратқызы.-«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарлама, оның ережелері республиканың бүкіл аймақтарына арналған. Ал Маңғыстауда өмір сүру деңгейінде, бала санында айырмашылық бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда әр отбасында шамамен екі бала болса, біздегі жанұяларда орташа 5-6 баладан бар. Сондай-ақ, ол жақта халық тұрақты, ал бізде көші-қон, қоныс аударушылар көп. Әрине, көшіп келушілер бірінші кезеңде тұрақты орналасып, үй мәселесін шешкенінше шығын да көбейіп, өмір сүруі де қиындайды. Келген адамдардың кәсіби мамандықтары еңбек нарығындағы жұмыс орындарына, сұранысқа сәйкес келе бермейтіні тағы бар.  Оларды қайта әзірлеу керек боп жатады. Сондықтан Маңғыстау облысы әкімдігінің 2014 жылғы 21-ші қазандағы № 262-ші Қаулысымен Маңғыстау облысының еңбек нарығындағы шиеленісті төмендету және халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал ету жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары–«Жаңа серпін» бағдарламасы жасақталды. Мысалы, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша мамандарды оқыту тек республика көлемінде жүзеге асады, ал жұмыс берушінің сұранысына сай маман тек Санкт-Петербургте дайындалады делік. Біз енді аймақтық бағдарлама аясында келісім-шарт жасақтап, балаларды шет елге оқуға жібере аламыз.

2015 жылы облысы әкімдігінің Қаулысымен «Жаңа-Серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Оның директоры Қайрат Рысбаевпен әңгімелескенімізде бағдарламаның тиімді іске асып жатқанына көз жеткендей болды.    

DSC04337

— Орталық халыққа арналған қызметтің 17 түрін көрсетеді,-деді директор. -Олар — жұмыссыз халықтың біліктілік сипаттамасының сапасын жақсарту және сапалы өсуіне ықпал ететін іс-шараларды іске асыру; жұмыссыз азаматтарға кеңес, заң көмегін беру, сондай-ақ оқушы жастарды кәсіби бағдарлау, оның ішінде кәсіби диагностикадан өткізу  бойынша қызметтер көрсету; азаматтарды жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселесі жөнінде хабардар ету; қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, еңбек ресурстарын басқару тиімділігін арттыру іс-шараларын енгізу, жұмыссыздар үшін кеңес  беру қызметтерінің ақпараттық алаңдарын және консалтингті дамыту; жұмыссыз халыққа кәсіби даярлықты, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру; жұмыссыз халық арасында кәсіпкерліктің дамуына және молырақ өзін-өзі жұмыспен қамтуға, кеңес беру, қаржылық, техникалық ресурстарға қол жетімділік және жәрдемдесу; жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, жұмыспен қамту органдарының мамандары үшін оқыту семинарлары мен тренингтерді ұйымдастыру және өткізу; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тетіктері мен құралдары туралы жұмыс берушілерге кеңес береді; мемлекеттік бағдарламалар, қажет етілетін мамандықтар бөлінісінде, жұмыс органдарын құруға болжам жасау және бос жұмыс органдарына мониторинг жүргізу; жұмыс күшіне сұранысты қанағаттандыру үшін ұйымдардың еңбек ресурстарына, оларды қоныстандыру үшін тұрғын үй құрылысының қажеттіліктерін айқындау; жұмыс күші шамадан тыс елді мекендерден еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды іске асыру; оқыту бағдарламаларымен қамтылған тұлғалар үшін коммуналдық жатақхананы басқару, сондай-ақ облыстық жұмыс күші шамадан тыс елді  мекендерден көшіп келген, жұмысқа орналыстырылған жұмыссыздарды   уақытша орналастыру; жұмыссыздарға қызмет көрсету ұтқыр орталығының жұмыс істеуі; ҚР-ның жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың жұмыс берушілерінің және ұйымдардың шағымдары мен өтініштерін қарау;

«Жаңа серпін» бағдарламасына қатысушы жұмыссыз азаматтарға ақы төленетін өндірістік іс-тәжірибені ұйымдастыру; жұмыс берушілерге тәлімгермен сүйемелденетін жұмыс орнын бергені үшін гранттар беруді қамтамасыз ету; тұруы мен тамақтануына жұмсалған шығындардың орнын жабу жолымен, әлеуметтік осал топ санатындағы жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.

DSC04346

— Көрсетілетін қызмет түрлерінің ауқымы кең екен. Ал жұмыс сұраушылар қатары көп пе және олар осы қызметтер түрлерімен толық қамтылды ма?

— Өткен жылы орталыққа бос жұмыс орындарына 365 сұраныс келіп түссе, 307 адам теңіз порты, жүк тасымалдау терминалы, асфальт-битум өндіру, пластикалық құбырлар өндіру, тігін-дизайнер, педагогика, денсаулық сақтау, абаттандыру, құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс материалдарын өндіру салаларына жұмысқа орналасты. Олардың 235-і шалғай ауылдарда тұратын азаматтар. Оқумен қамтылған 199 адамның жетеуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл азаматтар ҚР Алматы, Астана, Ақтау қалалары мен РФ-ның Санкт-Петербург, Мәскеу және Самара қалаларында оқыды. Ал оқытылған мамандық түрлері—битум-эмульсияқ қондырғылардың лаборанты, битум-эмульсиялық қондырғының операторы, инженер-технолог КИПиА, оператор-экструдер, докер-механизатор, тальман, токарь, кран жүргізушісі, ағаш ұстазы, аспаз, жүк көтергіш машинист, швартовщик, тігінші, сауда менеджері, техникалық қолдау маманы, мемлекеттік қызметке үміткерлер. Биыл да жұмысымыз жақсы басталды. Қаңтар, ақпан айларына тоқталмағанда, тек наурыз айының басынан бері келіп түскен бос жұмыс орындарына сұраныстар саны 35 орын болып, 3 адам жұмысқа орналасты. Ал 13 адам өндірістік тәжірибеге жолданса,  20 адам оқумен қамтылды. Соңғы жылдары еңбек нарығын зерттей келе, қазіргі таңдағы аса тапшы және сұранысқа ие мамандықтарды анықтадық. Бұлар—токарь, КИПиА, сауда менеджері, геодезист, брокер-логист, теңіз геодезисті, докер-механизатор, агроном, ветеринар, автокран машинисі, мұнаралы кран машинисі, козловый кран машинисі, дәрігер стоматолог, ІТ-маманы, бағдарламашы, балабақша тәрбиешісі, электрик-релейшик, аспаз, дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы, металл құрылымдарын монтаждаушы, электромонтаждаушы, стропольщик, сылақшы, ағаш шебері.

— Қайрат Ерсұлтанұлы, «Жаңа Серпін» бағдарламасы арқылы кез-келген адам жұмыс таба ала ма, әлде жас айырмашылығы бар ма? Сіздермен қалай байланысуға болады?

— Бағдарламаға барлық маңғыстаулықтар, әсіресе, ауылдық жерлер тұрғындары қатыса алады және олардың жасына шектеу жоқ. Бүгінде бізде www.janaserpin.kz сайты жұмыс жасап тұр, сайтқа жұмыс іздеп хабарласқан 220 азаматтың түйіндемелері орналастырылды. Қосымша хабарласқан 292  азаматтың түйіндемелері өңделуде. Сондай-ақ Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде парақшаларымыз ашылған. Бағын сынағысы келетіндер  түйіндемелерін Jana_serpin@mail.ru электронды поштасына жібере алады.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

DSC02429