Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңі Ақтау қаласында өтуде. Еліміздің сан түкпірінен киелі түбекке табан тіреген үздіктер Ұлыстың Ұлы күніне тұспа-тұс құт-береке ала келді. Маңғаз Маңғыстау жасампаз жаңару жаршысы, жаңа бастамалар қолдаушысы ретінде мәлім. Мәселен, өңірде 2009 жылы республикалық оқушылар олимпиадасы, ал 2013 жылы «Атажұрт» халықаралық қазақ тілі олимпиадасы өткен еді. Ал биылғы байрақты бәсекеде  зерек те зерделі талапкерлер қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, француз, неміс, ағылшын тілі, қазақстан тарихы, құқық негіздері пәндері бар. Олимпиадаға Астана, Алматы қалалары, барша облыстар мен республикалық мамандандырылған білім ордалары, Назарбаев зияткерлік мектептерінен 586 шәкірт қатысады. Ал Маңғыстау өңірінен жүзден жүйрік 41 оқушы білім бәйгесінде біліктілігін сарапқа салады.

0812

Киелі өңірде республикалық Олимпиаданың ашылу салтанаты Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театр шаңырағында  өтті. Салтанатты іс-шара шымылдығын өңір басшысы түріп, дүбірлі додаларда топ жарған үздік шәкірттерді шын жүректен құттықтады.

«Ағартушы, руханият  абызы, қасиетті Пір Бекет, Қашаған мен Әбіштей даналарды сыйлаған, бір кездері Ұлы Жібек жолында ел мен елді елдестіріп, татулық пен бірлікке бастау болған киелі Маңғыстау жеріне қош келдіңіздер!  Елбасымыз «терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың  алдаспаны» дейді. «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында «мақсатқа жету үшін біз дамыған бәсекеге қабілетті, жоғары білімді ел болуымыз қажет. Атап айтқанда, қолжетімді және сапалы білім беруді, инттелектуалды мектептер мен дүниежүзілік деңгейдегі кәсіби-техникалық колледждердің дамуына көп көңіл бөлуіміз керек. Осының барлығы біздің жастарымызға жоғары білімді, бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді» деп нақты айтылған. Міне бұл Олимпиада соның үлкен бір айғағы. Олимпиада терең білім мен ерек ойлау қабілетіңізді танытуға мол мүмкіндік береді. Осы орайда, Маңғыстау облысы шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталып өтсем. Мәселен, Ақтау қаласындағы «Білім-Инновация лицейі» еліміздегі үздік математикалық мектептер қатарына қосылды. Аталмыш лицей шәкірттері Прага қаласында өткен ағылшын тілі пәнінен халықаралық олимпиадада 2 алтын, 4 қола жүлдеге қол жеткізіп, командалық  есепте 2-орынды иеленді.  Ал Жаңаөзен лицейі оқушылары Республикалық роботехника конкурсында 2 күміс, 2 қола жүлдені қанжығасына байлады. Павлодар қаласында  жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткізілген Олимпиадада Маңғыстау өңірі команандалық есеппен 2-орыннан көрінді. Бұл жолы да өңірдің үздік шәкірттері облысымыздың мерей-мәртебесін биікке көтеретініне сенеміз. Терең білім мен жеңіске деген сеніміңіз зор болсын!» — деді өңір басшысы.

Олимпиадаға қатысушы оқушылар мен олардың жетекшілері «Білім-Инновация» лицейі мен облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жатақханаларында орналастырылады. Сонымен қатар, үздік шәкірттер қатысуымен мәдени-танымдық, спорттық және көңілді іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Табанды, талантты жастар білімі мен білігін саралайтын әділ қазылар алқасы құрамында ЖОО-ның танымал профессорлары, Қазақ Ұлттық академиясының академиктері,  тәжірибелі ұстаздар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері бар.

0776

«Ең алдымен мектепішілік олимпидаға республика бойынша 480 мыңнан астам оқушы қатысты. Аудандық кезеңде 142 мыңнан астам шәкірт бақ сынасты. Ал еліміздің сан түкпірінде облыстық олимпиадаға 12 мың оқушы жолдама алған еді. Ал бір апта бұрын Павлодар қаласында өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада 763 бала білімін сарапқа салды. Енді Маңғыстау облысында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 586 оқушы бәсекеге түседі. Әрине, кең ауқымды, мән-маңызы зор олимпиаданы ұйымдастыру әрі жоғары деңгейде өткізу оңайға соқпасы анық. Бұл орайда, Маңғыстау облысы әкімдігіне, өңірлік білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және мәдениет басқармаларына алғысымыз зор. Олимпиадаға қатысушы шәкірттер табанды еңбегі, терең білімі, зор ізденімпаздығымен  өзгелерден ерекшеленеді. Олимпиада жүлдегерлері еліміздің жарқын болашағының іргетасы іспеттті. Олар тек ауданның, өңірдің ғана емес бүкіл республика мақтаныштары. Қазіргі таңда еліміздің құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша әлемде 12-орынға аяқ тіреп тұр. Бұл әрине зор жетістік. Бұл тек қана дарынды шәкірттердің ғана емес, ұлағатты ұстаздардың еңбегінің жңісі деп білеміз. Республикалық олимпиада жеңімпаздары алдағы уақытта білім грантын жеңіп алуда басым мүмкіндіктерге ие болады»,-деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «Дарын» республикалық ғылыми-парктикалық орталығының директоры Шолпан Кирабаева.

Салтанатты шара мерекелік ән шашуға жалғасты. Өңірдің беткеұстар өнерпаздары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, көл-көсір қуаныш сыйлап, әуезді ән-жырмен тербеп, әсерлі күйге бөледі. Жоламан Көшкінов, Асқар мен Асанәлі Көшеровтар талантымен тәнті етті. Ал халықаралық әрі республикалық сайыстар жүлдегері «Жорға» би ансамбілі толқындай жүз ырғалып, жібектей мың  бұралып, би өнерінің  үздік үлгісін көрсетті.  Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтар өнерпаздарды толассыз қошеметке бөледі.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

0830

039

0757

098