Маңғыстау облысы  әкімі Ералы Лұқпанұлы  Дүниежүзілік Банкінің Қазақстандағы өкілділігінің басшысы және Швейцария конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесіп, ортақ жоба жай-күйімен танысып, өзара пікір алмасты.

«2015 жылы «Қазақстан энергия тиімділігін арттыру» жобасы аясында ҚР Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында грант туралы келісімге қол  қойылды. Дүниежүзілік банк әкімшілік жасайтын Сенімгерлік қор арқылы беріледі. Жобаның атқарушы агенттігі  болып «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу Институты» АҚ бекітілді. Биылдан бастап бұл жоба Маңғыстау облысында жүзеге асырыла бастады. Осы жылдың наурыз-мамыр айларында жобаның  1-кезеңі Ақтау қаласындағы №31 «Еркемай» балабақшасы, № 53 және №54 «Айналайын»  балабақшасында жүзеге асырылды. Аталған жоба аясында балабақша ғимаратының қуат көзін жарату көлемі қырық пайызға азайып, қаражат үнемделді. Оң жоба тиімділігі ескеріле отырып, өзге де білім беру ғимараттарын жаңа технологиямен жарақтандыру көзделген»,-дейді облыс әкімі.

Швейцария конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі  Урс Шмид энергия көзін үнемдеу екі ел дамуының басты  векторы екендігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта қуат қорын үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану бағытында бірлескен жобалардың жалғасын табарына сенім білдірді. Дүниежүзілік Банкінің Қазақстандағы өкілділігінің басшысы Ато Браун Маңғыстау түбегінің табиғи ерекшеліктері мен мол мүмкіндіктері жайында ой өрбітті. Кездесу соңында шетелдік қонақтарға қазақы қонақжыйлылық көрсетіліп, иықтарына шапан ілді.

Жоба жетекшілері 13-шағынауданда орын тепкен № 53 балабақшаға бас сұқты. Ғимарат жары қызылды-жасылды өрнек, бейнелермен көмкерілген, ойын құралдары, оқу жабдықтары, демалыс орындары таза, жайлы әрі жарық. Халықаралық қаржы институты қолдауымен ғимарат шамдары жарық диодты шыраққа алмастырылып, терезе жақтаулары жылу сақтағыш пластмассаларға ауыстырылған. Бүгінде балабақша ғимараты елу пайызға жуық қуат көзін үнемдеп отыр.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ