Мұнайлылық өнерлі де өнегелі «Қаратөреевтер» әулеті ең, ең, ең…. «Мерейлі отбасы» атанып, бас жүлде – 400 000 теңгелік сертификатты қоржынға байлады. Құшақтары гүлге толды.

Бірінші орынды Түпқарағандық «Сәулебаевтар», екінші орынды Қарақиялық «Ержановтар» мен Түпқарағандық «Бисенғұловтар» иеленсе, үшінші орынға Маңғыстау ауданынан «Нұрғазиевтер» мен Бейнеулік «Абдуллаевтар» жанұясы лайық деп табылды. Сайысқа қатысқан барлық жанұяларға қаржылай сыйлық табыс етілді.

img_2463

Отбасы институтын нығайта түсетін «Мерейлі отбасы-2016» ұлттық байқауы облыстық деңгейде Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында өткізілді. Оған қатысуға ниет білдірген өңірдің бес ауданынан 11 отбасы бақ сынады. Негізі, отбасы құндылықтарын дәріптейтін бұл сайыс жайында қатысушыларға үш ай бұрын хабар жеткен. Содан бастап «жарғақ құлағы жастыққа тимеген» Самат аға зайыбы Рабиға екеуі бала-шағасымен байқау шарттарына тыңғылықты дайындалыпты. Топқа «Жанұялық Самға» деп атау берген үйдің тұңғышы Мөлдірдің айтуынша, әкесі Саматтың алдыңғы үш әріпін, анасы Рабиғаның соңғы буынын қосып, осындай топ ойлап тапқан. Отағасы Самат Қаратөреевтің пікірінше, отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік. Балаларына қамқорлық жасау және жөнді тәрбиелеуді басты парызы санайтын ол  оқымысты дәрігерлер отбасынан шыққан. Әкесі Қаратөреев Марат дәрігер-терапевт, Қызылтөбе-2 ауылы емханасының аға дәрігері. Анасы Азиза Құлжанова сол емхананың балалар дәрігері. Самат ағаның өзі бала күнінен қол өнерге бейім өскен екен. Өзінің сүйікті кәсібі болғандықтан, бүгінде Басқұдық ауылындағы «Бақ-Ырыс» ЖШС-де жиһаз шебері болып нәпақа табуда. Десек те, медицина саласынан алыстап кете қойған жоқ, бітірген мамандығы тіс дәрігері. Қолы жұмыстан қалт еткенде отбасы тірлігі мен бала тәрбиесіне ден қояды.

6 қыркүйек күні ерлі-зайыпты Самат пен Рабиғаның отау тіккеніне 16 жыл толды. Отанасы Рабиға Қойманованың жасы қазір 38-де, 2000 жылы кіші жүздің әлім руына келін болып түседі. Үйдің тұңғыш келіні Рабиғаның төркін жағы мұғалімдер мен дәрігерлер әулетінен болса, тұрмысқа шыққан жері де дәл солай екен. Ол мектепте озат оқыған, дәстүрлі ән үйірмесіне қатысқан. Медициналық колледжде отағасымен төрт жыл бірге оқып, екі жыл бір мекемеде жұмыс жасаған. Сөйтіп, қазақи дәстүрмен жігіт жақтағылар қыздың құлағына сырға салып, үйлену тойларын өткізіпті. Жас келін Рабиғаны «дәрігерлер отбасы» қуана қарсы алған көрінеді. Өйтпегенде ше? Үйдің үлкендері – ата-енесінен бастап, абыны мен келіні де медицина саласының қызметкерлері еді. Енді жақында тағы бір туған қайнысы жоғары білімді, терапевт-дәрігер қызбен шаңырақ көтеріпті. «Династияның саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ», — дейді кейіпкеріміз әзіл-қалжыңы аралас.

Рабиға Ізтұрғанқызы Басқұдық ауылындағы «Өркен» балабақшасында медбике боп еңбек етеді. Перзенттерінің алды Мөлдір 9, Жомарт 7, Мәдениет 3 сыныпта оқиды. Айтуынша, жеңімпаз отбасыға жарыс «жеребелерінің» ешбірі де қиындық туғызбаған. Себебі, отбасының әр мүшесі «Өнерді үйрен де жирен» деген желеуді жандарына серік етеді. Медбике Рабиға бала күнінен домбырамен «дос». Қайын атасы гармошкада ойнайды. Ал, арғы аталары баянда ойнаған. Самат ағаны айтпасақ та белгілі, барлық аспаптың «тілін» меңгерген бесаспап жан. Аспап түрлерін жинап, сақтау — оның сүйікті хоббиіне айналған.    Бүгінде ұл-қыздары ата-әке жолын қуып, «Өнер» атты кеменің алып толқынында жүзіп жүр.

Байқаудың бірінші кезеңі «Таныстыруда» әр отбасы шыққан тегін, жеті атасын, өз жұрты, нағашы жұрты мен қайын жұртын, достары мен жұмыс орнына дейін баяндау керек болды. Оны қандай жолдармен жеткізу еркіңе, сондықтан Қаратөреевтер шаңырағы өздері құрастырған өлең шумақтарымен сахнаға шықты. «Жеті атасын білмеген жетесіз» демекші, ерлі-зайыптылардың бұл жағынан ұпайы түгел болды. Мөлдір ата-анасы, мектебі мен туған өлкесі хақында, ортаншы ұл Жомарт «Папам менің шебер істің өнегесі, мамам менің балабақша медбикесі» деген жолдарды жырға қосса, кенже бала Мәдениет те бұл кезеңді сәтті қорытындылады.

«Ақыл парасат» аталатын екінші кезеңде отбасылар салт-дәстүр, ел тарихы, әдебиет, ұлттық өнерге байланысты сұрақтарға жауап берді. «Бәсіре беру дегеніміз не?» сауалына «Жанұялық Самға» тобы: «Ол жаңа туған нәрестеге мал атау» екендігін түсіндірді. Сұрақтардың дені ескірген сөздердің мағынасын ашудан тұрды. Бұл ретте кейбір жанұялардың асығы алшысынан түсіп, кейбірінің тауы шағылып жатты.

Үшінші кезең «Өнер». Мұнда ән айтылып, би биленді, күмбірлеген күй де тартылды. Бар өнерлерін ортаға салғандардың ішінен тағы да «Қаратөреевтер» отбасы оза шапты.

─ Әділқазыларға ұнап, бас жүлде алуымыздың себебі, байқауға қатысқан 11 жанұядан айрықша тұсымыз – өнер көрсету кезеңінде бесеуміздің қолымызда бес аспап болды. Сол жерде ансамбль болып, халық әні «Дүниені» орындап шықтық. Сосын сыртқы киімдеріміз де үлкен рөл ойнады. Бесеуміз де ою басылған көк түсті бірдей киім кидік. Дыбыстың таралуына да мән бердік. Мұндағы маңызды аспап аккордеонмен отағасымыз ортада тұрды, қызым екеуміз екі шетте домбыра тарттық, ортаншы ұлым гитарада ойнап, кішісі сылдырмақ қақты. Мен №9 орта мектептің директорына өте ризамын. Үш баламның сынып жетекшісін сол күні жұмыстан босатып, оқушыларына жанкүйер болуға жіберіпті. Олардың қолдарында «Алға», «Сәттілік» сөздері жазылған плакаттары және фотоаппарат, камералары болды. Абай атамыз айтады ғой, «жұп-жұмыр келсін айналасы» деп. Сол айтпақшы, біздің жанкүйерлеріміз де ұйымдасқан түрде көп қолдау көрсетті. Тағы бір  ұтысты жеріміз – балдарым бұрыннан да сахна көріп жүр. Былтырғы 6 шілдеде Жомарт балам «Аялаған Астана» байқауына барып, жанды дауыста ән шырқап, Астана облысы әкімінің ақшалай сыйлық грантын ұтып алды. Бұл Астанамыздың және Елбасымыздың туған күні, мерейтойына өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара. Мөлдір де солай. Көкшетау қаласына барып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық байқауда жанды дауыста дәстүрлі ән орындап, бас жүлдені жеңіп алды. «Көкшетау аруы» атанды.

2015 жылы 16 желтоқсан – тәуелсіздік күніне орай, аудандық патриоттық әндер байқауы өтті. Сонда қызым өзіміздің жерлесіміз Марат Ордабаевтың сүйемелдеуімен ән орындап шығып, бас жүлдені иемденді. Былайша айтқанда, балдарымның үшеуі де сахна мәдениеті, сахна киесі дегенді жақсы түсінетін жандар, — дейді Рабиға Қойманова.

«Қазағымның қазынасы» атты соңғы төртінші кезеңде әр жұп ұлттық киім үлгісімен әшекейлі бұйымдар арқылы ерекшелігін, даралығын көрсетті. Бәрін айтып, бірін айтқанда тартысты өткен байқаудың қорытынды нәтижесі Қаратөреевтер әулеті жеңісінің әділдігін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, «өнер десе ішкен асын жерге қоятын» бұл отбасының әрқайсысында бір өнер бар. Ал, олар қосыла «жанғанда» тіптен бағалы. Балалардың үшеуі де Мұнайлы аудандық «Өнер» мектебіне сабақ алады. Мәселен, Мөлдір 4 сыныпта дәстүрлі ән бойынша, Жомарт  вокалдан 4 сыныпта дәріс алса, Мәдениет фортепианода ойнауды үйреніп жүр. Мөлдір домбырада, клавиште, гитарада да жақсы өнер көрсетеді.

Ұрпақ тәрбиесін алдыңғы кезекке қоятын Қаратөреевтер отбасы балаларының өнер-біліммен айналысуға барлық жағдайды жасап бағуда. Тіпті, үйінің бір бұрышынан студия ашып беріпті. Енді балалардың бос уақыты зая кетпейді. Музыканың дауысы қалықтай береді…..

Иә, «Отбасы – шағын мемлекет» дейді дана халқымыз. Мемлекетте «егесі» мен «шегесінің» рөлі бәрінен асқақ. Әке көрген оқ жонса, ана көрген тон пішеді. Уығы берік, ынтымағы ұйыған жанұяда, ата-ананың мейірім, махаббатына бірдей қанып өскен баланың қай жерде де жүзі жарқын, көңілі жайдары.