«Жаңаөзенге — жаңа серпін» бағдарламасы аясында құрылған жұмыс тобы жаңаөзендіктерге кәсіпкерлік бағытта барынша кең түсінік беруде.
Өткен аптаның басында ғана жұмысын бастаған орталық 220-дан аса тұрғынды қабылдаған. Апталық жұмыс қорытындысын мобильді топ жетекшісінің орынбасары, «Бизнес жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша кеңесші Мұхтар Мырзахметов айтып берді.

— «Бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған сервистік орталық жергілікті тұрғындарға консультациялық қызмет көрсетеді. Мұнда «Атамекен» ҰКП-мен құрылған жұмыс тобының 15 кеңесші- сарапшысы, сондай-ақ Даму, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары бар. Бұл жұмыстар тұрғындарға барлық мемлекеттік органдардың және даму институттарының қызметтерін қолжетімді ету мақсатында жасалып отыр, — дейді М.Мырзахметов.

Алғашқы жұмыс аптасында қаржылық, шағын және орта бизнеске қатысты заңнамалық және нормативтік қағидалар, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары жасалған. 15 шақты жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 77 жеке кәсіпкер, 21 шаруа қожалығы, 85 кәсіпке ұмтылушылар орталыққа келіп, кеңес алған. Ішкіқұрылымды жасақтау, қажетті қондырғыларды сатып алу, жуғыш заттарды, дәретхана қағазын шығару, қойма құрылысы, жылыжай шаруашылығы, репетиторлық орталық бөлмесі, ішкі жұмыстары мен жиһаз сатып алу сұрақтары бойынша бизнес- жоспар құруға 27 сұраным келіп түскен. Несие алу мәселесімен «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мамандарына 24 адам жолығып, 19 адамның арызы қабылданған. Ал, 5 кәсіпкер «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығымен несие алуға, оның үшеуі мал шаруашылығы, екеуі сауда саласына өтініш тастаған.

— Бізге келушілердің көпшілігі қандай кәсіппен айналысқан дұрыс, кәсіпті қалай ашуға болады, қарыз қаражаты, несие алу, грант, кәсіпкерлік нысанды жалға алу, коммерциялық мақсатта жер телімін алу секілді сұрақтар қоюда. Жалпы, адамдар жеке идеясымен, нақты мақсатын белгілеп келетін болса, негізгі жасалатын жұмыстар да нақты түсіндіріледі. Бірақ, не кәсіп ашатынын білмейтін адамдарға да қолымыздан келгенше көмек көрсетудеміз, — дейді М.Мырзахметов.

Жоба аясында жұмыспен қамту жөнінде кәсіптік-техникалық оқыту, қайта даярлау мәселелері қарастырылған. Бүгінгі таңда, «Bastau» оқыту бағдарламасына 56 адам тіркелген. Сабақ 2 топқа бөлініп жүргізілмек. Сонымен бірге, Агробіліктілік орталығымен 24 қазан және 9 қараша аралығында ауылшаруашылығы өнімдерін шығарушылармен 5 семинар өткізу жоспарланған. Кәсіпкерлік бойынша барлық сауалдарды мамандардың кеңесіне жүгініп шешуге болады. Жаңа нәрсені үйрену, өз кәсібін бастау, пайда табу ынтасы мен тілегі бар адамдарға барлық қызметтер көрсетіледі. Консультациялық орталық Жаңаөзен қалалық әкімдігі жанындағы Неке сарайы ғимаратында орналасқан.

Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ