Әулиелі Маңғыстау топырағы – тек, жер астындағы табиғи байлықтарымен емес, сондай-ақ рухани қазынасымен да бай өлке. Кең Маңғыстау – әлемдік өркениетке олжа салған ұлттық өнеріміздің майталмандары Мұрын жырау Сеңгірбекұлы, Сүгір жырау Бегендікұлы, Мұрат Өскенбайұлының кіндік қаны тамған жер.

Маңғыстау түбегінің ата-баба аманатына адалдығының, салт — дәстүрге бекемдігінің, ұлттық бірегей құндылықтарды – Тәуелсіздіктің басты нышаны ретінде түйсінуінен деп білген жөн.

Маңғыстау жаһандық үдерістерге қарамастан, шын мәнінде түп-төркінін төрге оздырған аймақ.

Алғашқы күнінің шымылдығы халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жорға» биімен ашылған дәстүрлі, облыстық «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестивалі екі күнге созылды.

Биылғы фестиваль – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және қазақтың ақиық ақындары Қалнияз Шопықұлының 200 жылдық, Қашаған Күржіманұлының 175 жылдық, Сәттіғұл Жанғабылұлының 140 жылдық мерейтойлары аясында аталып өтті.

Фестивальдің мақсаты – салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді, рухани қайнарымызды ұлықтап, жас ұрпақтың санасына тоқу!

Өнер шарасы «Шұбат» дайындаушылар, «Фольклорлық ансамбльдер», «Дәстүрлі қолөнер бұйымдары» және «Жыршы — жырау» аталымы бойынша екі күнге созылды.

Құттықтау сөз және фестивальді ашу құрметіне Маңғыстау облысы мәдениет басқарма басшысының орынбасары Пания Сармурзина және «Нұр Отан» партиясының МОФ төрағасының орынбасары Мұханбет Жүнбасов ие болды.

Фестиваль байқауында облыстық мәдениет басқарма басшының орынбасары, қазылар алқасына Пания Сармурзина төрайымдық етіп, жыршы, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Жеткізген Сейітов, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Рахат Мадреев, облыстық ғылыми — әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының маманы Сұлтанбек Құдайберген, суретші, зергер Сағидолла Оразов, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қоғамдық қорының төрайымы Әуес Сағынаева, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының әртісі Ғани Қолғанатов, жыршы-термеші Ақылбек Өтешов төрелік етті.

Жыршы-жыраулар сайысына Ақтау қаласынан Манас Жарасхан, Мұнайлы ауданынан Орынжан Селбаев пен Темірбек Асқанбаев, Қарақия ауданы Серік Темірханов, Маңғыстау ауданынан Әбубәкір Нұрниязов, Айбек Жыңғылбаев, Ниязтұрлы Бектұров, Жаңаөзен қаласынан Дәмегүл Ізбасарова мен Нұрлан Мұрынов, Түпқараған ауданынан Сәттіғали Нұрдаулетов қатысып, байқауға түсіп, бақ сынасты.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Жыршылар 1-кезеңде міндетті түрде Қашаған Күржіманұлының «Бұл өмірдің мысалы», Сәттіғұл Жаңғабылұлының «Мүштарих сөзін», өз қалаулары бойынша «Қашағанның Аралбайды жұбатуы», «Қашағанның Сақыпқа айтқаны, Сәттіғұл Жаңғабылұлының «Әлеумет, келдің құрала» немесе «Мен жүйріктің мирасы» термелерін орындауға тиіс болды.

2-кезеңде оларға өз таңдаулары бойынша Қашаған Күржіманұлының «Топан» немесе «Атамекен» дастанының бірінен үзінді және міндетті түрде Сәттіғұл Жанғабылұлының «Досан батыр» дастанынан үзінді орындау міндеттелді.

Алдымен жыршы-жыраулар сайысқа түскен өнер мерекесі фольклорлық ансамбльдердің байқауына жалғасты, кешке теңіз жағасында шұбат дайындаушылар мен дәстүрлі қолөнер бұйымдары шеберлерінің өнімдерін қызықтап қана қоймай, көпшіліктің сатып алуына мүмкіндік жасалды. Сонымен бірге, мерекеге жиналған жұрт теңіздің саф ауасымен демалып, аудан, қалалардан келген өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалап, көңіл көтерді.

Мерекелік шараның екінші күні фестиваль сахнасы «Ақжарма» ансамблі Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен ашылып, М. Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлы ансамблі халық күйі «Телқоңырды» орындады.

Бұл күні «Фольклорлық ансамбльдер» сайысқа түсті. Қатысушыларға қойылған талап бойынша ансамбльдер міндетті түрде Шамығұл Ыбрайымұлының «Қазақстан» күйін, қалауы бойынша Маңғыстау күйлерінен өздерінің өңдеуіндегі 1 күйді және өз қалаулары бойынша шетел сазгерлерінің 1 шығармасын орындауға тиісті болып, бар өнерлерін ортаға салды.

Ансамбль солистері өз қалаулары бойынша Бекболат Тілеуханның «Елім менің», Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені», Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер», Ғарифолла Құрманғалиевтың «Сәлем, туған ел!», Айдарбек Оңайбаевтың «Туған ел», Қондыбай Шалабаевтың «Астана — Ақордам» әндерінің бірін орындады.

Ақтау қаласы Абай мәдени-демалыс кешенінің «Ақтау сазы» фольклорлы ансамблі — Ш.Ыбрайымұлының «Қазақстан», Құлшардың «Атжортақ» күйі, Қ.Шалабаевтың «Астана — Ақордам», А.Пьяццолланың «Либертанго», Мұнайлы ауданы «Ақжелең» фольклорлы ансамблі – Ш. Ыбрайымұлының «Қазақстан», Өскінбайдың «Кербез Айша», Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер», Курбониеннің «Шығыс әуені», Қарақия ауданы «Жетібай сазы» фольклорлы ансамблі – Ш. Ыбырайымұлының «Қазақстан», Мырзатай Болатовтың «Қара жорға», Айдарбек Оңайбаевтың «Туған ел», «Венгер биі №5 Броместр», Маңғыстау ауданы «Отпан» халықтық фольклорлы ансамблі — Қоңыр Жүсіпұлының «Қоңыр», И.Тамариннің «Музыкальный привет», Қондыбай Шалабаевтың, Қ.Шоқанның «Астанам Ақ ордам», Ш. Ыбырайымұлының «Қазақстан», Жаңаөзен қаласы «Өзен» фольклорлы ансамблі – Ш. Ыбрайымұлының «Қазақстан», Есірдің күйі «Шалқыма», Ғ.Құрманғалиевтың «Сәлем, Қазақстан», Гранадостың «Испан биі», Түпқараған ауданының «Саз» фольклорлы ансамблі Ш. Ыбрайымұлының «Қазақстан», М. Өскінбаевтың «Би күйі», Ғ. Құрманғалиевтың «Сәлем Қазақстан», Курбониеннің «Шығыс әуені» шығармаларын орындап, өзара бақ сынасты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестивалі аясында теңіз жағасындағы сахна маңында «Шұбат дайындаушылар» мен «Дәстүрлі қолөнершілердің» сайысы, аудан, қалалардан келген өнер ұжымдарының концерті және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өткізілді.

Фестивальдің соңғы күні шұбат дайындаушылар мен дәстүрлі қолөнер бұйымдары шеберлерінің байқауына ұласып, қатысушыларға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев алғысын білдіріп, құттықтау тілек айтты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестивалінің қазылар алқасының шешімімен төмендегідей жүлделі орындар белгіленді:

«Жыршы-жыраулар сайысы» аталымы бойынша I орынды (70 000 теңге) Мұнайлы ауданынан Темірбек Асқанбаев, II орынды (50 000 теңге) Маңғыстау ауданынан Әбубәкір Нұрниязов, III орынды (30 000 теңгеден) Түпқараған ауданынан Сәттіғали Нұрдәулетов және Маңғыстау ауданы Ниязтұрлы Бектұров иеленіп, ақшалай байрақ алды.

«Фольклорлық ансамбльдер» аталымы бойынша I орынды — Маңғыстау ауданының «Отпан» халықтық фольклорлы ансамблі жеңіп алып, 100 000 теңге, II орынды — Ақтау қаласының «Ақтау сазы» фольклорлы ансамблі жеңіп алып, 80 000 теңге, III орынды — Түпқараған ауданының «Саз» фольклорлы ансамблі жеңіп алып, 50 000 теңге байрақ алды.

«Шұбат дайындаушылар» аталымы бойынша I орынды (70 000 теңге) -Түпқараған ауданынан Шынаргүл Нұрулина, II орынды (50 000 теңге) Маңғыстау ауданынан — Сатыбалды Оразбаев, Қарақия ауданынан Алтынгүл Қожахметова, III орынды (30 000 теңге) — Бейнеу ауданынан Маржан Қуанышбекова, Маңғыстау ауданынан Бексұлтан Аққұлов, Жаңаөзен қаласынан Баршагүл Бермағамбетова бөлісті.

«Дәстүрлі қолөнер бұйымдары» аталымының малдың жүні, мал мен аң терілерінен істелген бұйымдар бойынша: I орын (70 000 теңге) — Қарақия ауданының шебері Аманжол Тасмағанбетовке, II орын (50 000 теңге) — Маңғыстау ауданының шебері Қалам Өмірбаеваға, III орын (30 000 теңге) — Қарақия ауданының шебері Ақшагүл Қарымсақоваға, ағаш түрлерінен істелген бұйымдар бойынша: I орын (70 000 теңге) — Мұнайлы ауданының шебері Ерсайын Қайырбаевқа, II орын (50 000 теңге) — Жаңаөзен қаласының шебері Асқар Қазақбаевқа, III орын (30 000 теңге) — Ақтау қаласының шебері Юрий Лавровқа, металл түрлерінен істелген бұйымдар бойынша: I орын (70 000 теңге) — Мұнайлы ауданының шебері Данияр Оразға, II орын (50 000 теңге) — Маңғыстау ауданының шебері Амангелді Рахметовке, III орын (30 000 теңге) — Ақтау қаласының шебері Разия Тұтқараеваға бұйырды.

Оған қосымша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестиваліне 33 қатысушы алғыспен марапатталды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

30

29

28

27

31

26

25

24

23

22

21

37

36

34

32

33