Салтанат Байқошқарова

«Балалы үй – базар» деп қазақ текке айтпаса керек.  Елімізде бала көтере алмай, сәбиге зар болып жүрген отбасы аз емес. Бірі бұған тез әзірленетін фаст фуд тағамдары себеп десе, екінші бірі қазіргі экологиядан деп болжайды. Ал кейбір адамдар тумысынан ұрпақ сүйе алмауы мүмкін. Қысқасы, елімізде денеден тыс ұрықтандыру арқылы бала сүйіп отырған отбасы көбейіп келеді. Айта кетейік, жақында Ақтауда 17-шағын ауданда ашылған «Экомед» филиалының мамандары түгел дерлік маңғыстаулықтар екен. Бірнеше жыл Алматы, Астана қалаларында мықты тәжірибе жинаған дәрігерлер тобы алғашқы емделушілерін де қабылдап үлгеріпті. «Экомед» клиникасының ғылыми жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызы Байқошқаровамен тұрғындар үшін орталықтың қолжетімділігі, сондай-ақ эко арқылы бала көтеру мәселесі төңірегенде әңгіме өрбіткен едік.

— Салтанат Берденқызы, Маңғыстауға қош келдіңіз. Сіздің орталық Ақтаудың төрінен филиал ашады екен дегенді естіп келген едік. Мұндай шешім қабылдауыңызға себеп не? Неліктен Маңғыстау өңірі таңдалды?

— Алматыдағы орталыққа сол кездің өзінде-ақ Маңғыстаудан емделушілер көп келетін. Жол қиындығына қарамай, нәзік жандыларымыз Алматы өңіріне келіп жатты.  Осыны ескере отырып, біз алғаш ана мен бала денсаулығы туралы конференция ұйымдастыруды 5-6 жыл бұрын Маңғыстау өңірінен бастағанбыз. Конференцияға дәрігерлер, емделушілер, біздің көмегімізбен бала сүйген аналар келіп алғысын жаудырды. Бірнеше күн бойы осы облыста 300-ден аса әйелді қабылдадық. Бір қызығы, жасанды ұрықтану операциясына жетпей, алғаш қаралуға келген күні-ақ бала көтерген аналар болды. Яғни, әйелдің  өзге де  диагнозы табылып, табиғи тұрғыда бір емес, бірнеше бала көтеріп, ұрпақ сүйген отбасы кезікті.

7292 IMG_3161

— Өмір деректеріңізді ақтарып отырсам, бұл салада жүргеніңізге ұзақ уақыт болған екен…

— Иә, осы аптада ең алғаш «құтыда» пайда болған, менің қолымнан шыққан қыз бала 20 жасқа толады. Яғни, бұл тәжірибені Қазақстанда өткізіп жатқанымызға биыл 21 жылдан аса уақыт өтіп кеткен екен. Адам ұрпағын өрбіту саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 28 жылға жуық уақыт өтіпті. Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі ретінде соңғы 8-9 жыл бойы өңірлерді араладым. Ондағы мақсат – әр комиссия мүшесі өз саласы туралы мәселелерге жіті назар аудару, соған тиісті шара қолдану. Сондағы байқағаным, бедеулікті емдейтін дәрігер өңірлерде жоқтың қасы. Акушер-гинекологтар жүкті әйелдердің күтімі, бала туғызу гинекологиялық ауруларға жауап береді. Әр өңірлерде кем дегенде бедеуліктен арылтып, жүкті болуға бағыт-бағдар беретін 2 маман отырса, әке, ана бақытын аңсап жүрген адамдарға үлкен көмек болар еді. Осы өңірде филиал ашылғаннан кейін, Алматы мен Астанада емделу мерзімі 1 аптадан аспайтын болады. Келешекте негізгі жасанды ұрықтандыру орталығын Атырау немесе Ақтау қаласынан ашылады деген жоспар бар. Бұрын алыс өңірлерден емделушілер кемінде 1 айға келетін. Өйткені, емделушінің толыққанды қаралуы, диагноз қою, емдеу үлгісі аз уақыт ішінде анықталмайды. Бір айда Алматы немесе Астана қалаларында тұру шығыны тағы бар. Емделуші  жасанды ұрықтандыру операциясына жетпей-ақ, өзге де диагноз анықтау арқылы бала көтеріп кететін жағдайлар болады. Сол себепті, өңірлерде филиал ашу маңызды.

— Қай елдің тәжірибесіне сүйенесіз?

— Әйелдің бедеулігі мен еркектің белсіздігін емдеу, денеден тыс ұрықтандыру процесі дүние жүзі мемлекеттерінде әр деңгейде алға қойылған. Ал біз тәжірибемізде Жапония, Еуропа елдері, Америка тәжірибелеріне көбірек сүйенеміз. Бұл мәселе түбегейлі шешілуі мүмкін емес, өйткені адамның бала көтеру мүмкіндігі табиғатқа байланысты. 20 жасқа толған азаматшаның бала көтеру мүмкіндігі – 15-20%. Десе де, жасанды ұрықтандыру – әлемдегі ең тиімді, нәтижелі әдіс. Бұл туралы өткен аптада Хельсинкиде үлкен конгресс өтті, жақында Америкада ұйымдастырылмақ. Конгрессте 10 мыңға жуық мамандар жиналып, әрқайсысы өз тәжірибесімен бөліседі.

— Сіз келген емделушілеріңізге бала көтересіз деп кепілдік бере аласыз ба?

— ЭКО-мен 100 пайыз бала көтереді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Адам организмі өте күрделі. Тіпті екі бірдей апалы-сіңлілілердің бала туу мүмкіндігі әр түрлі. Дегенмен, ЭКО арқылы 95% бала көтеруге болады. Америка мамандары емделуішлеріне: «Әйел табиғатында 12 айда бір рет бала көтеруге мүмкіндігі болса, ЭКО-да 6 айда бір рет көтеру мүмкіндігіне ие», — деп түсіндіреді.

— Тікелей емделушілермен жұмыс істейсіз. Бала сүйгісі келетін аналардың арман-мақсаты, көңіл-күйі, жалпы эмоциясы әр түрлі болып жатады. Психологиялық тұрғыдан қандай кеңес берер едіңіз?

— Қатты айтсам кешіріңіз, дегенмен, жасанды ұрықтану арқылы бала көтеретін әйел дүкеннен зат алу үшін келген адамдай болмауы керек. Сондай жағдайлар кездесіп жатады. «Операцияның ақшасын төледім, квота алдым» деп аз уақыт ішінде нәтиже күтудің қажеті жоқ. Сондықтан, уақыт, шыдам, күтім керек.

IMG_3070— Жаңа орталық мамандары қайдан келген?

— Экомед филиалы Ақтау қ. 17-шағын ауданда орналасқан. Мамандарымыз Алматы, Астана қалаларында арнайы оқу курстарын оқып, тәжірибеден өткен. Бірқатар жас маңғыстаулық мамандарды таңдап алдық. Емделушілер «Шетел, Алматы, Астана медицинасы керемет дамыған» деген біржақты түсініктен арылуы қажет. Ғылым, медицина жерге, ұлтқа бөлінбейді. Өңірлерде де мықты кадрлар көп, тек біз оларға дер кезінде білім мен тәжірибе алуына мүмкіндік жасайымыз қажет.

— Ақтаудан ашылған орталықтағы техника жағы қалай?

— Техника жағынан әлемдік үлгідегі заманауи аппараттармен жабдықталған. Лабараториялық, ультрадыбыстық зерттеу жабдықтары қамтылған. Ал ең бастысы, мамандардың дұрыс кеңес беріп, оңтайлы әдісті таңдауы деп ойлаймын. Өйткені, бізге бірнеше жылын жоғалтып алған әйелдер кеп жатады. Бұған дейін барған дәрігерлері бұрыс диагноз қойып емделушіні адастырып, босқа уақытын құртып алады. Сондықтан, дұрыс бағдар беру, бала көтерудің оң әдісін ұсыну – қиынның қиыны. Дәрігерлер «әлі бала көтере аласың, бәрі жақсы болып кетеді» деп алдамшы үміт беретін кездер аз емес. Әрине, адамға жақсысың деп айту жеңіл. Бірақ бұл жағдайда шындықты айтып, дер кезінде шара қолданған дұрысырақ. Филиалдың Алматы, Астанадағы орталықтардан кемшілігі жоқ, деңгейлес.

— Филиал қаншалықты қолжетімді?

— «Экомед» орталығының емдеу құны қарапайым адамдар үшін қолжетімді, басқа медициналық орталықтармен бірдей деп айтуға болады.

— Денеден тыс ұрықтандыру операциясы қанша тұрады?

— Азаматша мемлекеттік квота алу мүмкіндігіне ие болса, бұл отаны жасату үшін 800-850 мың теңге шамасында қаражат кетеді. Үкімет тарапынан 2010 жылы алғаш рет ЭКО үшін 100 квота бөлінді, ал биыл оның саны 800-ге жетті. Қазақстан үшін бұл, әрине аз. Өйткені бұл отаның құны арзан емес. Бұрын ЭКО үшін 800-850 мың теңге шамасында қаражат кететін болса, қазір девальвациядан соң бұл баға көтерілді. Ал келесі жылы қанша квота бөлінетіні әзірге белгісіз.

 Жазып алған Айгүл ДӘДЕН