Өткен жұма күні Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың төрағалығымен өңірімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне арналған отырыс өтті.

06230

2017 жылы Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік сақтандыруды енгізу нәтижесінде, еліміздегі медициналық көмек көрсетудің сапасы артып, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру, ауруханаға арнап жоғары сыныпты құрылғылар мен қымбат дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндіктері туады.
-Бүгінде 16 еуропа елдерінде, сондай-ақ, Түркия мен Жапонияда медициналық сақтандыруға ұқсас жүйе жұміс істейді. Бұл елдердегі медицина саласы қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы жоғары 80-85 жасқа дейін деп тіркелген. Жақын арада Қытайда да осындай жүйе енгізілмек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігінің басты қағидасы–денсаулық сақтауға мемлекет пен жұмыс берушілер секілді, әр азаматтың өзі де жауапты. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, жұмыс берушілер–жалдамалы жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады,-деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Сондай-ақ облыс басшысы медициналық қызметке ақы төлеу Комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің медицина қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі принциптері бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының бірінші кезеңін табысты аяқтағанын атап өтті және ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының екінші кезеңі, тұрғындар мен өңірдегі жұмыс берушілер арасында түсінік жұмыстарын жүргізу басталғанын айтты.
Басқосуда медициналық қызметке ақы төлеу Комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құралбек «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 80-қадамдағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы Елбасы тапсырмасына қаперге беріп, осы орайда жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың туралы» Заңға қол қойылғалы республикалық және өңірлік штбатар құрылып, аталмыш мәселе бойынша түрсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айтқан ол алдағы кешенді шараларға тоқталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудің жол картасы бекітіліп, медиа жоспары жасақталғанын айтты. Бұл жұмыстарда бұқаралық ақпарат құралдары да пайдаланылды. Медицина мекемелерінің бас дәрігерлері, бас дәрігерлердің орынбасарлары және басқа жауапты қызметкерлерімен трненингтер өткізілді. Медициналық колледж базасында тренерлер даярланды. Алда медицина қызметкерлерін оқыту, арнайы бектілген кесте бойынша бухгалтерлер мен экономистерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі бойынша даярлау міндеті тұр.
Жаңа жүйені енгізгенде негізгі күш экономистер мен бухгалтерлерге түсетіні белгілі. Ал дәрігерлер мен орта буын қызметкерлері тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізеді. Медбикелер медициналық колледж базасында, ал дәрігерлер Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісілген Кесте бойынша Ақтөбе қаласындағы медицина академиясында оқитын болады. Штаб мүшелерін селектрлік оқыту жұмыстары басталып-ақ кетті.
Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі мәселеге тұрғындардың алаңдап жүргені жасырын емес. Марал Жұмабекқызы кейбіреулер кезінде көрерміз деп, аңысын аңдап отырғанымен, бірқатар тұрғындардың «қашаннан бастап біздің ақшамыздан ұстайды екен? Қанша ұстайды екен? Қаржы қалай аударылады екен?» деген сұрақтарды жиі қойып, алаңдап жүргенін айтты. Штаб мүшелері қойылатын сауалдардың барлығына дұрыс жауап беруге дайын болуы керек.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенімен, мемлекет медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету бойынша жұмыстар әрі қарай жалғастыра береді. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау да кіреді.

2020 жылға дейін сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен тегін медициналық көмек көрсету аясында амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етілген амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында сақтандырылған азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар ерікті сақтандыру қатысушылары медициналық сақтандыру жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмекті алу үшін жеке сақтандыру компанияларымен келісім шартқа отыра алады.
2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлей бастайды.
Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Төлем мөлшерлемесі кезең бойынша: 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылы 6%-ға, 2024 жылдан бастап 7%-ға сатылай өсетін болады.
Жұмыс берушілер жарнасы төлемінің жалпы көлемі кірістің 5 пайызын құрайды. Соның ішінде, аударым 2017 жылы 2%-дан, 2018 жылы 3%-дан, 2019 жылы 4%-дан, 2020 жылы 5%-дан басталатын болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының төлемі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7%-ын құрайтын болады. 2017 жылы–2%, 2018 жылы–3%, 2019 жылы–5%, 2020 жылдан бастап–7% болады.
Жалдамалы жұмысшылардың аударымы 2019 жылдан бастап кірістің 1%-ын, 2020 жылдан бастап 2%-ын құрайтын болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі–халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Қазақстанда экономикалық белсенді емес тұрғындар саны шамамен 10 миллиондай. Бұлар — балалар, егде жастағы адамдар, күміс және алтын алқалы көп балалы аналар, жүкті және 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған әйелдер, жұмыс істемейтін мүгедектер және басқалар. Балалары 3 жастан асқанына қарамастан үй шаруасында отырған әйелдер жарнаны өз бетінше төлеп, өздерін сақтандыра алады.

Жұмыс берушілер сонымен бірге өз жұмыскерлерінің денсаулығына қамқор болуға тиіс, себебі дені сау және өнімді еңбек ресурстары—кез-келген кәсіпорынның табыстылығының кепілі. Сондықтан МӘлМС қолданылатын барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесіне еңбекақы төлеу қорынан 3%-дан 15%-ға дейін мөлшері құрайтын жарналарды енгізеді.
МӘлМС енгізу арқылы халықтың сұранысына жауап беруге қабілетті денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігінің артуы, адамдардың денсаулығы жақсарып, өмір сүру ұзақтығының да артуы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтылу кеңейтіп, денсаулық сақтауға бейресми төлемдер деңгейінің төмендеуі күтіледі.

Ал мемлекет үшін күтілетін ең негізгі нәтиже—азаматтардың ортақ жауапкершілігіне қол жеткізуі, тұтыну көлемін теңгеруге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қаржылық-тұрақты жүйесінің құрылуы.
Бір айта кетерлік мәселе—әлеуметтік сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Бастысы, жарнаның уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы.

Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай қорға түсетін жарналарды бақылау ісін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.
Облыс әкімі А. Айдарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру үшін тиісті тапсырмалар берді.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

06217

0204