білім

Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өңірлік білім беру саласы қызметкерлері – білікті ұстаздармен кездесу өткізді.

«Жаңа әліппе келер жылы дайын болады. Мазмұны, құрылымы жан-жақты талқыланып жатыр. Тағы бір мәселе – 12 жылдық білім беру жүйесі. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің басым бөлігі 12 жылдық оқу бағдарламасы бойынша білім береді. Оның үштен бірі 13 жылдық білім беру жүйесіне көшті. Бұл, әрине, жай ғана ұсыныс емес. Білім беру сапасын ұлттық бағалау жүйесіне сәйкес оқушылар төртінші деңгеймен орта оқу орнын тәмамдауы тиіс. Бүгінгі таңда оқушылар үшінші деңгейлі білім алуда. Әлемде жаһандану үрдісі үздіксіз жүзеге асуда. Шетелге сапар шегіп, білім алып жүрген жастар қаншама. Олар өзге елдегі жоғары оқу орнына түсу барысында өте үлкен кедергілерге тап болады. Себебі білімін жетілдіру бойынша қосымша курстарды аяқтау талап етіледі. 12 жылдық білім беру жүйесі – өте оңтайлы шешім. 12 жылдық білім беру тұжырымы бойынша мектепалды даярлық үшін бірыңғай типті бағдарлама енгізіледі. Яғни балалар, нөлінші сыныптарда жазу, оқу, санауға үйренеді. Бұл, әрине, үлкен мәселе. Тәрбиешілердің білімін жетілдіру, оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, білім мазмұнынын жаңарту кезең-кезеңімен сатылы түрде жүзеге аспақ», – дейді А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ басқосуда орта арнаулы және жоғары оқу орындарын заман талабына сай жаңа мамандықтар оқытуға баулу мәселесі сөз болды. Университеттер, колледждер мен кәсіптік-техникалық училищелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамту, ұстаздар мен оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру жайы талқыланды. Оқыту үрдісін жаңа заман талабына сай жаңарту, оқушының білім-білігін бағалаудың жаңа жүйесін құру турасында ортақ пікірлер тыңдалды. Вице-министр баланың сыни ойлау қабілеті мен өз бетімен іздену дағдыларын дамыту құралдарын білім беру үрдісіне енгізу жайын сөз етті.

«Мамандықтар тізімі күн санап өзгеріске ұшырауда. Жаңа мамандықтар легі кеп қосылды. Осы үрдіске бейімделуіміз қажет. Жаңа заңнамада осы мәселелер қарастырылады. Тағы бір мәселе – мектепте бала баға үшін оқымауы тиіс. Сапалы білім үшін оқуы тиіс. Балалардың  білім сапасын тексеретін инструменттерді ойлап табуымыз қажет. Білім сапасын бақылау жүйелері оқу үрдісіне енуі тиіс», – деді вице-министр.

Кездесу соңында тәжірибесі зор ардагер-ұстаздардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Маңғыстау өңіріне танымал, білім беру саласының қалыптасуы мен өркендеуіне сан жыл қызмет еткен Ордалы Қосай ұстаздарға қолайлы жағдай жасау, олардың білімі мен біліктілігін үздіксіз арттыруына қолдау таныту қажет екендігін ескерді.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ