Қазақстан Республикасы судьяларының  VI съезінде Елбасымыз дауларды шешудің баламалы тәсілдерін бітімгершілік процедурасы азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтірудегі мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өткен болатын. Қазіргі кезде АҚШ-та, Англияда және Европаның басқа да мемлекеттерінде сот медиациясы кеңінен қолданылып келеді. Біздің елімізде сот медиациясының дамуына көп мүмкіндік берілген, оның жақсы жақтары: рәсім тегін және жасырын түрде өткізіледі, сондай-ақ, тараптардың татуласуына қолайлы жағдай туғызады.

Медиацияның артықшылығына келетін болсақ: медиация тәртібімен аяқталған іс бойынша талап қоюшыға талап арызды сотқа өткізгенде төленген мемлекеттік баж салығы толығымен қайтарылады, Кейбір мүліктік даулар бойынша мемлекеттік баж салығы елеулі мөлшерде төленетінін ескерсек, бұл талап қоюшы үшін өте тиімді болмақ. Алайда, азаматтық іс жүргізуде татуластыру  рәсімдерін қолданудағы сот тәжірибесінде жасалған талдау көрсеткендей, көп жағдайда тараптар істі сот қарауына дайындау кезінде және істі тікелей қарау барысында қысқа мерзімде бейбіт жолмен дауды шешуге әркез дайын бола бермейді.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, азаматтық процеске түскен тараптардың эмоциялық шиеленісі жоғары деңгейде болады, әр тарап өзінің әрекетін «менікі дұрыс» деп санап, оны бітімгершілікпен шешуді қаламайды. Біздің ойымызша, мұндай жағдайдың пайда болуы азаматтардың құқықтық сауаттылығына, мәдениеттілігіне және адами қасиетіне байланысты. Ал, бітімгершілік келісімдер көбеюі үшін біз тараптарға медиацияның тиімділігін жан-жақты түсіндіруіміз керек. Тараптардың сотқа жүгіне отырып даудың нәтижесіне көзі жеткен соң ғана татуласу рәсімін жасауға келісім беруі осыны көрсетеді.

Қазақстанда медиация рәсімін қолдану жұмысын жандандырудың бір тәсілі ретінде кейбір санатты істер бойынша тараптарға дауды сотқа дейін медиация тәртібінен шешу сатысынан өтуді міндеттеу керек. Мысалы, бұл тәсілді отбасылық даулар, балалардың тұратын мекенжайын анықтау балалармен сөйлесу уақытын бекіту, тұтынушылардың құқығын қорғау, коммуналдық төлемдерді өндіру, жеке тұлғалардың арасында қарыз сомасын өндіру еңбек даулары, мұрагерлікке байланысты даулар бойынша қолдануға юолады.  Өйткені, сот тәжірибесінде осы аталған даулар бойынша медиация көбірек қолданылады. Егер дауды сотқа дейін медиация тәртібімен шешу мүмкін болмаса, онда талап қоюшы сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы болуы  керек деп санаймыз.  

Аийда АТАШЕВА,
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы