Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысының орынбасары Бану Нұрғазиева және өңірге арнайы іс-сапармен келген «СК Фармация» ЖШС басқарушы директоры Серікбол Мусиновтың қатысуымен келелі кеңес өтті.  Басқосу барысында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесінің негізгі қағидалары мен әлемдік тәжірибедегі өмірлік мәні және жаңа медициналық жүйені халыққа жан-жақты ақпараттық-түсіндіру  бойынша жұмыстар жүргізу жайы талқыланды. Бірқатар өңірлік басқарма басшылары  пайымды пікір білдіріп,  байыпты шешімдер қабылдады.

Көптеген дамыған елдерде медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Германия мемлекетінде бұл жүйе ғасырлық тарихқа ие. Қазіргі таңда кәрі құрлықтағы 16 ел, Түркия мен Жапон мемлекеті бюджетті жоспарлау жүйесінен гөрі міндетті әлеуметтік сақтандыру моделіне басымдық береді. Бұл елдерде денсаулық сақтау саласы сапасының деңгейі өте жоғары, ал халықтың өмір сүру жасының орташа ұзақтығы — 80-85 жас.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы халық өз қалауына орай кез келген жеке және мемлекеттік клиника қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие болады, әрі сақтандыру пакеті шеңберінде барлық медициналық қызмет құны Қор қаражаты есебінен төленеді. Әрине, жоғары сапалы әрі мамандандырылған медициналық қызметке қол жеткізеді. Сонымен қоса,  ақысыз дәрі-дәрмектерді ел аумағында орналасқан кез келген дәріханалардан ала алады.  Көрсетілген медициналық қызмет сапасына көңілі толмаған жағдайда Сақтандыру Қоры тарапынан азаматтың құқы мен мүддесін қорғау және қамтамасыз ету көзделген.

 — Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері. Айта кету керек, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-на (әлеуметтік медициналық  сақтандыру қоры) төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс. Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-на түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады. МӘМС-ды енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады, бәсекелестік орта қалыптасады. Ауруханалардың жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер алуына мүмкіндік туады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді. Айта кету керек, медициналық сақтандыру қорына төлемдер мен жарналар төлеу мерзімінің басталуы жарты жылға шегеріліп отыр. Біз оған дейін тұрғындармен тығыз жұмыс жасап, түсіндірме жұмыстарын толықтай қолға алуымыз керек ,- деген «СК Фармация» ЖШС басқарушы директоры Серікбол Мусинов кезекті түсіндірме жұмыстары Атырау облысынан кейін Маңғыстау облысында жалғасын тапқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тұрғындар арасында МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.  Тұрғындар арасында ақпараттық  материалдар кең таратылуда. Жергілікті басылымдарда бірнеше ақпараттық мақалалар, облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында кездесулер ұйымдастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 18 қарашада Мемлекет басшысы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. Аталған құжат үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қарастырмақ.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суретті түсірген  Серік МАЙЕМЕРОВ