Нұр-Сұлтан қаласында «Жастықтың оты жалындап…» атты мүшәйра өз мәресіне жетті. Оған елден 35 жасқа дейінгі жүзге жуық ақын қатысты. Жыр бәйгеде маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбай жүлделі екінші орынды иеленді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Мүшәйра Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен С.Сейфуллин музейінде өтті. Биыл «Жастар жылы» аясында ақындар «Жастықтың оты жалындап…» атты тақырыпты арқау етті.

Республикалық жыр додаға маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбай «Мәңгілікке ұласу» атты өлеңін ұсынған. Оның шығармашылығындағы сырлы сарын көңілге қуаныш ұялатты. Әділқазылар алқасының көңілінен шыққан Асылбек екінші орынды қанжығасына байлады.

Маңғыстаулық ақын республикалық мүшәйрадан екінші орын алды
Сурет Асылбек Жаңбырбайдың фейсбук парақшасынан алынды

«Жастар жылы аясында өткізілген жыр додаға менде өлеңімді ұсындым. Тақырыпқа шектеу болмады, сондықтан еш жерде жарияланбаған «Мәңгілікке ұласу» атты өлеңімді жібердім. Мүшәйрада «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі Дархан Қыдырәлі бастаған әділқазы алқасы төрелік етті. Нәтижесінде екінші орын алдым. Енді шілденің 2-сі күні Нұр-Сұлтан қаласында марапаттау рәсімі болмақ», — дейді ақын Асылбек Жаңбырбай.

Маңғыстаулық ақын республикалық мүшәйрадан екінші орын алды
Сурет Асылбек Жаңбырбайдың фейсбук парақшасынан алынды

34 жастағы маңғыстаулық ақын бұған дейін бірнеше облыстық, республикалық мүшәйраның жеңімпазы атанған. Оның өлеңдері 2006 жылы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту», 2013 жылы «Жастар жырлайды», «Маңғыстау мақамдары» және 2015 жылы «Жыр маржаны» атты жинақтарға енген. Сонымен қатар жас ақын ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша 1-орын иегері.

Ақынның «Жансусар», «Аспан хаттары» атты жыр кітаптары бар.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА