Облысымызға іссапармен ҚР ұлттық экономика министрлігі аймақтық саясат, анализ және өңірлерді бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов келді. Министрлік өкілі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, 66/56 әскери бөлімі және Ақтау теңіз сауда порты солтүстік терминалының қызметімен танысып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндірді.

Жайық Шарабасов облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті. Басқосуда ресми өкіл Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауын түсіндіріп, осы салаға қатысты міндеттер мен мақсаттарға тоқталды.

Жаңашыл жолдауда екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Елбасы «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі  2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ, оған қол жеткізуге болады» деген болатын.

Бүгін де үкімет пен халықтың алдында әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейіне көтерілу міндеті тұр. Жолдауда ол мұратқа қалай жетудің жолдары мен іс-шаралары нақты көрсетілген. Елбасы 5 бағытты белгіледі. Қазір іс-шаралардың стратегиялық жоспары жасалуда,-дейді ҚР ұлттық экономика министрлігі аймақтық саясат, анализ және өңірлерді бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов.

ШарабасовРесми өкілдің айтуынша, әрбір қала-аудан әкімдері осы жылдың 1 шілдесіне дейін бизнесті енгізуді жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын бекітуі тиіс. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында баспана сатып алушылар мен тұрғын үй құрылысын салушыларға жеңілдікпен несие берілетін болады. Аймақтарда үйдің әр шаршы метрінің бағасы 140 мың теңге болса, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін 180 мың теңге болмақ.

Бұдан басқа биыл жаппай кәсіпкерлікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа бағдарлама жүзеге асырылуда. Бизнесмендер 16 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алады. Несиенің 80 пайызына мемлекет кепілдік беретін болады. Бұл қаражат – кәсіпкерлерге өз ісін бастау және дамыту үшін жеткілікті саналады,-дейді Жайық Серікқалиұлы.

Жолдауды сапалы түрде жүзеге асыру – әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Ал, оны сапалы ету тек үкіметке ғана емес, әрбір тұрғынға байланысты болмақ. Кездесу барысында жиналғандар тек тыңдамай, ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейтесті сауалдарын қойды. «Венера» шаруа қожалығының басшысы Алмат Тынымбеков өз шаурашылығында электр тоғының әлсіздігінен көптен ісі алға баспай жүргенін айтты. Ал, «Жаңбыршы» шаруа қожалығының төрағасы Төлеген Жалмұратов басшысы монополист мекемелердің қызметіне шағымданды. «МРЭК» АҚ-ы жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға тарифті бірдей көлемде төлем жасатып отыр.

Маңғыстаудағы бизнестің дамуы туралы маған қазір сөз айту қиындау. Жалпылама алғанда бірқатар проблемалардың бар екендігі анық. Жолдау аясында бизнесті жақсартудың нақты іс-шаралары көрсетілген. Бизнесті қажетсіз кедергілерден арылтып, әуре-сарсаңды жойып қана қоймай, қосымша қаражат бөлінеді. Бүгін маңғыстаулық кәсіпкерлердің ой-пікірлерін естіп, проблемаларын тыңдадым. Дегенмен, жаңашыл жобалар да бар екен,-деді Жайық Шарабасов.

ҚР ұлттық экономика министрлігі өкілінің Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулері облыс орталығындағы 66/56 әскери бөлімі және Ақтау халықаралық теңіз сауда порты солтүстік терминалы кәсіпорнында жалғасты. Жайық Серікқалиұлы мемлекеттік маңызы бар құжаттың аясындағы іс шаралар жоспарымен таныстырып, маңғыстаулықтардың түрлі сұрақтарына жауап берді.

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ