Кеше облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиынында облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментің, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметке мониторинг бөлімінің есебі тыңдалды. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.

Маңғыстауда инвестиция тарту жұмыстарын жетілдіру керек

 

Жиында алдымен аймақ басшысы Ералы Тоғжанов облыстық әділет басқармасының басшысы Бақтыгүл Атағазиеваны ҚР Әділет министрлігі тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған Құрманбек Жұмағалиды таныстырды.

Аппарат мәжілісінде Ералы Тоғжанов облыстық индустриалды- инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев ағымдағы жылдың 5 айында жасалған жұмыстардың есебін берді.

Маңғыстауда инвестиция тарту жұмыстарын жетілдіру керек

–Индустриалдық даму саясаты, өнеркәсіп секторын және халықаралық қатынастарды дамыту бағытында жұмыс жасайтын басқармаға 336 млн.теңге қаражат бөлінді. Статистика департаментінің деректеріне сәйкес негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткіші 2017 жылдың 5 айы қорытындысы бойынша 190 млрд. теңгені құрап, 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда нақты көлем индексі 120,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз 3- орында. Жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 117,3%-ды құрап, елімізде 2- орыннан көрінді. Қалалар мен аудандарға тоқталсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар 2017 жылдың 5 айы бойынша Ақтау қаласы – 14,3%, Жаңаөзен қаласы –7,0%, Қарақия ауданы – 52,4%, Түпқараған ауданы – 8,6%, Маңғыстау ауданы –7,5%, Бейнеу ауданы – 6,0% және Мұнайлы ауданы –4,2 %- ды құрап отыр, – деді Нұрбек Қарасаев.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің төмендеу себептерін сұрады. Алғашқы сауалға жауап берген Нұрбек Қарасайұлы өндірістік компаниялардың салымдарының төмендеуімен байланыстырды. Аймақ басшысы инвестициялық саясаттың жүйелі жүргізілмей отырғанын жеткізді.
–Мен осы уақытқа дейін 27 рет шетелдіктермен инвестициялық бағытта кездесу өткіздім. Бұл инвесторлар басқарманың шақыруымен келген жоқ. Шет мемлекеттердің интернет сайтында жобалар туралы, инвестициялық әлеуетіміз туралы ағылшын тілінде ақпараттар жарияламағансыздар. Дағдарыс кезінде неге инвестиция тартуға жұмыстанбайсыздар? Инвестиция тарту үшін алдымен оларға жағдай жасалуы тиіс. Мұнай шығару көлемі мен құрылыс саласының көрсеткіштері де төмендеп кетті. Қала, аудан әкімдері жергілікті жерлерінде жобаларды, дамыту бағдарламасын жасақтауы қажет, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы кәсіпкерлік, сауда басқармасы мен облыстық индустриалды- инновациялық даму басқармасының жұмыстарын саралауды, нақты қандай қызметпен айналысып отырғанын анықтауды, қажет болса екі басқарманы қосуды қаперге салды. Бұл іске осы аптаның аяғына дейін талдау жасау облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Тасеменұлына тапсырылды.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлікті қолдау картасы жасақталатынын хабарлады. Жиында өңірде жүзеге асатын жобалар да талқыланды. Мәселен, облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Каспий су тұщыту зауытын жаңғыртудың 4-кезеңін инвесторлардың қаржысымен жүзеге асыруды ұсынды. Басқа да жобалардың жай- жапсары талқыланып, облыстық басқарма басшылары оларды жүзеге асыру барысында жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Индустриалды-инновациялық даму басқармасының жұмысындағы кемшіліктер мен олқылықтардың орнын толтыруды тапсырған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы облыстағы барлық құрылымдардың қызметін қайта қарауды, аудан, ауыл әкімдеріне жаңа жобаларды жүзеге асыруды жүктеді.

Аппарат мәжілісінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Ербол Байжігіт ағымдағы жылдың алғашқы 5 айындағы атқарылған жұмыстардың есебін қорытты. Облыс әкімі халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына оң баға беріп, басқа мемлекеттік мекемелерге үлгі етті. Жиында баяндама жасаған облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметке мониторинг бөлімінің жетекшісі Тоғжан Манкешова өткен жылы және ағымдағы жылы еңсерілген істерге екпін берді. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы мемлекеттік қызметті уақытылы әрі сапалы, тәртіпке сай жүргізілуі қажеттігін ескертті.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ