24-25 шілде күндері Ішкі істер органдары күзет қызметі бөліністері командалары арасында жекпе-жек сайысынан бірінші республикалық турнир өтті.

ҚР Ішкі Істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының кубогына арналған сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 19 команда қатысты.

Сайысты ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Астана қаласы) бастығы полиция полковнигі Нұртазин Алмат Бектұрсынұлы ашып берді.

Турнирдің мақсаты – күзет қызметі полицейлерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, олардың дене шынығу деңгейін арттыру, спортқа бейімделу арқылы бойында батылдық пен қайраттылықты қалыптастыру, өз қуат-күшіне сенімділігін тәрбиелеу, төзімділігін арттыру.

-Бұл ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Игор Владимирович Лепеханың бұйрығымен өткізіліп жатқан алғашқы турнир. Елбасымыз келіп осындай «Маңғыстау-Арена» секілді үлкен спорт клубын ашып берді. Бізде жарыс өткізуге қолайлы мүмкіндіктер бар болғандықтан, өңірімізде алғашқы жарыстың куәгері болып отырмыз. ҚР полициясының 25 жыл толуы да бүгінгі шараға арқау болды. Мұның барлығы қызметкерлеріміздің имиджін көтеріп, ынталандырып, олардың жақсы қызмет атқаруына ықпалын тигізеді, — дейді «Маңғыстау облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» басшысы, полиция полковнигі Бекбердиев Сейтхан Қалдарбекұлы.

Турнирде 9 түрлі салмақ дәрежесі бойынша 169 қызметкер белдесті. Астана қаласынан арнайы шақырылған төрешілер сайыстың жоғары деңгейде өтуін бақылады.

Күзет қызметкерлері арасында жекпе-жектен турнир өтті

Маңғыстау облысының намысын қорғаған қызмет инспекторы Кулиев Макад қарсылас шыдатпай, турнирдің чемпионы атағына қол жеткізді.

-Мен 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Бес кездесу өткіздім, ең қиыны, әрине, финал болды. Қарсыласым – Қостанай облысының тумасы. Жалпы сайысқа дайындығым өте жақсы болды. Дайындалу үшін бір ай бұрын бізді жұмыстан босатты, — дейді жекпе-жекпен бала кезден айналысып келе жатқан Макад.

Күзет қызметкерлері арасында жекпе-жектен турнир өтті

Полиция сержанты Мұқанов Әлішер бокстан Жезқазған қаласының, Қарағанды облысының чемпионы, халықаралық, республикалық турнирлердің жүлдегері. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Жекпе-жекпен айналысқанына ек-үш жылдың жүзі болыпты. Финалдық кездесуін аяқтай сала біз одан жарыс жайлы әсерін сұраған едік.

-Мен Жезқазған қаласынан келіп отырмын. Бес кездесу өткізіп, бесеуінде де жеңіске жеттім. Астана, Павлодар, Алматы, Жамбыл облысының палуандарымен белдестім. 2015 жылы Павлодардағы сайыста жолым болмаған еді. Сөйтіп бір жыл дайындалып, осы жылы чемпион атанып отырмын. Енді алда Ішкі Істер басқармалары арасындағы сайыс болады. Соған дайындаламыз. Ақтаудағы турнир маған өте қатты ұнады, мықты турнирлердің бірі болды. Ұйымдастырушыларға рақмет. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жеңістеріміз көп болсын. Қазақстан, Алға! – деді Әлішер маңдайдағы терін сүртіп.

Күзет қызметкерлері арасында жекпе-жектен турнир өтті

Мамандандырылған күзет қызметі бөліністерінің полицейлері арасында өткен жекпе-жек сайысынан бірінші  Республикалық Турнирдің жеңімпаздары мен номинация иегерлерін кеш қонақтары – Маңғыстау облысы ІІД бастығы  полиция полковнигі   Дәлбеков  Қайрат   Сұлтанбайұлы, Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары  полиция полковнигі  Нысанбаев Бердібек Айтжанұлы, ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Халмурадов Амангелді Хайырмухаммедович, Бүкіл Қазақстандық жекпе-жек сайысы қауымдастығының бас хатшысы Муханов Болат, Ақтау қалалық  дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Жұмабаев  Қанат  Қошқарбайұлы, Маңғыстау облысы бойынша «Динамо» спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Садыкин Игорь Николаевич, 1974 жылы Бокстан КСРО Спорт шебері, 1998-1999 жж. Маңғыстау облысында  ең алғашқы Кикбоксинг  Федерациясын ашқан, 2014 жылы Ұлттық спорт  Жекпе-жек  Федерациясының Құрметті президенті Асқар Баймұрат Әбілдәұлы,  Каратэ-додан Қазақстан Республикасының Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының 20 дүркін чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қожаев Ержан Аманиязұлы, Ішкі істер органдарының ардагері  Ермекбайұлы Марат, Маңғыстау-Арена спорт клубының директоры Оңайбаев Зейнулла  Исламұлы, Маңғыстау облысы МКҚБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірқұлақов Майрам Жайбергенұлы  және жарыстың бас төрешісі – Халықаралық дәрежедегі төреші Қайрбаев Әділ Токтарханұлы марапаттады.

Күзет қызметкерлері арасында жекпе-жектен турнир өтті

Командалық есеп бойынша 1-орынды  Жамбыл облысы МКҚБ командасы иеленді. ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің командасы екінші сатыға тұрақтаса, Маңғыстау МКҚБ командасы үштікті қорытындылады. Жеңімпаздарға медаль, алғыс хаттармен бірге бағалы сыйлықтар табысталды.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА