Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.

Н. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

         «Holiday Inn» қонақ үйінде «Жас мамандардың өндірістегі рөлі» тақырыбында «Қаражанбасмұнай» АҚ жас мамандар кеңесінің форумы өтті. Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясының президенті Есен Қайыржан, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев, «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Төремұрат Көбен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Жас мамандар кеңесінің» төрағасы Саят Кайгельдинов қатысып, жас мамандар кеңесінің үш жылдық мерейтойымен құттықтап, ақжарма тілектерін ағытты.

        03 — Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында үш жылдық мерейтойын тойлап отырған жас мамандар кеңесінің мүшелерін айтулы мерекемен құттықтаймын. Осыдан бір жыл бұрын облыстық кәсіподақтар жанынан «Келешек» жастар қанаты құрылған болатын. Оның құрамында қаражанбастық біршама жастарымыз бар, олардың барлығы облыс көлемінде өткізілетін мәдени-көпшілік, спорттық шараларға белсене қатысуда. Ұжымдық шарт жасауда да «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері де белсене атсалысты. Мұның барлығы-компания басшысының біліктілігі мен ұжымның ауызбіршілгі деп санаймыз. Сондықтан да мекеменің жастарын тағы да мерейтоймен құттықтап, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін,-деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков кәсіподақ жұмысына белсене атсалысқан бірқатар жас мамандарды марапаттады.

        06 «Жас мамандар кеңесі»-2013 жылы қыркүйек айында компания жанынан құрылған қауымдастық. Негізгі мақсаты-мекеме қатарында еңбек етіп жүрген жас мамандардың басын қосып, олардың жаңа қырынан танылуына ықпал ету. Және заман талаптарына сай әрекет ете алатын, бәсекелестік қабілеті жоғары, ел ертеңі үшін аянбай еңбектенетін, өзіндік ойы бар көшбасшылар шоғырын қалыптастыру. Бүгінде кеңестің құрамында 18-35 жас аралығындағы 250 белсенді жас бар.

         -Жас мамандар кеңесінің алдында-жастарды «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға тарту, «Қаражанбасмұнай»,«ҚазМұнайГаз» ҰҚ кадр резервіне енгізу, жастардың азаматтық және патриоттық сезімдерін өздігінен дамытуын ынталандыру, кеңесінің құрамына жастарды тарту міндеттері тұр. Сонымен қатар алдымызда жастарды кәсіби және лауазымдық өсуін арттыру, жас мамандардың белсенділігін 100% -ға жеткізу, ғылыми- инновациялық жобаларды 60%-ға көбейту, жас мамандардың жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дамуына ат салысу, олардың көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиетін дамыту мақсаты тұр,-деген «Қаражанбасмұнай» АҚ жанындағы жас мамандар кеңесінің төрағасы Данияр Оралов кеңестің жетістіктері жайында әңгімелеп берді.

     05    Оның айтуынша, өткен жылы «Жас мамандар кеңесінің» белсенділері Бағдат Қойлыбаев пен Махамбет Елеусинов Венгрияға барып, «ҚМГ» ҰК стипендиясымен мұнай газ саласындағы жоғары кәсіптік білім сатысын игерген. Айдын Қожаш-«ҚМГ»ҰК инновациялық жобасынан бірінші орынды, Руслан Ақмұханов-екінші орынды, мұнайшылар конкурсынан Асқар Нұранов «Жас Мұнайшы-2015» номинациясын еншілеген. Ал, Ержан Айтпаевтың КиПиА саласында «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика» атты кітабы қазақ тілінде жарық көрген. Татарстан Республикасының «Татнефть» компаниясына тәжірибе алмасу үшін 30 жас маман барып, қайтқан. Сондай-ақ, «Жас мамандар кеңесінің» белсенділері Мәскеуде өткен шағын футболдан бірінші және облыстық жұмысшы жастар арасында өткізілген «Жайдарман» ойынынан екінші орындарды қанжығалаған.

         -Кеңестің негізгі бағыты-жастардың біліктілігін арттыру, жастардың инновациялық бастамаларына қолдау көрсету және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Үш жыл ішінде кеңес 25 мәдени әлеуметтік шаралар, 20 ғылыми-инновациялық жобалар, 30 спорт шараларын, 15 қайырымдылық шараларын өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар да алдағы уақытта жалғасын табады,-дейді Данияр Оралов.

         04Форум аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясының президенті Есен Қайыржан кеңес мүшелеріне төсбелгі мен алғысхаттар табыстады. Форумнан соң жастар «TED TALKS» кездесуіне қатысып, қонақтарға сұрақтар қойып, еркін пікір алмасты. 26 қазан күні форумға қатысушылар үшін пейнтболдан жарыс ұйымдастырылды.

Венера МИРЛАН