Мұнайлы ауданының өнерлі жастары биліктің де, біздің де назарымыздан тыс қалған емес. Солардың бір сыпырасы аудандық «Өнер» мектебінде тәлім-тәрбие алуда. Аталмыш «Өнер» мектебінде  ұлттық  аспаптарды жанына серік еткен өнерлі өрендер көп. Олар өздері оқып жүрген өнер ордасын, тіптен ауданның атын бүкіл қазақ паш етіп жүр. Соның бірі де бірегейі – домбырашы Берік Сатов.

Өнерге алғаш 8 жасынды қадам басқан Берік қазір «Өнер» мектебінің халық аспаптар бөлімінің 5 сыныбында оқиды. Домбыраға деген қызығушылығы мен еңбекқорлығының арқасында бүгінде бірнеше додаға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

Беріктің ұстазы Жеңісбай Тәуірбаев жас домбырашының бойындағы өзіне деген сенімділігін, дарынын байқап жастайынан  бірнеше байқауларға қатыстырып, өнерін шыңдай түседі. Осындай табанды еңбек пен талантының арқасында 2012 жылы Республикалық «Айгөлек» байқауынан 1 орынды, 2013 жылы Ақтау қаласында өткен «Жас музыкант» байқауынан 2 орынды иеленеді. Арада біраз уақыт салып 2015 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Ақ көгершін» байқауына қатысып, Гран-при иегері атанса, Алматы қаласында өткен Халықаралық «Күншуақ» фестивалінен жүлделі 1 орынды қоржынына байлады. Өткен жылдың желтоқсан айында жемісті еңбектері мен жүлделі орындар алғаны үшін Бурабай лагеріне бір айлық демалысқа жолдама алып, демалып келген жас өрен биыл «Өнер» мектебін бітіріп, домбырашы мамандығын алады. Ұздаздары Беріктің әлі де талай биіктерден көрінеріне сенеді.

Гүлнара ТАСБОЛАТОВА