«Мұнайлы» газетіндегі  әскери-патриоттық бетті дайындамақ болып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге бас сұққан едім. Сәтін салып, 1995 жылы дүниеге келген, әскерге шақырылушы Ерлан інімізбен танысып қалдық. Жастардың қазіргі әскерге деген көзқарасын білмек болып, бозбаланы сөзге тарттым.

Оның «Үйдің тұңғышымын. Сондықтан іні-қарындасыма үлгі көрсетуге тиіспін. Мені көрген бауырларым да маған ұқсауға тырысатыны сөзсіз. Енді аз уақыттан інім де ержетіп, әскерге шақырылса, біріншілерден болып келеріне сенемін. Өйткені Отан — біздің анамыз, кім анасын қорғамайды?» дегені ерекше таңдандырған еді. Осындай ойлы сөзді жастарымыз жетіліп жатқаны бізді ерекше қуантты.

Қорғаныс бөліміндегілер Ерлан Тұрсынбаевтың әскерге барғым келеді деп өзі хабарласқанын айтты.Ол Баянды ауылындағы №3 орта мектепте білім алып, Ақтау қаласындағы «Политехникалық» колледжін 2014-2016 жылдар аралығында «Қозғалысты ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіреді. Қазір «Айком ЛТД» ЖШС мекемесінде жұмыс жасайды.

— Әкем Куклен Тұрсынбай Ауған соғысының ардагері. Ол үнемі мені және інімді қасына алып, ер бала елі үшін туады деп отыратын. Өзінің соғыста көргендерін де мысал ететін. Бізге сол сөздері бала кезімізде ертегідей көрінгенімен, іргетамызды қалаған екен. Сондықтан ба, әскерге баруға арман ерте оянды. Балалық шақта «мен патриот боламын» дегенді жиі айтады екенмін. Енді міне, осы сәт те туды, жақында елімді қорғау үшін аттанып барамын. Өз борышымды басымды тік тұтып, көкірегімді қалқан етіп қорғаймын деген ойдамын. Оны мен міндетім деп санаймын. Әскерден аман-есен оралғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери бөлімде қызметке қалғым келеді. Сол арқылы жұртыма, еліме еңбегімді қоса алсам, онда мен бақыттымын. Есімімді де бекер Ерлан атамаған. Ата-анамның сол үміттерін ақтайтын перзент болуды өз алдыма мақсат еттім,-дейді Ерлан Кукленұлы.

Ерлан 2014-2015 жылы әскерде болған нағашы ағасы Жеткерді өзіне үлгі санайды екен. Нағашысынан әскердегі өмір туралы біраз мағлуматқа қаныққан ол бүгінде азаматтық парызын өтеу үшін аттанатын күнді асыға күтуде.

Шахида ЖҰМАН