Өткен айда болған қайғылы оқиға тек жаңаөзендіктердің ғана емес, бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырғаны белгілі. Ел болып бірігіп, халық басына түскен қайғының қамын бірге көтеріп жүрген ерлер де аз емес. Елдің елдігі сыналатын осындай заманда азаматтық танытып, асарлататын ағайын да жоқ емес. Жаңаөзен орталық ауруханасына ұлттық теміржол компаниясы қажетті дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтарды сыйға тартты.

— «ҚТЖ» ҰК» АҚ атынан 5 миллионнан аса қаражат жұмсалып, зардап шеккен жандарға қажетті дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтарды Жаңаөзен орталық ауруханасына табыстағалы отырмыз, — деді Маңғыстау темір жол бөлімшесінің бірінші директоры Нажимеден Губашов.

Ауруханаға жеткізілген дәрі-дәрмекті қабылдау барысында қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев, Жаңаөзен орталық ауруханасының басшысы Мұрат Сариев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов компанияға алғысын білдірді.

— 25 қараша күні жол апаты кезінде ауруханаға түскен науқастар шығарылды. Екі науқас әлі де облыстық аурухана мен балалар ауруханасында емделіп жатыр. Науқастарға реабилитациялық, психологиялық көмек көрсетіле бермек. Науқастар ауруханаға түскенде дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтардың барлығы аурухана қорынан алынған еді, — деді Жаңаөзен орталық ауруханасы басшысының орынбасары Раушан Жапарова.

Жүкқұжат бойынша қабылданған дәрі-дәрмектің басым бөлігі Жаңаөзен орталық ауруханасының реанимация бөліміне берілмек.

Тағыда оқыңыздар: Facebook адамдардың түр-келбетін анықтайтын жаңа функцияны іске қосады