Жаңаөзен пошта

Өткен бейсенбі күні Жаңаөзен қалалық пошта байланыс торабында жылдағы үрдіс бойынша «Жазылушы күні» атап өтілді. Оған келесі жыл үшін газет-журналдарға алғашқы болып жазылған белсенді оқырмандар мен жазылымды ұйымдастырушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңаөзен поштаШағын ғана жиында осы байланыс торабының басшысы Нұржұма Ғұмарова ең бірінші газет-журналға жазылған Теңге ауылындағы АТП-да тұратын Рахила Бисекешоваға, сондай-ақ ардагерлер Асылбек Айдаров пен Батырғали Құбашевқа және №18 орта мектептің кітапханашысы Сағира Мыңбаеваға, ККС мекемесінің ұйымдастырушысы Нұршат Ағысоваларға рахметін айтып, «Алғыс хатын» беріп, «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, азды-көпті сый-сияпатын ұсынып, өзінің шын ниетін білдірді.

– Қазіргі кезде, сөздің шынын айту керек, ақпараттық жаңа технологиялар жетіліскен сайын газет-журналдарға жазылу деңгейі жылдан-жылға төмендеп барады. Әрине, ол таралымға да кері әсерін тигізіп жатыр, – дейді Нұржұма Бопышқызы. – Мысалы, жаңаөзендіктер 2015 жылы 45 атамадағы газет-журналдарға жазылса, одан кейін 30-ға түсті. Өткен жылғы жазылымда 26-ның төңірегеніде қалды. Сонда да ауыл, қала тұрғындарының көңілінен шығуға тырысып бағудамыз. Бүгінгі таңда біздің қалалық байланыс торабымызда 64 адам еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 21 пошташы тікелей газет-журналдарды таратумен шұғылданады. 23 операторымыз бар. 13 бөлімшеміздің бесеуі ауылдық елдімекендерде орналасқан. Олар – Қарағия ауданының Құланды, Сенек, Бостан ауылдарында, өзіміздегі Теңге, Қызылсай ауылдарымен қалғандары қалада орналасқан. Орталық операциялық учаскеміз — қазірше осы ғимараттың бірінші қабатында. Олай дейтін себебіміз, біздің «Шұғыла» шағынауданындағы бұрынғы ғимаратымызға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталса, біз жылдың аяғына дейін ескі қонысымызға қайта көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл жерде ППС-4 қалады. Сосын осында да төрт кассамыз жұмыс жасайтын болады. Себебі, біз заманның талабына, нарықтық экономиканың ағымына қарай халыққа пошта байланысы қызметімен бірге екінші деңгейлі банктердің ішінара қызметтерін қоса атқарудамыз. Кезкелген коммуналдық төлемақылар «Қазпоштаның» барлық бөлімшелерінде қабылданады. Авиа, шойын жол билеттерін сатамыз, әртүрлі төленетін салықтарды қабылдаймыз. Қазақстаннан басқа елдерге ақша аударылымдарын жасаймыз.

Иә, жазылым жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ өкінішке орай, өте баяу. Әрине, жаңағы Нұржұма Бопышқызы айтқан себептер де бар. Жалпы бүгінгі баспасөзге оқырмандардың қызығушылығы өте төмен. Себебі, соңғы жылдары сананы тұрмыс билеп бара жатқанын жасырудың қажеті жоқ.

Әрине, айта берсек әртүрлі сылтау мен желеулерді тізбелей беруге болады. Ең біріші қолбайлау болатыны — жалақының жеткіліксіздігі. Оны да түсінеміз. Бірақ рухани жағымыздан мешеу қалуға болмайды. Себебі мынау айналаны шарпыған жаһанданудың жұтқаншағына өзіміз барып түспеуіміз қажет. Ол үшін өзіміз де, жастарымыз да, саналы, сауатты, барынша бәсекеге қабілетті болуымыз шарт. Сондықтан көштен кейін қалмайық, қымбатты оқырмандар!

Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы