Түпқараған ауданы орталық мешітінің аумағындағы заңды жерінен құрылыс жұмыстарының қыза басталғанына бүгінде 2 айдай уақыт болды. Күні бүгінде жұмысшылары жалданып, шеберлері сайланып жасалынып жатырған құрылыстың негізгі жұмысы бойынша тасы қаланып, қабырғалары бой көтеріп үлгерген.

Бұл қарқынды жұмыстың аудан тұрғындары үшін маңызы ерекше. Аудан мешітіне қызметке келетін ұстазға, азаншы мен көмекші үшін бөлме және 30 баланы оқытуға жоспарланған медресе мен  әйел азаматтар үшін дәрет алуға жағдай асы құрылыс негізінде жасалынады деп күтілуде. Бұрын мешітте садақа берушілерге, Қадір түнін қарсы алушы жамағатқа уағыз, дәрістер үшін мешіттің ішкі бөлмелері пайдаланылып келген болса, мешіттен бөлек ғимарат ретінде бой көтерген бұл құрылыс арқылы көп мәселенің шешімі табылатыны белгілі болды. Аудандық мешіттің имамы Опа Жүсіп халық үшін қуанып отырғанын жеткізді:

Түпқараған ауданы мешітінің имамы Опа Жүсіп— Ауылдың азаматтарымен, жамағатпен, Мирас Шолтаманов деген бауырымыз бас болып, мешіттің жанынан аумағындағы жерімізге қосалқы құрылыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінен мешітімізге жаңадан жұмысқа орналасуға келетін найб имамымыз, азаншы мен ұстазымыз бар, сол кісілерге жұмыс бөлмесі мен бала оқытатын медіресені қамту үшін құрылыс жүргізілген. Жобамен жоспарымызда 30 баланы оқытып бастауды ойлап отырмыз. Садақа жасаған кездерде бұрын мешіттің ішіндегі бөлмелер пайдаланылса, енді осы орындарды қолданатын боламыз. Келетін найб имам болсын, ұстаз болсын оның алдымен жағдайы жасалуы керек. Үй болмағанмен, тұратын бөлмесі болса да жағдайы шешілсе дейміз. Оларға 23 мың айлық тағайындалады, онымен отбасын асырауы керек. Алла разылығы үшін деп бұл жұмыстың басталуына себеп, сол кісілердің жағдайын жасау, олардың өздерінің тұратын орны мен бала оқытатын жерлерін сайлап, жұмыс жағдайларын туғызу.

— Қол көмегін немесе қаржылай көмектесіп жатырғандар бар ма?

— Шамалап мекемелерден де көмек қолдарын созып жатырғандар бар. «АТК» фирмасынан Ахметов Қайрат тас түсіріп берді. «Арғымақ» жеке кәсіп иесі Ерболат Жұмабаев жүк көліктері, тракторымен көмектесті. Рустам деген бауырымыз қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, ауылдың азаматтары, жастары жыл-жылдарымен 5 мыңнан, 10 мыңнан, 15 мыңнан, қалталарына қарай жинап әкеліп беріп те жатыр. Ауылға ортақ іс болғандықтан бәрінің де атсалысқаны жақсы. Арасында жастар қол көмегін де беріп кетіп жатыр. Әлі де көмек керек, көріп тұрғандарыңыздай жұмысы көп. Алдағы уақытта пластик терезелерін салуға ауылдағы осы терезе салатын жігіттерден Елдос деген бауырымыз көмектесетінін айтты.

Осы құрылыс бойынша жауапты Мирас деген бауырымыз, Әділет, Сұлтан, Айбол деген бауырларымызбен өзіміз комиссия құрып, құрылысты қадағалап, орынды жасалуы мен жұмыстың барысын бақылап отырмыз. Балалардың барлығы Алла разылығы үшін жүргендіктен бұл жұмыста жымқырып қою, жеп қоямын деген ниет жоқ. Ақ ниеттен көтерілген бастаманы тек қолдаушылар болса дейміз! Қаржылай да, құрылыс материалдарымен де көмектесем деушілер болса біз қуанамыз. Бұл ел үшін жасалып отырған игі іс болғандықтан, жастардың имандылыққа бет бұруына себеп осындай бастамалар. Тіпті намаз оқитын да, оқымайтын да бауырларымыз келіп көмектесіп жатырған жәйы бар. Халықпен бітетін істі балаларымызды басқа ағымдарға кетпеуіне ниеттеніп, оларды оқытсақ деген мақсатта жасалынып жатыр. Осы игілікті істерімізді Алла сауаптан жазсын! Игі істе бірігіп, ауызбіршілік танытып, жастарды жақсы бастамаларға ұйытқы болуға, қайырымды болуға тәрбиелейміз. Сондықтан, жастардың діни білім алуына аудан азаматтарының бей-жай қарамауын сұраймыз. Қазір күн санап жастарымыз мешітке жол салып, иманын жиып жатыр. Дініміз арқылы біз жастар тәрбиесін жолға қоя алатынымызды ескергеніміз абзал.

«Оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» деген иманды ата ұрпағымыз. Иманымызды сауапты істен жиғымыз келсе, ең азы осы халық үшін жасалынып жатырған жақсы іске қолұшымызды берейік, жамағат! Сіздің берген бір мың теңгеңіздің өзі бұл медіресеге шеге алуға жетсе, ол үшін де мейірімі күшті Алла сізді шапағатқа бөлейтіні сөзсіз.

Құрылыс үшін қаржылай көмек көрсетем деушілерге арнайы қойылған жәшік.
Құрылыс үшін қаржылай көмек көрсетем деушілерге арнайы қойылған жәшік.

Мешіт жанынан медресе бой көтеруде

Мешіт жанынан медресе бой көтеруде

Мешіт жанынан медресе бой көтеруде

Милана ЕЛЕУСІНОВА