дәрігер ауру Туберкулез өкпе

Туберкулездің жұқпалы дерт екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ оның қалай жұғатынын, қандай белгілері болатынын және одан қалай сақтану керектігін бала түгілі, ересектердің көбісі біле бермейді. Білген күнінде де салғырт. Ал дәрігерге барып, тексерілуге келгенде тіпті жалқау. Сөйтіп, туберкулезге шалдыққанын білмей жүре береді де, онысы меңдеп, айналасындағы адамдарға жұғып, тарала береді. Өзі одан қатты зардап шегіп, ақырында қиын жағдайдаға душар болады.

Дегенмен, соңғы жылдары жағдай біршама жақсарып келеді. 1998 жылдан бастап елімізде ДОТС жүйесі  бағдарламасы бойынша жұмыс жасалуда. Осы жүйе арқылы емдеудің ойдағыдай нәтиже бере бастағаны баспасөз беттерінде жиі айтылып жүр. Насихат жұмыстарының нәтижесі болар, балалар арасында туберкулезге шалдығушылық 2003 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға азайды. Бұдан былай бұл көрсеткіштер жақсы жағынан қарай ойыса берер деген үміттеміз.

Туберкулез тұқым қауаламайды. Отбасының түгелімен, яғни балаларының да, немерелерінің де туберкулезге шалдығуы олардың ауруды бір-біріне жұқтыруынан. Шаңырақ түгелдей емделмейінше бұл кұбылыс одан әрі жалғаса бермек. Сол отбасымен жақын араласқан ағайын, жолдас-жораларының да туберкулез жұқтыруы әбден мүмкін. Мына бір оқиғаны айта кетейін. Егіз нәрестелі болған бір әйел балаларын бағу жалғыз озіне ауыр болғандықтан жақын әпкесін алдыртып, көмектесуін өтінеді. Біраз уақыт өткеннен кейін нәрестелер ауыра бастайды. Оларды емханаға апарып емдеткенмен, кейін тағы қайталап ауыра беретін болады. Дәрігер әлі бір жасқа жетпеген сәбилерді туберкулезге шалдығады деп ойламаған, тіпті сезіктенбеген де. Өйткені, үйдегі ересек адамдардың ешқайсысы туберкулезбен ауырмаған. Онда бұл неғылған ауру? Сөйтсе балалардың күтіміне көмектескен әлгі әпкесі туберкулезге шалдыққан болып шығыпты. Балаларды дереу ауруханаға жатқызып, сегіз ай емдеуге тура келді. Жалпы, туберкулезге шалдыққан балалардың тең жартысы ауруды өз үйлерінде жұқтырады.

Бала тыныс алған кезде туберкулез қоздырғыштары денеге өтеді де өкпе тінінде тұрақтайды. Кейін олар өсіп-өніп, қан және лимфа тамырлары  арқылы басқа мүшелерге таралады. Адам денесінде туберкулезге шалдықпайтын мүше кемде-кем. Балалар көбіне қолқа айналасындағы лимфа бездерінің туберкулезімен ауырады. Микроб тұрақтаған мүше зақымданады. Ал аурудың дамуы туберкулез қоздырғышының мөлшеріне және бала ағзасының оған қарсы күшінің деңгейіне байланысты.

Бала бірден ауырмайды, тек туберкулезді жұқтырып қана қояды. Бірақ ағза әлсіреген кезде, айталық, тұмау, көкжөтел, қызылша сияқты тағы да басқа аурулармен ауыратындай болса, сондай-ақ дұрыс тамақтанбаса, денесін шынықтырмаса, жұққан туберкулез қозып, бала ауыра бастайды.

Жалпы, туберкулез белгілерінің балаларда білінуі тым жұтаң. Сондықтан олар шағымдана қоймайды. Негізінде, туберкулез жұққаннан аурудың басталуына дейін ең кемі 1,5-2 айдай уақыт етеді. Бала тез шаршай бастайды, тамаққа тәбеті азайып, жүдейді, сыртқы лимфа бездері шошынып, аздап үлкейіп ісіну, кейде кешке қарай дене қызуы себепсіз көтеріліп, түнде ұдайы терлеу, бұған қоса құрғақ жөтел және әлсіздік пайда болады. Міне, мұның бәрі аурудың алғашқы белгілері. Бастапқыда елеусіздеу болған бұл құбылыстар бара-бара үдеп, жөтел күшейе түседі. Егер баланы әп дегеннен дәрігерге көрсетіп емдетпесе, ауру асқынып, туберкулездің ең ауыр түрінің бірі–ми және ми қабығының туберкулезіне айналуы мүмкін. Қадап айтамын, баланы туберкулезден қорғау–ең алдымен ата-ананын міндеті.

Нәресте дүниеге келгеннен кейін перзентханада БЦЖ вакцинасы егіледі. Содан кейін бала 7 және 12 жасқа келгенде, яғни бірінші және бесінші сыныпта  оқып жүргенде қайталап егіледі. Осы егілген вакциналардан бала ағзасында туберкулезге қарсы иммунитет пайда болады. БЦЖ егілген балалар туберкулезге өте сирек шалдығады, ауыра қалған жағдайда дұрыс емделсе, сырқаттан тез айыға алады. Бұған қоса баланы жастай дұрыс тамақтандыру мен денесін шынықтырудың маңызы зор. Баланы жылына бір рет туберкулезге байланысты тексеріп алғанның зияны жоқ.

Бала әлжуаз болса және дұрыс тамақтанбаса, ағза қажетті заттармен қамтамасыз етілмесе, суық тиіп ауырса, иммунитет те әлсірейді. Мұндай кезде ағзаның қорғаныс қабілеті мықты болса, ол тіпті өкпеге түскен туберкулез таяқшаларын жойып та жібере алады.

Балалардағы туберкулезді қақырығы арқылы аңықтау қиындау. Өйткені, кішкене сәбилер қақырық тастай алмайды. Сондықтан оларды манту сынағы арқылы іріктеп тексереді. Егер реакция теріс болса, ары қарай тексерілмейді, ал керісінше болса, рентгенге түсіріп, бар-жоғын анықтайды.

Туберкулез туралы кейінгі кезде жиі айтыла бастады. Еліміздегі ахуал соған мәжбүрлейді. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары көп көмек көрсетуде. Сонымен қатар, елімізде мектеп бағдарламасына валеология пәні енгізілді. Онда да туберкулез туралы жан-жақты мағлұмат беріледі. Қазір көпшілік туберкулезді анықтау мен емдеудің тегін екенін біле бастады. Сондықтан болар, соңғы кездері туберкулезге тексерілуге келетіндердің саны өсіп келеді. Аурудың таралуына жол бермеуде мұның маңызы ерекше. Бұл, әрине, қуанарлық жәйт.

  Амира ТӨЛЕМІСОВА
дәрігер-фтизиатр
Ақтау қалалық №2 емхана туберкулез 
бөлімшесінің меңгерушісі