құдық

Кенжекең (Кенжеғали Жарылғасов) келесі әңгімесін «Төлеп» шыңырауында бір құпия бар» деп бастады.

— Төлеп көп жылдар бойы қоныстанған мекенім. Шамамен осы маңайды қоныс еткеніме отыз-отыз бес жылдай болды-ау! Басқа шыңырауларда кездеспеген бір ерекшелік бар екенін байқадым…

Жалпы қырдағы шыңыраулар туралы айтылар әңгімелер де аз емес. Қилы-қилы қызықтар да жетерлік. Кейбір хикаялары адам таңғаларлық. Қалай болғанда да өткен ата-бабалар жеті қат жердің астында тынбастан еңбектеніп, кейінгі ұрпағына ауыз толтырып айтарлықтай мол мұра қалдырғанына таң қаласың?!. Шыңырау-атадан қалған киелі мұра. Ерінбей жасаған еңбектің жемісі, нәтижесі. Кейінгі жастар үшін ғибрат алуға тұрарлық тағылым. Шыңырауларда сырын ашпай, бүгіп жатқан құпиялар баршылық. Жасырын жұмбақтары да жетерлік. Су-киелі, қасиетті дегенді еріксіз мойындайсың, түсінесің! Оны еңбектеніп қазып шығарған құдықшы да құр емес… Мысалы, атақты құдық қазушы Қараш Бейнеубайға байлар еңбек ақысына келісіп, құдық қаздырған. Бейнеубай шыңырауды айтылған жерден қазып, астау мен әйкелін құрып, малын бір қандырып көрсететін болған. Бірақ бай сараңдық жасап, келіскен ақысын төлемесе ешбір құралсыз шыңырауға бір түсіп шыққанында су тартылып қалады. Айтқанын орындағаннан кейін құдық түбінде мол су пайда болады. Қандай ғажап десеңізші?!. Өткендерден естіген әңгімемнің бір жосығы осындай. «Бұл қалай?» дегендерге, құранның бір аяты жетіп жатыр-депті күліп. Көргенімді айтамын деп отырғанымда естігеніме түсіп кеттім бе? Көргендеріме қайтадан оралайын… Кейбір шыңырауларда шығыстан жел шықса ішіндегі суы молаяды да, ал екіншісінде керісінше, батыстан жел шықса молаяды. Ал, тау ернегіндегі шыңыраулардың көбі теңізден, құбыладан жел соқса, қанша құйсаң да сарқылмайды. Сонда жер бетіндегі желдің бағыты жеті қат жер астындағы су көзіне қалай әсер етеді? Ойланатын, ойландыратын құпия, жұмбақ сырлар емес пе? Кейбір шыңыраулардан судың дыбысы ысылдап, суылдап, сарқырап, тіпті іші дүңгірлеп (« Дүңгірлек» шыңырауы) жатады.

Бірде «Айтыман» шыңырауына ел көшіп барып, «ВЛМ-100» су тартқышын құрайын деп қарасақ, ішінде су жоқ. Әрі ойландық, бері ойландық… Басқа баратын жеріміз жоқ. Күн жарым күткеннен кейін судың өзі жоқ жерден пайда болып, молая түсті. Қуанып,  су тартқышты орнаттық. Тағы бірде бір шыңырауға су тартқыш орнатқалы барсам, түбінде бір қарыстай ғана су жылтырап көрінеді. Су тартқыштың құрығына ілінер- ілінбестей. Ойланып тұрғанымда су ішетін мал жақындап қалды. Не істеу керек? Әлектеніп су тартқыш орнатқаныммен сарқылып қалса, еңбегімнің еш кеткені-ау деген ойлар мазалап барады. Нар тәуекел деп су тартқышты орнатып қыздырып су тарттық. Су ақтарылып, науаға құйылып жатыр. Манағы кішкентай су сарқылар болмады. Құдық түбіндегі мөлдіреген су сол қалпында. Су тартқыш күндіз-түні істеп тұр. Бұл құпия мені біраз ойландырып тастады…

Қырдағы күрделі шыңыраулардың бірі-Сармыс-Төлеп. Айналасында кезінде пайдаланылған жеті-сегіздей қазақ құдығы бар. Жел шығыстан шыққан күні шыңырау түбі ысылдап, судың ағысы білініп жатады. Тіптен сарқылмайды. Суы онша ащы емес,салқын күйінде іше беруге болады. Бұл арада ертеде ел қоныс теуіп, жылқы малын өсірумен айналысқан. Жер жыртып, шыңырау суына егін салған. Сол атыздардың орны күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Түпқарағаннан шығып Басқараған арқылы жүретін ұлы керуен жолының бойында жатыр. Керуеннің іздері, жүрген соқпақтары жақсы сақталған. Түбек пен Хорезм ойының жол қатынасының тарихы іспетті сыр шертеді. Төлеп шыңырауларында басқа да көп кездеспеген бір ерекшелікті байқағанмын…

Құдық қазылып болғаннан кейін тастан ойылып астау жасалынады. Ортасы дөңгеленіп ойылған тас әйкел орнатылады. Құдық айналасына жаңбыр суы іркілместей, тебін суы ішке кетпестей малта тастармен тегістеледі. Шыңырау су беруге дайын десек те суды шыңыраудан алу үшін біраз қажетті нәрселер керек. Олар: шығыр арқан, бел жіп, ағаштан жасалған айыр, доғалақ, ыс темір, қауға және т.б. Сулардың жер бетінен қашықтығы да әртүрлі: «Дүңгірлекте»-42, «Тесіктамда»-51, «Үйсінде»-57 аршын дегендей. « Төлеп» шыңырауындағы судың қашықтығы 25 метр болса, қатар қазылған екі құдықтың да арақашықтығы осындай өлшеммен дәл қазылған. Екі шыңыраудан шығырға түсетін бір көлікпен, бір кезеңде су шығару күні бұрын жобаланып жасалған және іске асырылған. Шығырға түсетін көліктің (атан, нар, ат) екі жағына да шығыр арқан байлап, бірінші шыңыраудан су тартып келе жатқанда, екіншісіне қауға суға қарай төмен түсетін есеп жасаған. Кейін қайтып екінші құдыққа жеткенде алдыңғы әрекет қайта жалғасып отырады. Шығыр көлігі екі шыңырау аралығында «кел де қайт» болып тұрғанда екеуінен де су шығып жатуға есеп жасалынған. Қауғаның алдын алатын адам екеу (шыңырауда екеу), бірақ шығыр көлігі біреу, шығырға мінетін бала да біреу болғанымен екеудің жұмысын атқарған. Шығыр жолдары, тастағы белгілер мен таңбалар осыларды айтып, күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Оларды тек көзі қарақтылар ғана байқай алады. Көптеген шаруа баққан адамдар жер бетіндегі суды үйлестіре алмай отырғанда біздің өткен ата-бабаларымыздың «зынданның» түбіндегі суды сығымдап алып қыруар мал өсіргендігі, тіпті жер жыртып егін салғандығы кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге боларлықтай іс емес пе?!. Кейінгі ұрпақтары осылардан тағылым алса жаман ба? «Төлеп» шыңырауындағы бір құпия осыны дәлелдеп жатқандай дей келе Кенжекең әңгімесін аяқтады. Өткен бабалардың ерінбейтін еңбеккерлігі әркімге де ой салғандай…

Бесінбай БЕГЕНІШ

Сенек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері