Өңірде медициналық тексеруден жалған өту жиілеп барады. Жұмысын жалғастыра алу үшін денсаулығында еш кінәрат жоқтығын растайтын құжатты сатып алу қазір оңай болып кетті. Оған мысал, түгелдей бір әскери бөлімді тамақтандырып отырған кәсіпорынның аспазы ашық түрдегі туберкулезбен ауыратын болып шықты. Бұл туралы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы мәлім етті, — деп хабарлайды «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы.

Негізгі талап бойынша медицина қызметкерлері, аспаздар мен даяшылар, балалармен жұмыс істейтін мамандар медициналық тексерістен жыл сайын өтуі қажет. Басты мақсат – аурудың алдын алу. Арнайы санитарлық кітапша ашылатыны да сондықтан. Жылма-жыл дәрігерлердің қолы қойылып, емхананың мөрі басылып отырады. Әрине, жұмысын жалғастыруға рұқсат берілген жағдайда ғана.       

 — Егер біздер инфекциялық ауру тапқан жағдайда, шұғыл түрде тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хаттама жібереміз. Олар сол хаттамамыз бойынша жұмыс орнынан медициналық тексерістен өткен адамнан анықталған ауру болса, жұмыстан шектеуге өз аттарынан хаттама жібереді,дейді Ақтау қалалық №1 емхананың кәсіподақ бөлімі меңгерушісі Айгүл Кенжина.

Алайда, медициналық тексеруге немқұрайлы қарап, оны жалған жолмен жасайтындар да бар. Тіпті, ондайлар көп деуге де болады. Биылғы жарты жылдың өзінде облыста 60-қа жуық факт тіркелген!

 — Эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандар қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтуі қатаң бақыланады. Тексеруден өткізуге құқығы бар мекемелер бізге өз мөрлерінің үлгісін ұсынады. Санитарлық кітапшадағы мөрдің сол үлгіге сәйкестігі тексеріледі. Құжаттың растығын міндетті түрде қадағалаймыз. Өкінішке орай, медициналық тексерістен өтпей, жалған анықтама жасатушылар көбейіп барады,дейді МО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Марал Қадыр.

Жыл басынан бері 556 адам жұмыстан босатылды. Өткен медициналық тексерілістері жалған болып шыққан. Ал, «Берекет-Ф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аспазы айды аспанға бір-ақ шығарды. Аспаздан құрт ауруының ашық түрі анықталған. Кәсіпорынның қызметін пайдаланып отырған әскери бөлім мен серіктестік қызметкерлері арасында эпидемиологияға қарсы шаралар жүргізіліп, науқаспен тығыз қатынаста болғандар мамандардың бақылауына алынды. Осы факт бойынша қозғалған іс қадағалаушы органға жолданды.