Өңірдің үздік тауарлары анықталды

Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы ұйымдастырылып, оған аймақтық кәсіпорындар, жеке өндірушілер мен шаруа қожалықтары қатысты. Негізгі мақсат – жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету. Биылғы байқауға аймақ кәсіпкерлігінің түрлі саласынан 16 тауар өндіруші қатысып, үш аталым бойынша сынға түсті.

Өңірлік көрме-байқауға қатысушылардың бірі – шыныпластикалық құбырлар зауыты. 2003 жылы құрылған кәсіпорын мұнайгаз саласына қажетті шыныпластикалық тұрбалар шығарады. Зауыт Қаламқас, Жетібай, Прорва, Өзен, Солтүстік Бозашы және Жалғызтөбе кен орындарында 2500 шақырымнан асатын құбырлар салған. Зауыт басшылығы өз өніміне кепілдік бере отырып, қоршаған орта мен адамдар денсаулығын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес болуды көздеп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам – кәсіпкерлікті сәтті дамытудың кепілі» деп, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөліп келеді. Кәсіпкерліктің түрлі салаларын дамыта отырып, ел экономикасының деңгейі мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге болады.

Өңірімізде кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүзеге асырылып, «Бизнестің жол картасы» аясында бірқатар жобалар қолға алынуда. Бүгінгі таңда құны 10 млрд.теңгені құрайтын 53 жоба қабылданды. Ауыл кәсіпкерлеріне биыл 1,5 млрд.теңге бөлінді. Бизнес – ел және өңір экономикасын дамытуда сенімді тірекке айналып келеді,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Көрмеде өз қызметі мен алдағы жоспарларын паш еткендердің бірі – «Аршын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2008 жылы құрылған серіктестік бетонды бүйір тастар, жол бордюрлері, тротуарлық жол жиектері мен фигуралық бетонды тақтайшалар шығарады.

Облыс орталығын көркейту үшін абаттандыру жұмыстарына атсалысып, қала көшелеріне арналған сапалы тас төсеніштермен қамтамасыз етуге бар күш-жігермен еңбек етудеміз. Өндіріс көлемін кеңейту мақсатында Германиядан қымбат бағалы құрал-жабдық әкелу үшін қазір келіссөздер жүргізілуде. Өндіріске жергілікті материалдарды қолданамыз,-дейді «Аршын» ЖШС-інің директоры Д. Аманжолұлы.
Өңірлік көрме-байқаудың қорытындысында «Үздік өнеркәсіптік тауар» аталымы бойынша «Шыны пластикалық құбырлар зауыты» жеңімпаз атанса, ІІ орынға «Каспий Битум» ЖШС-і лайық деп танылды. «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымында «Жанарыс» ЖШС-і жеңімпаз атанып алға шықса, ІІ орынды «Жамал-ай» ЖШС-і, ІІІ орынды «Сенек» ЖШС-і алды. Ал, «Үздік азық-түлік тауар» аталымының биігінен нан өнімдерін өндіретін «Maga Bread» ЖШС-і көрінсе, диеталық нан өнімдерін шығаратын «Жансая тәттілері» мен «Dekmy» сауда маркалы сүт өнімдерінің «Millina food Production LTD» ЖШС-і де үздіктер қатарынан көрінді.

Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

0147

0238

0372

07393

0302

0943