Тіл—достықтың құралы. Әркімнің туған жері өзіне қаншалықты ыстық болса, туған тілі де соншалықты қымбат. Тағдыры талқыға түсіп, елімізге амалсыздан ауып келген алуан түрлі ұлттар қазақтармен терезесі тең өмір кешуде. Дархан даламызды мекендеген өзге ұлттарға деген құрмет ретінде жыл сайын Тілдер күні атап өтілуде.

Халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастық—біздің мемлекетіміз құрылысының негізгі тірегі. Ұлт жоспары–Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамын орындау және «Үш тұғырлы тіл» идеясын іске асыру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының достығы, туыстығы мен бірлігінің белгісі, татулықтың туы іспетті осынау мереке аясында Достық үйінің мәжіліс залында жоғары және орта білім беретін оқу орын студенттерінің арасында «Үш тіл білетін ұрпаққа үміт мол» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Гүлжан Исмурзина ашып, тілдер мерекесінің қоғамдық маңызы туралы әгімелеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Бұған дейін екі апта арасында өңіріміздің жоғары және орта білім беретін оқу орындарының студенттері іріктеу турынан өткен болатын. Байқауға қатысуға 16 студент ниет білдірген. Олардың арасында Түпқараған ауданының және Жаңаөзен қаласының студенттері бар. Байқау шарты бойынша қатысушылар белгілі бір ақынның немесе жазушының шығармасын үш тілде мәнерлеп оқып беруі тиіс болды.

Сахнаға шыққан жастар Абай Құнанбаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Тарас Шевченко, Александр Пушкин, Сергей Есенин және басқа белгілі ақындардың шығармаларын әр тілде мәнерлеп оқыды.

  Қазылар алқасының қатаң сынынан өткен сайыскерлердің оза шауып, дара көрінгендері тиісті аталымдарға ие болды. Атап айсақ, туризм колледжінің студенті Әділжан Қалдығарин «Үздік мәнерлеп оқу», Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Ұлзия Әзілханова «Үш тілді жетік меңгергені үшін», Тынышпаев атындағы  көлік және коммуникация колледжінің студенті Қуаныш Орынханов «Үздік талант», Ақтау гуманитарлық колледжінің студенті Мөлдір Елубаева «Үздік бейне», Ақтау гуманитарлық колледжінің студенті Әсима Жанқұлова «Үздік әртістік қабілеті үшін», Ақтау гуманитарлық колледжінің студенті Арайлым Хыдырова «Тақырыпқа сай және репертуарды таңдау», Ақтау гуманитарлық колледжінің студенті Шахноза Молотова «Сахналық мәдениеті», осы колледжде оқитын Әсемжан Калим «Қатысқаны үшін» аталымдарымен марапатталды.

  Абайша айтқанда, сөз патшасы—өлеңмен әр тілде өрілген ойларды нақышымен жеткізе білген ұл-қыздарды өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өнерпаз ұжымдары құттықтап, өз өнерлерін мерекеге арнады.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

%d1%82%d1%96%d0%bb-%d1%82%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8b-2 %d1%82%d1%96%d0%bb-%d1%82%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8b1