Сенбі күні аймақ басшысы Ералы Тоғжанов «Ақбота» саябағын абаттандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Одан бөлек, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген ұстаныммен саябаққа жас шыбықтарды отырғызу шарасына қатысты.

Айта кету керек, «Ақбота» саябағы 2003 жылы сот шешімімен қалалық әкімдікке қайтарылды. Саябақты қалпына келтіріп, халық демалатын көрікті орынға айналдырып, абаттандыру үшін облыс қазынасынан 190 млн. теңге бөлінді. Бүгінде оның 140 миллионы игерілген.

        3

— Наурыз айының аяғына дейін саябаққа 400 ағаш отырғызылып, көгалдандырылу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі сенбілікті пайдаланып, саябақтың кіреберісіне 80 талды егеміз. Саябаққа көлік қоятын автортұрақ пен орындықтар салынды. Алдағы уақытта саябақта балалар аттракциондарын, этно ауыл есебінде шағын дәмхана ашу жоспарланып отыр. Саябақ инфрақұрылымын одан әрі дамытуға инвесторларды тарту мәселесі де қаралуда. Бұл іске алматылық кәсіпкерлер ынта білдіріп отырғанын айта кеткім келеді. Бұл аумақтағы жер сатылымға шығарылмайды, тек жалға ғана беріледі. Саябақты жарықтандыру жұмыстары жақын арада аяқталады, веложол да салынады. Аумақты күтіп, ұстау «Қала жолдары» мекемесіне тапсырылады,-деді саябақты көркейту бағытында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырған Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов.

Өз кезегінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты тұлғаларға бұл іске инвесторларды тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізуге тапсырма берді. Бір жұманың ішінде саябақтың сызбасын қайта жасақтап, таныстыруды тапсырды. Қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлу мәселесі де қарастырылатынын жеткізді.

    4

Жалпы сенбі күні қала аумағында жаппай сенбілік өтіп, қоқыстарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Оған 30 арнайы техника мен 1000-ға жуық адам жұмылдырылды. Қалалық сенбілік жұмыстары аясында «Ақбота саябағында», жаңадан салынған жолдың жиектерінде және кейбір шағынаудандарда 15 мың тал, 20 мың көшет, 4 мың дана раушан гүл отырғызылмақ.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

5

6

7

8

10

11

14

2-2