науқас

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 28 жастағы қала тұрғыны жұқпалы-токсикалық шоктан дүние салды. Бұл туралы «Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК басшысы Қайрат Диналиев хабарлады.

24 шілде күніт сағатт 11:30 шамасында жедел жәрдем бригадасымен науқас ауруханаға жеткізілді.

-Бізге әкелген кезде науқастың жағдайы өте ауыр болды. Бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Жансақтау бөліміндегі ем-домға қарамастан,  26 шілде сағат түнгі 2 шамасында ол жұқпалы-токсикалық шоктан және жүрек қызметінің жедел жетіспеушілігінен қайтыс болды, — дейді Қайрат Диналиев.

Ауруханаға әкелінген сәтте келіншек достарымен бірге теңіз жағасына қыдыруға барғанын айтқан.  Сонда өздерімен бірге дүкеннен сатып алған қияр, қызанақ, қақталған балық, бәліштерді тұтынған. Дүйсенбі күні таңғы 5-те іші ауырып, құсып, бас айналып, әлсірей бастайды. Арада алты сағат өткен соң туыстары жедел жәрдем шақырады.

Қайрат Диналиевтің айтуынша, мұндай диагноз 10-15 жылда бір кездеседі екен.

Қайтыс болған тұрғынның қолданған азық-түлік өнімдері тексеруге жіберілді.