Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен өткен Әлем кубогі мәресіне жетті. Дүбірлі додадан маңғыстаулық 84 келі салмақта Жұбатқан Сайынов Әлем кубогін еншілеп, алтыннан алқа тағынды. Жерлестеріміз 84 келі салмақта Әлімбек Қуанғалиев пен 51 келі салмақта Нұрберген Демесинов болса күміс медальді қанжығалады. Сондай-ақ Дәулет Қадыр, Жамбыл Таңбай, Дастан Батырхан, Данияр Сақтап, Ғани Әбілханов қола медальдарға қол жеткізді. Спортшыларды жарысқа Маңғыстау облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Есенмұрат Селиков пен Төремұрат Селиков дайындады.

        13

— Қыркүйек айының 21-25 аралығында Ресейде кикбоксингтен ересектер мен жасөспірімдер арасында Әлем кубогы өтті. Кикбоксингтің фулл-контакт, лоу-кик, к-1 бөлімдері бойынша өткен жарысқа 27 мемлекеттен 830 спортшы қатысып, бақ сынады. Маңғыстау облысынан 12 спортшы барып, соның 8-і жүлделі орындармен оралды. Бұл жеңісіміз-біздің Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне тартуымыз деп есептеймін. Бұған дейін Ирландияның Дублин қаласында кикбоксингтен өткен Әлем чемпионатынан маңғыстаулық 5 спортшы жеңіске жеткен болатын. Жалпы жарыстарға қатысуға қолдау көрсетіп жүрген облыстық спорт басқармасына және спортқа жанашыр азаматтарға алғысымды айтамын. Ата-аналарға балаларыңыздың бос уақытын тиімді пайдаланып, әр түрлі спорт секцияларына қатыстырыңыздар дегім келеді. Салауатты ұрпақ тәрбиелеуге барлығымыз атсалысайық,-дейді Маңғыстау облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Есенмұрат Селиков.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін Есенмұраттың шекпенінен үш Әлем чемпионы мен екі Әлем кубогінің иегері шыққан. 2012 жылы шәкірті Жасұлан Нежимов (Словакия) Әлем чемпионы атанса, араға екі жыл салып бұл жеңісті Нұрболат Жайлаубаев (Италия), 2016 жылы Бекжан Жайлаубаев (Ресей) қайталады. 2014 жылы Ресейде өткен жарыстан қос шәкірті Ахмет Нәбиев пен Жасұлан Нежимов топ жарып, Әлем кубогінің иегері атанды. Енді олардың қатарын 2016 жылы Әлем кубогінің иегері болып, Жұбатқан Сайынов толықтырды.

Венера МИРЛАН

14

15

12