Бүгін «Атласглобал» әуе компаниясы Ақтау халықаралық әуежайынан Ақтау– Ыстамбұл бағытындағы тұрақты рейс ашты. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, «Атласглобал» компаниясының өкілі Ахмет кан Акбуга, Түркия Республикасының бас консулы Корхан Кюнгерю, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Селжүк Киледжі, әуежай қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтаудан Ыстамбұлға  тұрақты рейс ашылды

Аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері «Атласглобал» компаниясы арқылы қатынайтын жолаушылар ұшағы бүгін таңертең алғашқы рейсін жасады.

– Құрметті қонақтар! Ақтау– Ыстамбұл бағытындағы тұрақты рейстің ашылуымен құттықтаймын! Осы рейс арқылы Маңғыстаудың транзиттік әлеуеті артып, көліктік хабқа айналуына оң әсерін тигізіп, әуе жолы арқылы байланыс нығаятынына сенімдімін. Сондай-ақ осы рейс арқылы 700 адам қызмет ететін әуежайдың қаржылық жағдайы артады. Бүгінгі айтулы оқиға өңірімізде туризмді дамытуға да септігін тигізеді. Барлық жолаушыларға әрқашан да қауіпсіз әрі сәтті сапар болады деген сенімдемін. Барлықтарыңызды бүгінгі қуанышпен құттықтай отырып, халықаралық әуежай ұжымының еңбегіне табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов.

Құттықтау сөз сөйлеген Түркия Республикасының Маңғыстаудағы бас консулы Корхан Кюнгерю осы қызметіне тағайындалған күннен бастап аталмыш әуе рейсінің ашылуына жұмыстанғанын, жағрафиялық жағынан жақын орналасқан Ыстамбұл мен Маңғыстауды байланыстыратын әуе жолының қатынасы екі тарапқа да тиімді екенін айтып өтті.

– Ақтау – Ыстамбұл бағытындағы әуе рейсінің ашылуына қолдау көрсеткен Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының әкімдігіне алғысымды айтамын.Бұл байланыс әуе билеттерінің бағасын қалыпты ұстауға, әуежайымыздағы жұмыс сапасын жақсартуға зор үлес қосады. Маңғыстау өңірінің халқы ғана емес, өзге көрші өңірлердегі тұрғындар жолаушылардың санын арттырып, жүк тасымалын да жиілететініне сенім мол. Алдағы уақытта «Атласглобал», «Скат» және тағы да басқа әуе компанияларына жайлы қызмет көрсетуді жалғастырамыз. Баршаңызды бүгінгі айтулы қуанышпен құттықтаймын!, – деді «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Селжүк Киледжі.

«Атласглобал» компаниясының өкілі Ахмет кан Акбуганың айтуынша, екі бағытқа ұшып-келу билетінің бағасы 60- 65 мың теңге шамасында болады. Аталмыш әуе компаниясы жолаушылардың барлық талап-тілегін орындап, сенім үдесінен шығатынына сенімділік білдірді.

Салтанатты шара барысында «Атласглобал» компаниясының өкілі Ахмет кан Акбуга облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлына ұшақтың макетін сыйға тартты.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

0975

Ақтаудан Ыстамбұлға  тұрақты рейс ашылды

Ақтаудан Ыстамбұлға  тұрақты рейс ашылды

Ақтаудан Ыстамбұлға  тұрақты рейс ашылды