Дуальді оқыту технологиясының басты талабы — оқу орнында-ақ ысылған маман даярлап шығу. Яғни студентті тек теориямен шектемейді, оқу барысында тәжірибе де қатар жүреді.Маңғыстауда осы бағытта 17 колледжде 700-ге жуық жас білім алып жатыр. Олар мұнай-газ ісі, техникалық салалар және қызмет көрсету түрлерін меңгеруде, — деп хабарлайды «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы.

Дуальді оқытудың 60-70% тәжірибеге, қалғаны теорияға негізделген. 2014 — 2015-оқу жылының қорытындысы бойынша дәстүрлі білім жүйесінен дуальді оқытудың сапа көрсеткіші 10,5%-ға артық болыпты.

      —  1-курстан бастап студенттерді мекемелерге бекітіп береміз. 3-4 жыл бірге қызмет етеді. Оқиды, практика өткізеді. Сондықтан олар болашақта сол мекеменің қызметкері боларына күмәнданбайды. Ал мекеме қызметкерлері «бұлар біздің болашақтарымыз» деп құрметпен қарсы алады, — дейді облыстық ТЖКББ оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Таған Қайпиев.

2012 жылы облыста 7 колледжде 11 мамандық бойынша дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Қазір оқу орны 17-ге, ал мамандық түрі 22-ге жетті. Өндірістік тәжірибені үйлестіру үшін 51 мекемемен әріптестік келісім орнатылды. Былтыр 187 түлек бітіріп, оның 61% жұмысқа орналасқан.

Ал жаңа оқу жылында 1495 оқушы «тегін техникалық және кәсіптік білім алу» жобасы аясында 32 жұмысшы мамандығына тапсыра алады.