Биылғы маусым-шілде айларында еліміздің кейбір аймақтарында ауыл шаруашылығы жануарларының сібір жарасымен ауруы салдарынан адамдардың қаза болуы орын алды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде сібір жарасы ауруының 2604 стационарлық қолайсыз пункттері бар көрінеді. Бұлардың індет тарауына себеп болары сөзсіз. Біздің өңірімізде аталмыш қатерлі аурудың таралу қаупі бар-жоғын анықтау мақсатында Маңғыстау облысының ветеринария басқармасының басшысы Шамғали ХАМИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

— Шамғали Смитұлы, Маңғыстауда да сібір жарасы ауруының стационарлық қолайсыз пункттерінен келетін қауіп бар ма? Оның алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылуда?

— Облысымызда сібір жарасы ауруы 1970 жылдан бері тіркелмеген, стационарлық қолайсыз пункттер де жоқ бізде. Қазіргі күні өңірде сібір жарасының алдын алу бойынша іс-қимыл жоспары қабылданып, іске асырылуда. Мал және мал өнімдерін дайындау нысандарында, ішкі сауда орындарында ветеринариялық-санитариялық бақылау күшейтілді. Халыққа сатылатын ет өнімдері арнайы мал сою орындарында ветеринар мамандардың бақылауымен сойылады. Ет, сүт, балық, басқа да мал өнімдері міндетті ветеринариялық-санитариялық зертханалалық сараптамадан өткізіледі.

Сондай-ақ басқа өңірлерден тасымалданып әкелінетін мал және мал өнімдеріне бақылау күшейтілді, олар тиісті ветеринариялық құжаттарынсыз облыс аумағына кіргізілмейді.

Жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу бағытында мал иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мал шаруашылығы нысандарының, мал сою орындары мен ішкі сауда орындарының басшыларымен кездесулер өткізіліп, мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар қойылуда.

— Сібір жарасы, оның қоздырғышы туралы айтып өтсеңіз.

— Сібір жарасы өте кең тараған ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе, сондай-ақ жабайы шөп қоректілер шалдығады. Шошқа сирек, ит пен мысық бацилламен өте көп мөлшерде залалданғанда ғана ауырады. Сақа жануарларға қарағанда, індетке төл жиірек шалдығады.

Бұл ауру мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Індет қойда—топалаң, жылқыда—жамандат, ірі қарада — қараталак, түйеде — ақшелек, қарабез деп аталады. Онымен адам да ауырады. Адамда болатын ауру түйнеме, күйдіргі. Сібір жарасы атауы осы дерттің XIX ғасырда Сібір аймағында он мыңдаған мал мен мыңдаған адамдар қырылған үлкен індетке байланысты берілген.

Қоздырғышы сыртқы ортаға төзімді келетін таяқша тәріздес аэробты микроб. Ол жер қыртысында өсіп-өнеді және спора немесе қорғаныш қабық түзеді. Сібір жарасы бацилласы вегетативті түрде сыртқы ортаның әсеріне онша төзімді емес, ал споралы түрі бұған керісінше, өте төзімді және ұзақ жылдар бойына тіршілік қабілетін сақтайды. Микробтың спорасы сыртқы ортаға әдетте төзімді, қыста аяздан, жазда ыстықтан өлмейді.

Сібір жарасынан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды союға, жарып көруге қатаң тиым салынады. Сойылмаған бітеу өлікте ауру қоздырғышы жаз кездері 1-3 тәулік ішінде кұрып бітеді. Спора әр түрлі химиялық заттар мен физикалык құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін, кайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа шыдайды. Дезинфекциялық ерітінділермен тез зарарсызданады. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді. Ауру қоздырғышы сырткы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш жәндіктер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып, жанадан індет ошағын құрайды.

— Сібір жарасы жыл он екі ай бойы қауіпті санала ма, әлде жаз маусымы оның таралуы үшін қолайлы мезгіл ме?

— Сібір жарасы-маусымды індет. Ол, әсіресе, қуаңшылық жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды. Аурудың қоздырғышы ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және ауру малдың дәреті мен нәжісінде кездеседі. Әсіресе, қоздырғыш малдың өлім алдында бөлінетін серозды сұйықтығында көп болады. Сібір жарасының таяқшасы жайлау топырағына, ашық су қоймаларының суына түседі. Тасқын, ағынды және жер асты сулары оны мал зираттарынан жер бетіне алып шығуы мүмкін. Ескі мал зираттарында споралардың белсенділігі малдарды көмгеннен кейін 30-40 және одан да көп жылдардан кейін байқалады.

Қоздырғыштың таралуына қансорғыш жәндіктер, ет қоректілер мен жыртқыш құстар да себепкер болады. Сібір жарасы малға оларды ауру қоздырғышымен ластанған жайылымдарға жайып баққанда, шөп, су аркылы тарайды. Індет негізінен жаз айларында өршиді. Малдың ауыз, жұткыншақ, кілегей қабықшаларындағы жарақаттар немесе ас қорыту жүйесіндегі ақаулар аурудың тарауына негізгі себеп болады. Малдың жалпы күйі төмендегенде (ашығу, витамин жетіспеуі, дене қызуының көтерілуі т.б.) олар ауруға шалдыққыш келеді. Індеттің ауа аркылы таралуы да мүмкін.

— Ауырған малдың белгісі қандай?

— Аурудың белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Спора жануарлардың ағзасына түсіп, сібір жарасының таяқшасын түзеді, содан кейін көбейіп, қан арқылы тарап, 1-3 күннен кейін ауру тудырады. Бұл ауру жануарларда әдетте ауыр түрде өтеді және көбіне ішектің бұзылысымен басталады. Малдың ішшегі кеуіп, қызуы көтеріледі. Зәрі мен сүтінде қан көрінеді. Ал екінші-үшінші күндері мал өледі.

Қоздырғыш теріге түскен жануардың терісінде қолмен ұстап қарағанда ыстық, тығыз, ауырсыну байқалатын жара және ісік пайда болады. Жараның айналасында ұсақ көпіршіктері бар қара түсті ноқат қалыптасады. Ноқаттан және көпіршіктерден құрамында түйнеменің қоздырғышы бар қан аралас сұйықтық бөлінеді. Аурудың сепсистік формасына қарағанда, терілік формасы жеңіл өтеді және сауығумен аяқталуы мүмкін.

Аса жіті топалаң негізінен қой мен ешкіде, ал жылқы мен сиырда сирегірек байқалады. Ауырған мал кенеттен, аурудың клиникалык белгісі байқалып үлгермей-ак, өліп кетеді. Мұндай жағдайда кой ентігіп, дірілдеп-қалшылдап, кейде орнында секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі. Мұрны мен аузынан қанды көбік ағады. Жылкы мен сиыр еліріп, одан кейін тез басылады. Ентігіп, солығын баса алмай дем алады, тамыры жиі соғып, кілегейлі қабықтары көкшілденіп, дене қызуы 41-42 °С жетеді.Бірнеше минуттан кейін, кейде бірер сағат өткен соң ауырған малдың талықсып, денесі құрыстанып барып жаны шығады.

Аурудың жіті өрбуі кезінде сиыр мен жылқыда дененің кызуы 41°С-қа дейін көтеріліп, тыныс алуы мен тамырдың соғуы жиілеп, бұлшык еттері дірілдейді. Мал жем-шөптен калып, ірі қарада күйіс кайтаруын тоқтатып, сауын сиырлардың сүті кайтады. Жылқының ішегі түйіліп, ірі қараның іші кебеді. Кейде іш қатып, не керісінше кан аралас іш өтіп, несепте қан байқалады. Жануар тез әлсіреп, тынысы тарылып, кілегейлі қабықтары көгеріп, канталай бастайды. Жұтқыншақ маңында, мойнында, әукесінде, қарын астында домбығу пайда болады. Аузы мен тілінің кілегейлі қабығында қанды жалқаяқ байқалады. Ауру белгілері білінгеннен 2-3 күн өткенде мал өледі. Жан тәсілім кезінде мұрны мен аузынан қанды көбік шығады.

Жітіден төмен өрбігінде 6-8 күнге дейін бұл сипатталған белгілері баяулау өрбиді де, оқтын-оқтын байқалмай да кетіп, мал жазылып кеткендей әсер туғызады. Бірақ артынша оның жағдайы қайтадан нашарлап, ақыры өліммен бітеді.

Ауру созылмалы түрде өткенде, көбінесе шошқада аурудың негізгі белгісі—жануардың арықтауы. Тек сойылғаннан соң, ұшаны қарағанда, төменгі жақтың астында қанды жалқаяк, жақ асты және жұтқыншақ бездерінің қабынуы байқалады, топалаңға күдік туады. Бұл аурудың ангина түріне сәйкес келеді, ұзақ өрбіген дерт дененің ыстығы аздап көтерілуі, ангина мен фарингит арқылы білінеді. Жануардың алқымы ісіп, жұтынуы қиындап, тынысы тарылады, жөтел пайда болады. Аурудың үзікті түрі кезінде дененің ыстығы аздап көтеріледі де, әдетте мал жазылып кетеді.

— «Жаман айтпай, жақсы жоқ», деген. Жануарларда сібір жарасы анықталса немесе немесе осы індеттен жануарлар өлімі тіркелген жағдайда қандай шаралар іске қосылады?

— Жануарлардың сібір жарасымен ауыруы немесе сібір жарасына күдікті жануардың өлімі тіркелгені туралы ақпаратты алған кезде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор мен тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық дәрігері ауырған және өлген жануарларға тексеру жүргізеді.
Сібір жарасына күдік туындаған кезде жануарлардың өлексесінен сынамалар алынады және бұлар ветеринариялық зертханаға жіберіледі, сібір жарасы инфекциясының болуына күдікті малдың өлекселерін жою бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Ветеринариялық зертханада материал түскен күні микроскопиялық, үш тәулік ішінде бактериологиялық, 10 тәулік ішінде биологиялық әдістермен материал зерттеледі. Микроскопиялық зерттеулердің алдын ала оң қорытындысын алған кезде ветеринариялық зертхана тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторын хабардар етеді.
Тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тиісті аумақтық орган ведомствосының бөлімшесіне шұғыл хабарлама жібереді және мемлекеттік ветеринар дәрігері мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы орган ведомствосы өкілімен бірлесіп, эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізеді, сібір жарасы қоздырғышын жұқтыруға күдік тудырған сүт, ет, тері өнімдерді өткізуге және шығаруға жол бермейді. Ветеринариялық зертхана түпкілікті оң нәтижені растаған кезде жергілікті атқарушы орган тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша карантин енгізеді. Бұл кезде: малдың барлық түрлерін әкелуге, әкетуге;
жануарлардан алынатын шикізаттар мен өнімдер дайындауға және әкетуге;
ауру жануарлардың сүтін пайдалануға; жануарларды етке союға; өлген жануарлардың өлексесін ашуға және олардың терісін алуға;
қолайсыз аймақтың аумағына бөгде адамдардың кіруіне, оның аумағына объектіге қызмет көрсетуге байланысты емес көліктің кіруіне;
табиғи су қоймаларынан малдарды суаруға; жануарларды және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сатуға, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерді, көрмелерді, аукциондар және адамдар мен малдар жиналатын басқа да қоғамдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық бөлімшелері тиісті аумақтағы ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының бөлімшесімен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, эпизоотиялық ошақты жою бойынша іс-шаралар жоспарын жасайды. Аурудың эпизоотиялық ошағында ветеринария мамандары барлық мал басына ветеринариялық тексеру жүргізеді, міндетті түрде жануарлардың дене қызуы өлшенеді. Сібір жарасын жою бойынша ветеринариялық іс-шараларды арнайы мемлекеттік ветеринариялық ұйым ауырған немесе өлген жануарлар болған аумақты және үй-жайды дезинфекциялай отырып жүргізеді.
Сібір жарасымен ауырған жануарлар болған учаскелерден дақылдар, қатты және жұмсақ жемдер шығарылуға жатпайды, олар сол жерде жойылады немесе оларды ауруға қарсы вакцинациялау жүргізілген малға береді.
Жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізат дайындау, сою, сақтау, қайта өңдеу және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс нысандарында сібір жарасы бойынша қолайсыз жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат анықталған жағдайда нысанда карантин енгізіледі. Мұндағы жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат жойылады. Карантин өлім-жітім болған соңғы жағдай тіркелген және дезинфекция жүргізілген күннен бастап 15 күнтізбелік күн өткен соң алынады.
— Осындай орасан зор шығын мен адам өліміне жол бермеу үшін аурудың алдын алған тиімді екендігі түсінікті. Қарапайым адамдар алдын алу үшін не істей алады немесе одан сақтану жолдары қандай?

— Көптеген аурулар сияқты, адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы— жыл сайын малды ауруға қарсы егу. Егу жұмыстары аудан, қала әкімдіктердің ветеринарлық мекемелері арқылы тегін жүргізіледі. Бүгінде облыстың барлық ауылдарында осы мекемелердің ветеринариялық пункттері жұмыс жасайды және олар жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы егуді, сондай-ақ, ветеринариялық құжаттар беруді іске асырады. Егілген жануарларды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайтыны ескерілуі тиіс.

Мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайда иелері шұғыл арада ветеринар маманға хабарлаулары керек, ауырған немесе ауруға күдікті малды өз бетімен союға тиым салынған. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімдерін пайдалану немесе саудалау—адамдар мен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларға шалдығуына апарып соқтырады. Өлген малдың өлекселерін кез-келген жерге тастауға болмайды, олар жергілікті атқарушы органдар белгілген жерлерге шығарылып, жойылуға жатады. Мал қоралары мен суаттар уақтылы тазаланып, зарарсыздандырылып отыруы тиіс.

Халыққа сатылатын, болмаса, тойлар мен ас садақаларға арнап сойылатын мал арнаулы сою орындарында ветеринар мамандардың бақылауымен сойылуы тиіс. Өсіру үшін жаңадан мал сатып алған немесе басқа жақтан мал әкелген адамдар бұл туралы дереу жергілікті әкімдіктің ветеринар маманына хабарлап, малды кемінде бір апта басқа малдан бөлек, бақылауда ұстаулары керек.

«Ветеринария туралы» ҚР Заңына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың мынадай міндеттері белгіленген:

Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарымен белгiленген жануарлар ауруларының алдын алуды және жануарлардан алынатын өнімдердің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шараларды жүзеге асыруға;
жануарлардың ветеринариялық ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұсталуын, өсiрiлуiн және пайдаланылуын жүзеге асыруға;
аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық-санитариялық ережелер мен нормативтерге сәйкес ұстауға, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге;
жануарларды ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеуге және өткiзуге арналған нысандарды орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезiнде зоогигиеналық және ветеринариялық талаптарды сақтауға;
ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi, яғни, сырғалау, төлқұжаттауды қамтамасыз етуге;
жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына: жаңадан сатып алынған жануарлар, алынған төл, олардың сойылғаны мен өткізілгені;
жануарлар өлген, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстауға;
ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге;

мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға жануарлар мен олардың өнімдерін ветеринариялық тексеру үшiн кедергiсiз беруге;
мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың актілерін орындауға;
союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуге;
кейiннен өткiзуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ет өңдейтiн кәсiпорындарда, сою пункттерiнде немесе сою алаңдарында союды жүзеге асыруға;
ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетуге;
жануарларды карантиндеуді жүргізуге міндетті.

Ветеринария саласындағы заңнамалармен белгіленген жоғарыдағы міндеттерді орындамау заң талаптарын бұзу ретінде қарастырылады және әкімшілік, кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке соқтыруы мүмкін.

Тұтынушыларға айтарымыз ет, сүт, балық, басқа да мал өнімдерін арнайы сауда нүктелерінен сатып алған жөн және сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін айғақтайтын ветеринариялық анықтаманы көрсетуді талап ету керек. Белгіленбеген жерде немесе сауда орындарында ветеринариялық құжаттарынсыз сатылып жатқан мал өнімдері туралы жергілікті әкімдіктерге немесе санитариялық-эпидемиололгиялық бақылау органдарына дереу хабарлау қажет.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА