«Ақтау-Бейнеу» тас жолының бүлінген жерлері қайта жөнделетін болды, —  деп  хабарлайды «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы.  

Жол төсеген түркиялық «Алсим Аларко» компаниясы олқылықтың орнын толтыруды өз мойнына алып отыр. Екі жыл бұрын қолданысқа берілген тас жолда жарықшақтар пайда болып, кей жерлері көтеріліп кеткен еді. Сапасыз атқарылған жұмыстың шикілігі бір жылдан соң-ақ білінді. «Қазақжол ғылыми-зерттеу институты»  кемшіліктерді анықтау үстінде. Сараптама жұмыстарының қорытындысы әзірге дайын емес. Десе де, мердігер өзіне тиесілі 200 шақырым жолды қайта жаңартпақ. Қазір жолды қайта жөндеуге жұмсалатын 140 тонна битум, 30 мың текше метр шебін әкелініп қойды.

     — Келесі аптадан бастап, «Алсим Аларко» кемшіліктерді мен дефектілерді жою үшін жұмыстарды бастайды. Шығын сол компанияның есебінен жасалады. Жұмыс осы жылдың, яғни 2016 жылдың аяғында аяқталады, — дейді «Маңғыстау жол» зертханасының директоры Сайын Демесін.