Ел қазынасын «қара алтынмен» толтырып ғана қоймай, ел намысын спорттық додаларда абыроймен қорғап жүрген мұнайшылар өлкемізде аз емес. Солардың бірі-«Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесінің мұнайшысы Қанат Джолдасбаев. Мұнайшы жігіт салауатты өмір салтын сақтап, бос уақытында спортпен айналысады. Бүгінде ол-қойын-қолтық ұрыстан спорт шебері, бірнеше жарыстардың жеңімпазы.

Қанат Джолдасбаев-1990 жылдың тамызында Ақтау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Мұса пен Амангүлдің шаңырағында Қанаттан бөлек Қайрат, Талғат, Мұхамбет, Айгүл өсіп-жетілген. Мұса аға мен Амангүл апа кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, перзенттерін қатарынан кем қылмай тәрбиелеген. Үйдің еркесі Қанат болса, он жасынан бастап спортпен айналысып, талай додаларда ел намысын абыроймен қорғаған.

— Спортқа он жасымнан бастап келдім. Ақтау қаласындағы «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында жаттықтым. Ең алғаш рет Ақтау қаласында қойын-қолтық ұрыстан Жеңіс күніне орай өткен ашық чемпионатқа қатыстым. 38 салмақ дәрежесінде үшінші орынды иеленіп, ата-анамды қуанттым. Осылайша, ең алғашқы грамотам мені талай шыңдарды бағындырып, биікке жетуіме қанаттандырды,-дейді Қанат Джолдасбаев.

Кейіпкеріміз мектеп қабырғасын үздік аяқтаған соң, Маңғыстау энергетикалық колледжінде құжат тапсырып, білімін жетілдірген. Оқу орнында да белсенділігімен көзге түсіп, қатарластарының алды болып, талай жарыста қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанады. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогінде күміс жүлдені еншіліп, бапкерінің үмітін ақтаған. Сондай-ақ, 2010 жылы Мәскеуде өткен халықаралық турнирде күмісті иеленіп, облыс мерейін өсірген. 2011 жылы Қазақстан Республикасы кубогінің күміс жүлдегері атанса, 2012 жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында алтыннан алқа тағып, облыс халқының шексіз ықыласына бөленген. 2015 жылдың тамыз айында өңірде өткен Қазақстан кубогіне қатысып, күміс жүлдені иеленген. Одан бөлек, 2013 жылы мұнайшылар арасында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, жүлделі үшінші орыннан көрінген.

     5

— Мен спорттың арқасында әлемнің бірнеше мемлекеттерінде болып, әр елдің тарихымен, салт-дәстүрімен жақын таныстым. Тәуелсіз елімнің беделін әлемдік жарыстарда асқақтатып, әнұранын әуелеттім. Ата-ана үмітін ақтап, бапкерлерімнің сенімінен шығуға талаптандым. Менің спортта жетістікке жетуіме атсалысқан, маған дұрыс бағыт-бағдар берген бапкерлерім Алексей Мещеряков, Алексей Иваненко, Рафик Эйвазовқа айтар алғысым шексіз… Қазіргі таңда мен «Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесінде футболдан құрама командада ойнаймын. 2014 жылы Мәскеуде мұнайшылар арасында футболдан өткен жарысқа қатысып, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, 1-орынды иеленіп қайттық. Финалда Мәскеудің «Казпром» командасын айқын басымдылықпен жеңіп, жеңіс тұғырынан көріндік. Ұжымымызда өтетін барлық спорттық жарыстарға белсенді қатысып тұруға тырысамын,-дейді Қанат Джолдасбаев.

Қанат 2011 жылы өлкедегі ірі өндіріс ошағы саналатын «Қаражанбасмұнай» мекемесіне жұмысқа қабылданып, бүгінде мекемеде абыройлы еңбек етеді. Екінші оқу орнын Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне жалғастырған.

       7

— Қазіргі таңда менен басқа мұнай саласында үлкен ағам жұмыс жасайды. Ағам Қанат-бу өндіру цехында білікті маман, інім Мұхамбет қойын-қолтық ұрыстан спорт шеберіне үміткер… Мен-мамандығыма адалмын. Мүмкіндігінше өзімнің мамандығыма қатысты өткізілетін біліктілік арттыру курстарына белсенді түрде қатысып, білімімді шыңдап отырамын. Үнемі ізденіс үстінде жүрген маман ғана биік белестерді бағындыра алады деп есептеймін. Сондықтан да өзіме қатаң талап қойып, оқып, ізденуден жалықпаймын. Жалпы біздің бөлімнің бір ауысымында 36 адам еңбек етеді,-дейді Қанат Джолдасбаев.

Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен айналысып, үстел теннисінен өткен жарыстарға қатысып тұрады. Мекеменің футболдан команда сапында өнер көрсетеді. Одан бөлек қаладағы спорт мектептеріне барып, болашақ чемпиондарға спортқа қатысты келелі кеңестерін айтып, тәжірибиесімен бөліседі.

         8

— Спорттағы тәжірибиелеріммен бөлісу үшін жастарға шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамын. Қойын-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионы атанғаннан кейін жан-жақтан шақыртулар болды. Бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиелеуге шақырғандар көп кездесті. Алайда мен мұнай саласын таңдағандықтан, осы саланың дамуына үлес қосқанды жөн санадым. Енді қазіргі еңбек етіп жүрген қызметімді жетілдіру үшін талаптанатын боламын,-дейді Қанат Джолдасбаев.

         Бүгінде Қанат бір әулеттің отағасы. 2012 жылдың қазан айында өмірлік серігі Атыраудың аруы Айзадамен шаңырақ көтерді. Бүгінде жас отбасында Раяна есімді ару өсіп келеді.

Венера МИРЛАН

6