Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтану» жаңа жобасын ұсынды. Бұл өз кезегінде барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші болмақ. Жаңа жобада жас көшбасшылардың артына ерген жастарға айтар құнды қазынасы бар деген игі мақсатпен Маңғыстау облысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік зиялы қауыммен «Менің жетістігім – менің елімнің жетістігі» тақырыбында кездесу өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының  өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деп жастарды қолдап, осы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғаны көпке мәлім.

Жастарға жігер берген кездесуге бұрынғы Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылдық округінің, қазіргі Форт-Шевченко қаласының әкімі Өсер Тлепов, «Вайнах» шешен және ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі, «Емир-Ойл» ЖШС басқармасының басшысы Джамалайл Элимханов, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының белсенді мүшесі Ардақ Газибекова, «Бастау бизнес» жобасының бизнес тренері Райхан Бекбергенова және өзге де белсенді жастар қатысып, Елбасы идеясы негізінде қоғамды дамытудағы жас буынның рөлі, мақсаты мен міндеттері туралы ойларын ортаға салды.

Өсер Тлепов Қазақстанда жастардың білім алып, жұмыс істеуіне, қоғамның қозғаушы күшіне айналуына зор мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтты.

«Бүгінгі кездесуден жастар үлкен ой түйіндейді деген ойдамыз. Биылғы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялағанын баршаңыз да білесіздер. Жастарға, замандастарымызға айтарым бүгінгі ұрпақ мемлекеттен не аламыз емес, не бе- реміз деп ойлауы керек. Мемлекет тарапынан халыққа көрсетіліп жатқан жағдай, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер, бағдарламалар өте көп. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы–2020», «Дипломмен ауылға» бағдарламасын нақты түсіндіріп өттік. Елбасымыз әр сөзінде мемлекеттің болашағы жастар екенін айтып келеді. Жастар осы сенім мен үмітті ақтай білсе дейміз. Мемлекеттің құндылықтарын, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, қазіргі нарықтық экономикада дамыған елдердің қатарына кіру бағытында үлкен еңбек, күш-жігер қажет», – деген Өсер Тоқтағанұлы кездесуге келген жастарға білімді, патриот болуға шақырды.

«Біз білімді ұрпақ болып қалыптасуымыз керек. «Мәңгілік ел» болу идеясын жүзеге асыруға бәріміз жұмыла ұмтылуымыз қажет. «Жастар жылы» бізге мемлекет үміт артып отыр. Біз «Жастар жылын» осылай қабылдауымыз керек. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлы идеялары жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «Біздің балаларымыз игі дәстүрлерді сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайына жұмыс істеуге дайын болу керек» деп атап өтті. «Олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі өз елінің патриоты болады» деп үлкен үміт артты. Осыны өз керегіне пайдалана білу – әрбір жастың құзырында. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір ағыны тоқтамайды. Қашанда болашағын алыстан бағамдайтын қазақ қыстың қамын жаз ойлаған. Ендеше Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тындыруға міндетті екенімізді біз барлығымыз терең сезінуіміз керек. Қазіргі таңда мемлекеттің беріп жатқан мүмкіндіктерін, білім алудағы жасалған жағдайларды дұрыс пайдаланып, игілікке жарату ләзім. Елбасы Н.Назарбаев, ең алдымен, тәуелсіз Қазақстан саясатын ұстанды. Біз тәуелсіз елге айналдық. Одан соң әлемнің дамыған 50 елдің қатарына кіру мақсаты тұрды. Бұл мақсат та орындалды. Ендігі мақсат – мәңгілік ел болу. Сіздер осы ұлы мұрат жолында, еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге тиіссіздер. Баршаңызды мемлекеттің игілігі үшін мемлекеттен не аламын деп емес, не беремін деген мақсатпен білім алып, еңбек етіп, қызмет жасауға шақырамын», – деп сөзін түйіндеді Ө.Тлепов.

Атап өтер жайт, кездесуге 27 сәуір күні елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-сессиясында Маңғыстау облысы атынан барған делегаттар құрамында Елбасы алдында сөз сөйлеген «Вайнах» шешен және ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі, «Емир-Ойл» ЖШС басқармасының басшысы Джамалайл Элимханов те қатысып, жастарға ой салып, жігерлендірді.

«Қайырлы күн, құрметті достар! Мен 26 жастамын, Шешенстанның Грозный қаласында дүниеге келдім. Бес жасымнан Ақтау қаласында тұрамын. Қазақстанның азаматымын. Мамандығым – экономист. 2014 жылы Қытай саяси университетін бітірдім. Сол жылы малайзиялық «Эмир-Ойл» мұнай компаниясына жұмысқа тұрдым. Еңбек жолын қарапайым маман болып бастадым. Адал еңбегім мен білімімнің арқасында жетістіктерге жете бастадым. Менің бар жұмыс өтілім – 4,5 жыл ғана. Осы уақыт аралығында сатып алу бөлімінің бастығы, мұнай базасының бастығы, өндіріс басқармасының бастығы болып қызмет істеп үлгердім. Қазіргі таңда корпоративтік тиімділік жөніндегі директор қызметін атқарып жүрмін. Мен компанияның барлық бөлімдері негізгі тиімділік көрсеткіштерін орындауына жауаптымын. Яғни бас директордың орынбасары міндеттерін атқарамын. Бұл – өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Компанияның қарапайым маманы қате жіберсе оны түзеу қиын емес. Ал мен қателессем компания 100 мыңдаған доллар шығынға ұшырауы мүмкін. Мен мұның бәрін не үшін айтып отырмын?! Менің айтпағым, біздің елімізде адал еңбекпен мақсаттарға қол жеткізуге болады. Ол үшін керегі – ісіңді білу, аянбай еңбек ету және өз еліңді сүю. Жақсы білім алсаңыз, жақсы маман болсаңыз жұмысқа сізді міндетті түрде алады», – деген Джамалайл Элимханов облыста жастардың кәсіби тұрғыда дамуына барлық жағдай жасалғанын, өңірде шетелдік компаниялардың көп екенін атап кетті.

«Біздің облысымызда жұмыс жоқ емес, бар. Басшы болғандықтан мен жаңа қызметкерлерді іздеу және іріктеу жұмысына қатысамын. Қазіргі таңдағы басты мәселе – білікті мамандардың аздығы. Мысалы, біздің компаниямызда инженер вакансияларының ашық тұрғанына жарты жыл болды. Қаншама әңгімелесулер өткіздік, алайда лайық мамандарды кездестірмедік. Өкінішке қарай жастар арасында тамыр-таныссыз жұмысқа кіру мүмкін емес деген қате пікір қалыптасқан. Бұл шындыққа жатпайды. Мысалы, менің ұлтым – шешен. Шешенстанда соғыс басталғасын менің отбасым Қазақстанға көшіп келген. Қолымызда түк болмады десек те болады. Әке-шешеме бәрін басынан бастауға тура келді. Оның үстіне соғыс салдарынан менің көзім көрмей қалып, мүгедекке айналдым. Бірақ Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастық арқасында осы қиыншылықтардың барлығын жеңе білдік. Мен жұмыста бірталай жетістіктерге жеттім. Ал Қазақстанда менде анамның апасынан басқа ағайын-тума жоқ. Яғни менде өсіп-өну үшін «тамыр-таныс» болған емес», – деді Д.Элимханов. Сондай-ақ ол Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы туралы тоқталған кезде Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясын айтпай кету мүмкін еместігін жеткізді.

«Біздің қоғамда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Бүгінде ынтымақ-бірлігі жарасқан елімізде жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатыр. Бірлік бар жерде тірлік бар. Осы бірлікке қол жеткізе алмай ішкі қақтығыстардан қаншама мемлекеттер зардап шегіп отыр?! Сондықтан ел болашағы осы елде тұрып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігі мен татулығына байланысты екенін ұмытпайық. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарға қолдау көрсетуге үлкен үлесін қосып келеді. Ассамблея эгидасымен Қазақстан кәсіпкерлерінің ассоциациясы көптеген бизнес жобаларға қолдау көрсетіп отыр. Ассамблея менің өмірімде де ерекше рөл атқарады. Өздеріңіз білесіздер, өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында Ассамблеяның 27-сессиясы өтіп, мен Маңғыстау жастары атынан Елбасының алдында сөз сөйледім. Осындай маңызды шараға қатысу – мен үшін зор бақыт, үлкен мәртебе. Ойымды Елбасы алдында айтқан сөздеріммен аяқтағым келеді. Құрметті замандастар! Біздің елде бәрі өз қолыңда. Білім ал да білікті бол. Менің өмірім осыған дәлел. Мен мақсаттарыма қол жеткізе алсам, сіздер де жеткізе аласыздар. Ол үшін елімізде барлық жағдайлар бар», – деді «Вайнах» шешен және ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі.

Жастармен өткен жиын барысында «Бастау бизнес» жобасының тренері Райхан Бекбергенова елімізде жастарды кәсіпке баулу, ауыл халқын кәсіпкерлікке үйрету қазіргі таңдағы маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізіп, бұл бағытта елде атқарылып жатқан жұмыстар легін, кәсіпкерлік жобалары жайын баяндады.

«Құрметті жастар! «Бастау бизнес» жобасы – ұлттық деңгейдегі үлкен бағдарлама. Қазіргі таңда 160 ауданда мен секілді бизнес тренерлер ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін үйретумен айналысып жатыр. Бұл жоба 2017 жылы бастау алған, 2021 жылға дейін жалғасады. Біз неге кәсіпкерлікті  үйретеміз? Бағдарлама қалай басталды? Осыған тоқтала өтейін. «Бастау бизнес» жобасы 2016 жылы желтоқсан айында алғаш рет Маңғыстауда басталды. Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданында және Ақтөбе облысының Темір ауданында жобаның пилоттық режимі іске қосылды. Жобаға көптеген адамдар қызығушылық танытып, белсене қатысты. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тарапынан көмектер көрсетіліп, осының арқасында көптеген адамдар өз кәсіптерін ашты. Содан кейін бұл жобаны кәсіпкерлік палатасы Үкіметке ұсынып, ол қолдау тауып, қазіргі таңда үлкен ауқымда республикалық деңгейде жүріп жатыр. 2017 жылы мені Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылына жіберді. Сол жерде бізде оқыған жастар өз кәсіптерін ашып кетті», – деп Райхан Хыдырбергенқызы бизнес бағдарламалар бойынша берілер мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жайын тарқатып берді.

«Бастау бизнес» жобасында оқимын деген адамдарға шектеу жоқ, 18 жастан басталады. 50–60 жастағы кісілердің де кәсіп бастағандары аз емес. Себебі кәсіп ашуға ешнәрсе кедергі бола алмайды. Кедергі тек қана адамның өз ойында болуы мүмкін. Бұл жоба бойынша оқу үшін алдымен тестілеуден өтеді. Кейін бір айлық кәсіпкерлік курсына қатысады. Одан соң біз бизнес жоспар жағынан көмектесіп, оны қорғайды. Кейіннен сол жобасына қаржы алады. 6 пайызбен несие беріледі. Бұл қаржы екі көзден, біріншісі – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, екіншісі микроқаржы ұйымы. Баршаға белгілі, қазіргі таңда жеңілдетілген несие алу оңай шаруа емес. Банктердің орташа пайыздарының мөлшері 20-30 пайыздың үстінде. Сол себепті ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін 6 пайыздық несие өте үлкен көмек десек те болады. 2017-2018 жылдары жоба жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жобаны Елбасымыз жоғары деңгейде бағалады. Биыл Елбасы жариялаған «Жастар жылына» орай «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тағы бір жоба ұсынып отыр. Ол жоба «Жас кәсіпкер» деп аталады. Қазіргі таңда бұл жоба Алматы қаласында пилоттық режимде іске қосылды. Бір айдың шамасында біздің өңірде де басталады. Оған 18–29 жастағы азаматтар қатыса алады. Тестілеуден өтіп, үш апталық курста білім алады. Бизнес жобасын әзірлеп, қорғайды. Айта кетер жайт, бұл жерде кәсібі бар кісілер де қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп, өз көмектерін көрсетеді. Сіздерді осы жаңа жобаға шақырамын», – деп сөзін аяқтады бизнес тренер.

Сонымен қатар жиында мемлекеттің нығаюына, еліміздің рухани жаңғырып, гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Кездесу соңында қатысушылар талқыланған тақырып аясында пікір алмасып, бағыт бойынша болашақта нәтижелі ізденістер жасап, қоғамның дамуына жемісті үлес қосамыз деген сенім білдірді.

Жайық НАҒЫМАШ