Мемлекетіміздің мығымдылығын, еліміздің еңселілігін, техникалық және технологиялық жетістіктерін паш ететін әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО – 2017» көрмесін сәтті аяқтаған еліміз Дубайда 2020 жылы өтетін көрмеге қатысады. Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі шаһарында 2020 жылдың 20 қазанында басталып, 2021 жылдың 10 сәуіріне дейін созылатын көрмеге дайындық барысы талқыланды. Бұл басқосуға қатысқан әлемнің 180 мемлекетінің ішінде Қазақстанда да бар.

– Қазақстан үшін ЭКСПО – 2020 көрмесіне қатысу – өз жетістіктерімізді көрсету үшін керемет мүмкіндік және екі ел арасындағы ынтымақтастықты жетілдіруге арналған бағыттардың бірі. Біз өткізген «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы шара «Дубай ЭКСПО-2020» көрмесінің «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» атауымен ұштасып жатыр. Астана қаласында таныстырылған инновациялық жаңалықтар мен идеялар дамытылған түрде Дубайдағы көрмеден орын алады деп сенеміз, – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов.

Жиында Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысының орынбасары Дмитрий Керкензес «Дубай ЭКСПО – 2020» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамдастыққа айтарлықтай ауқымды тақырыпты талқылауға ұсынып отырғанын, Астанада өткен көрменің қатысушылары өз жобаларын Дубайда өтетін ЭКСПО – 2020 көрмесінде әрі қарай дамыта алатынын жеткізді.

Тағы оқыңыздар: «Нұрлы жолға» бөлінген қаражатты игере алмаған өңірлер аталды

Басқосуда ЭКСПО – 2020 көрмесіне қатысушы мемлекеттер, көрме демеушілері мен серіктестері, сондай-ақ ExpoLiveImpactInnovation грантының жеңімпаздары арасында пікірталас өтті. Екі күндік шара барысында халықаралық қатысушылар дайындық жұмыстарымен танысып, көрменің құрылыс алаңын аралады.

Мамандардың айтуынша, «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбына арналатын көрмеде ЭКСПО – 2020 көрмесінде «Мүмкіндіктер», «Мобильділік» және «Тұрақты даму» тақырыптық павильондары ұсынылады. JebelAli ауданында орналасатын «Дубай ЭКСПО – 2020» көрме кешенінің жалпы аумағы 438 гектарды құрайды. Әлемдік шара аяқталғаннан кейін көрме кешені зерттеу орталығы мен университет ретінде жұмыс істейтін болады.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ