Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырғанбыз. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсы­ныстармен шығуы тиіс» — деген болатын.

«Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды. Ғалымдар, әдебиетшілер, жалпы қауым арасында бұл мәселеге қатысты пікір екі жақты. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латын әліпбиіне көшуді түсіндіру мақсатында Орталық кітапхананың ұйым­дастыруымен «Латын әліпбиі: рухани тәуел­сіздік жолы» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның алғы сөзін бастап берген кітапхана  директоры Таңатарова Алтын:

– Қазіргі заман – жазу заманы.  Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұ­мыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас, іс қағаздары, компьютер, интернет желісі арқылы хабарласулар, бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жазу – барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді жалғас­тырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақтілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқа­ратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады – деп, өз пікірін білдірді. Шараға қонақ ретінде «Түпқараған аудандық Азаматтық Бастамасы» қоғамдық бірлестігі төрайымы – Рамашева Гүлсім, Түпқараған аудандық аналар кеңесінің төрайымы – Шәулекенова Қойсын, «Т.Г.Шев­ченко» мемориалдық мұражайының бөлім меңгерушісі – Балабаева Айгүл, «Е.Өмірбаев орта мектебі» қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі – Қазбаншаева Ляззат қатысып, оқушылардың ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, келген қонақтарға сауал қойылып, оқушылар ойын ортаға салған соң, аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Алтын Шаудирбаеваның баяндамасы тыңдалып, дөңгелек үстелге келген қонақтарға кітапханашы бүгінгі таңда қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған өзекті пікірталастың бірі – Елбасының қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясына қатысты өзекті мақалысымен таныстырып, осыған орай жиналғандарға көкейтесті сұрақтар қойды.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда баламалы отын ретінде сығымдалған табиғи газды енгізу көзделуде

Барлық сұрақтар толықтай талқыланып, қатысушылардың ой-пікірі тыңдалды. Латын әліпбиі– Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен табыс­тыратын алтын көпір. Латынға оралу заман талабынан туындап отыр­ған қажеттілік,– дейді Рамашева Гүлсімапай. Бұл мәселеге қатысты Аташ кітапханашысынан Қайсағалиева Римма апай да, «латын әліпбиіне өту – тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-біркепіл бола алады» деп, өз ойын білдірді. Сондай-ақ, Е.Өмірбаев мектебінің 9 «ә» сынып оқушысы қазіргі өскелең ұрпаққа латын әліпбиін үйреніп, меңгеріп кету қиынға соқпайтынын айтып өтті.

Барлық шараға қатысушылар бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартуда. Дүние жүзінде бүкіл ақпарат­тың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады дейді дөңгелек үстелге жиналушылар.

Жадыра ЖОЛДАСОВА