Түпқараған тамыз кеңесі

Бүгін Түпқараған ауданында «Білімді ел-мәңгі ел» тақырыбында тамыз кеңесі өтті. Облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары Туржанова Айжаксы Жылкыбаевна, аудан әкімі Темірбек Асауов, аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева және аудандағы білім беру ұйымдарының екі жүздей ұстаздары қатысты.Онда білім саласындағы жаңа өзгерістер мен бес күндік оқудағы алтыншы күн қосымша білім беруге арналатыны туралы айтылды. Ауданда 8 мектеп болса, биыл Форт-Шевченко қаласынан жаңадан оқу жылында іске қосылатын мектеп-лицеймен қатары толықты.

— Ауданның жалпы білім беретін мектептерінде 538 мұғалім оның ішінде ауыл мектептерінде 487 мұғалім жұмыс жасайды. Жоғарғы санатты мұғалімдер үлесі 48,7пайызды құрап отыр. 2016-2017 жыл аралығында бітіріп келген жас маманның саны отыз, олардың он тоғызы әлеуметтік көмек арқылы бітіріп келіп отыр. Аудан мектептеріне бұл мамандар өз мамдықтары бойынша орналасты. Басқа облыстардан химия, математика пәнінен мұғалімдер шақыртылды. Түпқараған ауданының білім беру ұйымдарын оқулықтар, әдістемелік құралдармен қамту үшін 48 млн.тенге және тасымалға 2,5 млн бөлінді, — деген Айбаршын Қуанышқалиқызы инклюзивті білім беру бойынша да ауданда 49 оқушы анықталып отырғанын айтты. Олардың көбісінің дигноздары — есту қабілетті төмендігі, құлақ мүкістігі, тірек қимыл жұмыстарының бұзылуы және ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балалар болса, алдағы уақытта осындай балалар үшін мектептерде пандустар мен көтергіш құралдар, арнайы парталармен жабдықтау көзделуде екен.

Сонымен қатар, аудан бойынша 1 компьютерге 25 баладан келеді. Бұл тарапынан да облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова аудан әкіміне бұл мәселеде білім бөліміне қолдау білдіріу қажеттігін айтып, көрсеткішті төмендетуді сұрап, аудандық білім бөліміне аула клубтарының жұмыстарын жандандырып, көбейтуді тапсырды.

Аудан білімін жаңаша әдіспен жетілдіру мақсатында робототехника жұмыстары да қолға алынып, инфарматика пәнінің мұғалімдері білімдерін жетілдірген. Ауданның білім саласы өткен оқу жылы қорытындысы негізінде жетісткітермен қорытып отырғанын осыған дейін де сүйіншілеп жазған болатынбыз.

Республикадағы 30 мектеппен бірге апробацияға түскен аудандағы М. Горький мектеп – лицейі эксперименттен сәтті өтіп, жұмысы «үздік» бағаға бағаланса, Үздік мектептер қатарына аудандағы Ақшұқыр ауылындағы жас әрі жаңашыл жаңа мектеп-лицейі қосылды.

Тамыз кеңесі соңында аудандағы білім беру ұйымдарының бір топ қызметкерлері аудан әкімінің алғысы, облыстық білім беру басқармасының грамотасы және алғыстары мен аудандық білім бөлімінің де алғыс хаттары табыс етілді.

Жылдағы жаңылмас дәстүр ізімен ауданға жаңадан қызметке келіп, аудан ұстаздарының қатарын толықтырып жатырған жас ұстаздар да сахна төрінен табылып, сөз алды.

Сондай –ақ, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды.

Түстен кейін тамыз кеңесі секция жұмыстарымен жалғасты.

Милана ЕЛЕУСІНОВА
Фотоға түсірген авторТүпқараған тамыз кеңесі