Скриншот видеодан алынды

Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары Каспий теңізіне құйылған лас судың үлгілеріне талдау жасады. Нәтижесінде фосфот, марганец, никель мен мыс сынды зиянды заттардың көп мөлшері табылды, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Айта кетейік, 10 мамыр күні «Солдат жағалауы» маңындағы Каспий теңізіне лас судың төгілгені туралы видео желіге жарияланған еді. Болған оқиғадан соң Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары тексеру жүргізіп, Атамекен ауылындағы «ЮраНа» мекемесінің қатысы бар екендігін анықтаған. Кінәлі мекеме теңізге аққан лас суды өз күшімен тазартуға міндеттелді.

«17 970 текше метрде жиналған лас су «ЮраНа» ЖШС қарасты жерде орналасқан. Белгісіз тұлғалар жиналған суды ағызып жіберген. Ол «МАЭК» ЖШС-нің каналы арқылы теңізге төгілген. Мамандар «Юрана» мекемесіне тиісті тексеріс жүргізіп, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін лас суды өз күшімен тазартуға міндеттеді», — дейді облыстық экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкенов.

Сонымен қатар, осы мәселе бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабына сәйкес «ЮраНа» ЖШС қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді мекеменің кінәсі дәлелденсе, қоршаған ортаға зиян келтірілгені үшін 1 773 199 теңге төлейді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА