Жастар-қоғамымыздың белсенді мүшесі, еліміздің ертеңгі жарқын келбеті. Олар өз білімімен, жасампаз істерімен күш-жігерінің арқасында елімізді бәсекеге қабілетті, дамыған елдер санатында қалыптастыруға атсалысуы қажет. Жастар саясатына арналып қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» сынды іргелі жобалар ауданымызда сәтті жүзеге асырылып келеді.

Бейсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Е. Күмісқалиевтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д. Сабытова, кеңес мүшелері, мекеме, кәсіпорын басшылары, белсенді жастар өкілдері қатысты. Жиынды ашық деп жариялаған Е. Күмісқалиев қатысушыларды күн тәртібіне қойылған мәселелермен таныстыра отырып, бүгінгі отырыстың өзектілігіне тоқталды.

-Бүгінгі кеңес отырысына қош келдіңіздер! Кеңестің 2017-ші жылғы өткізілгелі отырған бірінші басқосуына кеңес мүшелері толық құрамда, тізім бойынша шақырылған басшылар және ауданның белсенді жастары мен жазғы демалысқа келген студенттер қауымы қатысып отыр. Бұл келелі басқосуда біз жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқыға салып, оларды жүзеге асыру бағытында кеңесіп, айтылар ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы шаралар қабылдайтын боламыз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас»дегендей, кеңес жұмысына сәттілік тілеймін-дей отырып күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасауы үшін сөз кезегін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы А. Отарбаеваға берді.

«Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылып жатырған шаралар және оның орындалу барысы» туралы бөлімде жарты жыл қорытындысымен жасалынған жұмыстарға есеп берген бас маман бұл бағытта біраз ілгерілеушіліктер бар екендігіне тоқталды.

-Мекемелерден келіп түсетін сұранысқа сәйкес қажетті мамандарды жұмысқа жолдау, мекемелердің сұраныстарына сәйкес бос жұмыс орындарының есебін алып, жастарды кәсіби мамандықтар бойынша оқыту кәсіби жолға қойылған. Бүгінгі таңда жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешу мақсатында оқыту үдерісіне мол қаражат бөлінуде. Қысқа мерзімді курстарды аяқтаған жастарымыз сынақ тапсыру нәтижесімен өндіріске жұмысқа қабылдануда. Аудандық деңгейдегі мекемелердің бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді уақтылы бермеуі біздің жүмысымызға басты кедергі болып отыр. Сондықтан алдағы кезеңде осындай мекемелердің жауапты мамандарын шақыртып, есебін тыңдауды жолға қою керек сияқты. Халық көп шоғырланған Жетібай, Мұнайшы сияқты елді мекендердегі  жастарды  жұмыспен қамтуда кездесіп жататын жасанды кедергілерді  жоятын уақыт жетті,-деген А. Отарбаева мен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мырзақыз Аманиязованың сөздері бір арнаға тоғысып жатты. Осы арада Е. Күмісқалиевтың ұсынысымен сынақтан өте алмаған балаларды сұраныс түскен мекеме — «Жаңа серпінге» жолдау тапсырылды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе — «Жастарды кәсіпкерлікке тарту және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында атқарылған жұмыстар туралы» «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі менеджері Ә. Төлепбергеновтың есебі тыңдалды. Жасалынған баяндама қорытындысында менеджерге жастардың қызығушылығы туралы сараптама жүргізу, атқарылып жатқан жұмыстардан нақты нәтиже шығару, жастарға бағыт-бағдар беру мақсатында олардың назарына мемлекеттік бағдарламаларды ұсынып отыру, жұмысын өркендеткісі келетін жас кәсіпкерлерге барынша жағдай жасау туралы тапсырмалар берілді.

«Жаз мезгіліндегі мектеп жасындағы жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылатын мәдени және спорттық іс- шаралар туралы» аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Самат Балтабаев баяндама жасады. 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты өткізілген фестивал мен көрме, кештер, эстафеталық старттар, ұлттық ойындар туралы айта кеткен Самат 24-25 маусымда  Баспасөз және Астана күндеріне орай  орталық алаңда танымал журналист І. Ахметовты еске алуға арналған футболдан облыстық турнир өткізілгендігін жеткізді. Бөлімнің бас болуымен өткізілген басқа шаралар туралы айтып өткен бас маман 10 маусым күні бастау алған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне байланысты қолға алынған шараларға да тоқтала кетті. Баяндама соңында  Е. Күмісқалииев өзінің сын- ескертпелерін айта кетті. «Жастар әрқашан бойларына бұла күштерін сиғыза алмай жүреді. Сондықтан олардың бойларындағы артық қуаттың тиімді істерге жұмсалуын қадағалауымыз қажет. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды шараларға көптеп тарту керек. Жастар күнделікті өткізілетін мәдени-спорттық шаралардан хабардар болып отыруы тиіс. Сонда ғана олардың бойында кем-кемнен мәдени шараларға деген қызығушылық пайда болады»,-деген пікірі көп нәрседен хабар бергендей болды. «Жастар ресурстық орталығының жарты жылдықтағы атқарған жұмыстары, «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мақсатында жастарды мерзімдік жұмыспен қамту» туралы баяндама жасаған орталық директоры Мейрамгүл Аманиязова бұл мәселеге өзінің  дайындықпен келгендігін көрсетті. Арнайы слайдтар көрсету арқылы жасалынған жұмыстарға шолу жасаған директор оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін айта келе, алдағы кезеңде жастар арасында түрлі бағыттағы ұйымдар ашылғалы жатқандығын сөз етті. «Арнайы тренингтерге қатысып, біліктілігін арттырған дарынды жастар арамызда баршылық, тек олардың қолға алғалы жатқан істеріне көмек қолдарымызды созып, демеп жіберсек деймін»,-деген М. Аманиязова 15 шілде-15 тамыз аралығында өткізіліп, түрлі саланы қамтитын «Жасыл ел» бағдарламасына көбінесе әлеуметтік осал топтар өкілдері, мүгедектер тартылуда екендігін жеткізді. Осы орайда кеңес төрағасы жастар арасында басқосуды жиі ұйымдастырып отыру, олардың бос уақытын шектеу мақсатында  түрлі шараларға тарту жайын көтерді.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе — «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сай оқу бітіріп келетін жас мамандарға көмек көрсету мәселесі қаралды. Е. Күмісқалиев бұл бағытта қажетті сараптама жасап, ауданымызға бірінші кезекте қажетті мамандарды бағдарламаға енгізу, оларды қалай қылғанда да жұмыссыз қалдырмау жайы туралы  пікірін жеткізді. Кеңес жұмысын қорытындылаған төраға күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша хаттама толтырылып, оған алдағы кезеңде атқарылатын міндетті шаралар, сын-ескертпелер енгізілетіндігін жеткізді.

Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ