Сонау арғы сақтар, ғұндар, берісі көктүріктер, Алтын Орда дәуірінен бастап ата-бабаларымыз «бірлік болмай, тірлік болмайтынын» бағамдай білді. Осынау ұлан-ғайыр далаға иелік етіп отырмыз десек те, «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық даналығын еріксіз еске аламыз. Бүкіл дүние жүзінің картасынан ойып тоғызыншы орын алып, Ұлы Дала елі атанып отырсақ, оның да түпкі негізі бар. Қазақтың Ұлы Даласын жайлаған түркі тайпалары тарихтың неше алуан алмағайып кезеңдерінде бастарын қосып, Алаштың ақ туының астына бас біріктіре білді. Сол арқылы жер бетінен жойылып кетпеді, елі мен жері, тілі мен ділін де сақтап қала білді. Олар үшін даңқты ата-бабалардың ерлік, бірлік дәстүрлерін кіршіксіз сақтап, елді, жерді көздің қарашығындай қорғау басты өмірлік қағидаға айналды. Ал мұның өзі әрбір дүниеге келген сәбидің ерте есейіп, халқына қалқан болуына, бірлік арқылы ғана жеңіске жетуге болатынын ерте бастан түйсінуіне баулыды.

Сондықтан да ерте замандардан қазақтар қоғамында бірлік – елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Ел тізгінін қолына ұстаған адамдар – ақсақалдар, билер, хан­дар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген. Ру мен тайпа арасындағы ұрыс-керіс, барымтаға тыйым салып, тен­тек-телілерді тезге салып отырған. Бетіне басу, ұялту арқылы тәрбиелеген. Әйгілі Әйтеке бидің «Жігіттің жақсысы – өзі де сөзге тоқтай білген, өзгені де сөзге тоқтата білген» деуі жайдан-жай емес. Біз бір ауыз сөзге, ақылға, жөн-жобаға, елдік өрелі пайымға жүгінген есті де текті халықпыз.

Сондықтан бүгінгідей жаңарған қоғамда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел бірлігі мен ынтымағын сақтау тұрақтылық пен өркендеудің басты шарты екендігін өз сөздері мен құттықтауларында қазақстандықтарға үнемі айтып отыруы – биік тұлғалық қасиет пен көрегендіктің үлгісі. Мемлекет басшы­сы түрлі басқосуларда, алқалы жиындарда, Қазақстан халқына Жолдауында, Парла­мент және Ассамблея сессияларында және т.б. кем дегенде жылына 9 – 10 рет осы ізгі ойларын отандастарына арнайды екен.

Қазақстан халқы арасындағы бірлік пен ынтымақты негізгі тұғырнама ретін­де айқындай келе, ел Президенті қазақ этносының рөлі жайлы былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Қазір елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағында ел бірлігінің маңыздылығы жайлы еңбектер өте көп. Қазақ халқы отансүйгіштікке тәрбиелейтін зор этнофольклорлық мұраны қалыптастырған. Ал «фольклор дегеніміз – халық психологиясының айнасы» дейтін қағида ертеден айтылып жүр.

Егемен, тәуелсіз Қазақ елінде жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолымызды, шыққан тегіміз бен биігімізді бағалай білуіміз қажет. Өйткені өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайды. Біздің өткен жолы­мыз, шыққан биігіміз Еуразия даласын дүбірлете өтіп, Еуропа әлемін оятқан қаһармандық пен қайсарлықтың, ұлттық өршіл рух пен жасампаздықтың үлгісі.

Ұлттық дәстүрі мен мәдениеті дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады деген ұғымда да үлкен гәп бар. Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін заң нормаларын дала өркениетіне сіңдіру негізінде дайындалып, сол кезеңдерде Ата заңға айналған кодекстердің ішінде: «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бұқара халықтың тіршілігіне қажетті гуманистік идеялардан туындаған әлеуметтік мәні зор осынау қағидалар дала өркениетінде ұрпақтар сабақтастығының болғанын дәлелдейді.

Ұлы дала елінде инновация ұғымы ер­теден, сонау Қасымханның тұсында Ке­рей мен Жәнібек хандар Шу мен Талас бойындағы елмен шектел­мей ұлы даланың әр түкпірінде тарыдай шашылған ұлыстардың басын біріктіру үшін, қазірше айтқанда, мемлекеттік басқару мен елді біріктірудің жаңа үлгісін, экономикалық ықпалдастықтың жаңа түрін қалыптастырудан басталғанын байқатады. Осының арқасында қысқа уақыт ішінде жаңа хандыққа біріккен халық саны миллионға жеткен. Инновацияның түрлері көп емес пе? Мұны ұйымдастырушылық инновация деуге және халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтудың құралы деп есептеуге болады. Халқымыздың Қазақ хандығының астында бас құрауға тайлы-таяғы қалмай шұбырып, асқан құлшыныс танытуы бір жағынан көптен күткен арманның іске асуы болса, екіншіден тарихтың тартуы десе болғандай. Осы ынтымақ елдің елдігін танытты, туырлығы бір қазақ атаулыны бір шаңырақтың асты­на топтастырды. Сол арқылы Атам Қазақ өзінің тарих сахнасындағы алар орнын айшықтады, алысқа да, жақынға да өзін мойындата білді.

Халқымызда ойшыл ғұламалардың, дала философтары атанған абыздардың еңбектері ерекше орын алады. Олардың ішінде Асан Қайғы толғауларында, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» адамның тәні мен жаны және оның өмір сүретін ортасындағы қарым-қатынастар жүйесі жайлы жазғандары ерекше бағалы. Бұлардан ертеректе өмір сүрген ұлы дала ғұламалары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн т.б. жан туралы түсініктерге сүйене келіп, дүниедегі тіршіліктің басқарушысы, рет­теушісі жүрек десе де, мидың атқаратын рөлін жоққа шығармайды. Оның адам есіне, ойлауына байланысты ой-түйіндері мен келтірілген нақты мысалдары қазіргі ғылым тұрғысынан дәйекті де, нанымды. Осындай психологиялық ой-пікірлерді екінші дала ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати да айтқан. Оның қазақ халқының өзіндік психологиясы, ел басқару, дін мен денсаулық, ұрыс жүргізу туралы айтқандары психологиялық тұрғыдан ерекше на­зар аудартады.

Қазақ халқының азулары алты қарыс философ-жыраулары – Шалкиіз, Жием­бет, Ақтамберді, Шал ақын, Бұқар Қалқаманұлдарының көшпенділер психологиясының сан қырларын суреттейтін толғаулары, дала дипломаттары атанған ұлы үш биіміз Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің сөздерінің ішінде туған жер мен Отанға арналған, ел бірлігі мен ынтымағына арналған ойлары өте көп екенін көруге болады.

Ендеше бұл ұғымдардың әр қазақстандықтың өмірлік кредосына, ұстанымына айналды деуге толық негіз бар. Деген­мен де қоғам мүшелері қаншалықты оны ұғынады, бағалайды? Әрбір жеке адам қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтаудағы өз жауапкершілігін сезіне ме? Әлде бұл тек мемлекеттік органдардың міндеті деп түсіне ме?

«Бірлік те ерлік сияқты сын сағатта сы­налады» дейді дана халқымыз. Ақтөбе қаласында үстіміздегі жылдың 5 маусы­мында орын алған оқиға қоғамда еш үрей мен қорқыныш тудырған жоқ, керісінше, адамдарды біріктірді, мұндай опасыз іс-әрекетке қарсы тұрғызды, ниеттері мен көзқарастарының бір екендігін байқатты. Бұл оқиға белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір тудырғанымен, ел ішіне іріткі сала алмады. Себебі соғысты, ашаршылық пен жұтты басынан өткізген қазақ халқы ел ішіндегі бірліктің қадірін жақсы біледі.

Осы тұрғыдан алғанда, қазақ жастарының арасында қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы өзекті бола түспек. Ол үшін мемлекет пен әр жеке адамның өзара қатынастары замана­уи жолдармен дамытылып, екі жақтық жа­уапкершілік негізінде құрылуы керек. Ен­деше жеке адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың кейбір психологиялық аспектілеріне тоқталайық.

Мемлекет пен жеке адамның өзара қатынастарының сипаты жалпы қоғамның даму алғышарттары үшін маңызды көрсеткіш. Әр адамның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуы, қоғамның даму тен­денцияларымен тығыз байланыста қарастырылуы керек. Себебі қоғам – бұл адамдар арасындағы қатынастардың та­рихи түрде дамып келе жатқан жүйесі, адамдардың бірге өмір сүру процесіндегі өзара іс-қимылының өнімі. Сонда, қоғам мен жеке адам бір-біріне өзара қызмет көрсететін, үзіліссіз бірлікте ғана тіршілік ететін құбылыстар екендігін түсінеміз. Яғни жеке адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның өнімі болғандықтан оны түйсініп, бағалай білуі маңызды.

Адамның материалдық және рухани даму көрсеткіші, сапасы, мүмкіндіктері мен мін­деттері нақты адамдардың, жеке адам мен қоғамның өзара күрделі қатынастарының нәтижесі ретінде ғана пай­да болады. Сонда адамдар арасындағы құқықтық, материалдық, әлеуметтік жағдайындағы елеулі ерекшеліктер нақты осы айтылғандарға байланысты болмақ. Уақытқа, тарихи, географиялық, саяси кеңістікке, қоғам өмірінің объективтік және субъективтік факторларына байланысты жеке адамның негізгі көрсеткіштері бір-бірінен едәуір айырмашылықта болуы мүмкін. Осыған байланысты адамның кей­бір құқықтары мен еркіндіктері, айталық өмір сүру құқығы және еркіндік құқығы, мысалы, қазіргі Еуропа жағдайында өзінің мазмұны бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы кезімен немесе Ресейдегі проле­тариат диктатурасының дәуіріндегі осы құқықтардан айрықша ерекшеленеді. Мы­салы алдыңғы қатарлы технологиялардың дамуы және адам құқықтарының ерек­ше қорғалуымен ХХ ғасырдың басын­да көш бастаған орталық Еуропа әлемге фашизмнің нағыз жауыз, қанішер үлгісін таратты, адам еркіндігі мен өмір сүру құқығын жоққа шығарды. Ал қоғамдағы адами қатынастар тұрғысынан қарағанда тоталитарлы деп бағаланған пролетариат диктатурасы орнаған советтер қоғамы фа­шизм сияқты зұлматты әшкереледі және түп тамырына балта шапты. Советтердің бұл ұстанымын кейінірек бүкіл әлем қолдады. Демек, әр қоғамда өмір сүрген жеке адамдар үшін еркіндік пен өмір сүру құқығы ұғымдарының жария етілуі мен іс жүзінде қорғалуында айырықша ерек­шеліктер болғанын көреміз. Сайып келген­де белгілі бір қоғамдық орталар тудырған жеке тұлғалар қатынастарының шиеленісуі жалпы әлемнің прогрессивті даму жолы­на түсуіне оң әсер еткенін тарих көрсетіп отыр. Біз, бүгінгі қазақстандықтар, салыс­тырмалы түрде жеңімпаз және ізгілікті қоғамның ұрпағымыз: фашизмді тудырған емес, жойған қоғамның ұрпағымыз. Ол – тарихи шындық. Қазақстан қоғамында еш уақытта адам еркіндігі мен өмір сүру құқы тапталмайды, керісінше, ол Ата заңмен қорғалған және кепілдендірілген.

Әрине, Кеңестер қоғамының да өзіндік кемшіліктері болды. Стлиндік-голощекиндік қолдан жасалынған зұлматтың нәтижесінде халқымыз тең жартысынан айырылып, өз жерінде азшылық болып қалды. Қазақ тіліндегі мектептер, балабақшалар жабы­лып, ұлттың басына қатер төнді. Ату, асу­лар етек алды. Осындай ауыр кезеңдердің өзінде Алаштың арыстары бас болып, қазақ жерінің аумағын сақтауға да, қорғауға да күш салды. Осы мақсат жолында елді ұйлықтыра білді. Сірә да аузы бір халықты ешкім жеңе алмайтыны белгілі. Жетпіс жыл бойғы күрестің соңы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасымен бас­тау алып, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасымен жалғасып, ақырында 1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп, біз ата-бабалар ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраттарға үлкен күрестер арқылы, әйтеуір бейбіт жолмен қол жеткіздік. Сұңғыла Әбіш Кекілбаев айтқандай, ен­дігі жерде «Тәуелсіздікті иеленуден оны сақтап қалу қиын» екендігін ұғынғанымыз, ол үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жымдаса білгеніміз мақұл.

Мемлекет ретінде ұйымдастырылған қоғамда адамның жағдайын белгілейтін факторлар жүйесінде нақты мемлекетке ерекше маңызды рөл берілген. Мемлекеттің маңыздылығы – салыстырмалы тәуелсіздігімен және адам мен қоғамға қатысты елеулі дербестілігімен, қоғамдық қатынастарға әсер ете алатын өзінде бар тетіктерімен сипатталуында.

Зерттеушілер мемлекет бұл қоғамның ішкі құрылымы, халықтың аумақтық, заңгерлік және саяси бірігуін қамтамасыз ететін жалпы адам қоғамының ұйымдастырылуының ерекше түрі деп анықтама беріп келеді. Мемлекеттің ұйымдастырылуы жалпы қоғамның ресми, уәкілетті өкілі ретінде көрінуінде. Осыған байланысты, адам мен қоғам арасындағы қатынастар неғұрлым мемлекеттік-құқықтық сипатта болады, өйткені мемлекет қоғамның атынан шығады.

Мемлекеттік билік егемендігі принципі­нің арқасында кез келген адам мемлекет аумағының шегінде оның юрисдикциясында болады, яғни мемлекеттен туындайтын жалпыға міндетті ұйғарымдардың адресаты болады. Адамның нақты мемлекетпен тұрақты байланысы әдетте азаматтық (республикаларда) немесе бағыныстылық (монархияларда) институттарында өз көрінісін табады. Азаматтық пен бағыныстылық мәні кейбір айырмашылықтарына қарамастан бір болып табылады (формальды жағынан бағыныстылық адамның монархқа жеке бағыныстылығын білдіреді). Ол жеке тұлға мен мемлекет арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланыстың бар болуымен ерекшеленеді. Бұл байланыс тұлғаның нақты мемлекетке заңгерлік тиістілігін, адам тұл­ғасының мемлекет азаматының ерекше қасиеттерін алуын, азамат пен мемлекеттің өзара құқықтары мен міндеттері шеңберінің бар болуын, сондай-ақ мемлекеттің азаматты ел ішінде және оның шегінен тыс жерде қорғауын білдіреді. Азамат – бұл мемлекет және құқықпен қатынастағы тұлға. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік жылдары өзінің талай азаматының шетелде жүрген кезде құқығын қорғап, азаматы қандай жағдайға түссе де оны елге қайтару үшін барлық дипломатиялық тетіктерді қолданып, халықаралық беделін салды. Сондықтан да біз бақытты халықпыз, бақытты ұрпақпыз. Бізден кейінгі буынның  болашағы баянды болуы жолында тәлім-тәрбиелік, ұлағаты мен тағылымы мол шараларды жандандыра беруіміз ләзім. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезім мен ұлтаралық келісім, төзімділік тәрізді қасиеттерді қалыптастыру басты идеяға айналуы керек.

Азаматтың ерекшеліктері адамның қоғам­дағы жағдайын сипаттайтын маңызды белгісіне айналады. Мемлекет – өзінің азаматтары үшін белгілеген міндеттерін орындау, құ­қықтары мен еркіндіктерін пайдалануға жол ашатын заңгерлік және моральдық-саяси негіз.

Жеке адам мен мемлекеттің арақатынасы әр түрлі болуы мүмкін. Әділеттілік, адам­гершілік, демократия идеалдары билік ете­тін қоғамда жеке адам мен қоғам арасын­да­ғы қатынастар үйлесімділікке ұмтыла­ды. Мемлекет – әр түрлі әлеуметтік топтар­дың, жеке адам мен қоғамның мүдделерін келі­су­дің қажетті құралы, қоғамдық мүдделер­ге бағынысты және қоғаммен бақылана­тын ұйым ретінде қарастырылады. Адам, оның негізгі құқықтары мен еркіндіктері мемлекеттің қоғамдық өмірге араласуының түпкілікті мақсаты ретінде қарастырылады және сонымен бірге осындай араласудың шегі болып табылады.

Дегенмен де, халықаралық деңгейде мә­дени-дәстүрлері мен моральдық-этикалық ұстанымдары әр қилы қоғамдардың өзара интеграциялану нәтижелері жеке адам мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілік тұжырымына қалыптасқан жағдайға байланысты өзгерістер енгізудің қажет болатынын көрсетеді. Үш мысал келтірейік. Бірінші, патшалық Ресеймен тығыз байланыстар орнату және артынан Советтер одағының қатарына ену мың жылдық тарихы бар моноұлтты қазақтар қоғамына көпұлттылық (полиэтникалық) ұғымын әкелді. Екі ғасырдан астам көп ұлттар қатар өмір сүрген қазақстандық қоғамда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Осы модель Қазақстан қоғамында 20 жылдай сынақтан өтіп, қазір әлемдік деңгейде оң бағасын алды. Осылайша, қазақстандық қоғамдағы әр жеке адам мемлекетпен келісе отырып, бұл интеграцияны прогрессивті дамудың құралы ретінде пайдалана бастады. Ассамблея – қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтты, ал өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт ретінде мойындап, қиын кезде қол ұшын бергені үшін алғы­сын білдіруде. Екінші, көктегі тәңірге сыйынып, бабалар әруағын мойындаған қазақтар қоғамына осыдан он ғасыр бұрын ислам діні тарады және оның ішінде, өзінің салты мен дәстүріне жақын мазхабын қабылда­ған қоғам сан ғасыр діни араздықты біл­мей ғұмыр кешті. Әйтсе де, пайғамбарларды (с.ғ.а.) жоққа шығару, әруақтарды мойындамау, бабалар өсиетінен қол үзу және т.с.с. жат ұғымдар қазақстандық қоғамға ене бастады. Бұл – халықаралық интеграцияның, өзге да­му жолындағы қоғамдармен орнатылған байланыстардың салдары екендігін жақсы түсінуіміз керек. Мұндай интеграция кейбір жеке адамдардың жауапкершілік деңгейі­нен тайып, өзі өмір сүретін қоғамның негізгі ұстанымдарына қарсы шығуына әкеліп соқтыруда. Бір сөзбен айтқанда бұл – қо­ғамдар арасындағы рухани қақтығыстың көрінісі. Ол нәтижесінде қоғамда рухани хаос тудырып, мемлекеттік құрылымның негізгі принциптерінің жойылуына әкелуі ықтимал. Ендеше, әрбір жеке адам қоғам арқылы елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау үшін тағы да мемлекетпен мәмілеге келуі тиіс. Ол дегеніміз: қоғам өзінің бейбіт өмір сүруге деген талпынысын қамтамасыз етуді бүгінгі әлемдегі тарихи жағдайды, ха­лықаралық қатынастарды ескере отырып, барлық қа­жетті шараларды қабылдауды өзі негізін қалап, құрған мемлекетке тапсыруы тиіс. Үшінші, интеграциядан келуі мүм­кін тағы бір салдар – рухани көңіл күйге, мәдениетке, салт-дәстүрге елеулі әсері болуы мүмкін құбылыстардың қоғамға енуі. Ондайлардың бірегейі – бұл бір жыныс­ты некелердің заңдастырылуы. Бүгінгі таңда қазақстандық қоғам үшін бұл мүлдем келіспейтін, сана­дан тыс, түсінісуге келуі мүмкін емес құбылыс іспеттес. Ең бастысы екі жақты – жеке адам мен мемлекет ара­сындағы жауапкершілік еш төмендемеуі шарт. Айталық, соңғы жылдары (2003 жылдан бері) Түркия мемлекетінде гей-па­радтардың өтуі осы айтқанымызға куә. Бұл жағдай тәуелсіз және зайырлы мемлекет болғанына 80 жылдан асқаннан кейін осы елдегі кейбір рухани ұстанымдардың өзгеріске ұшырағандығын байқатады.

Жалпы отбасылық рухани ұс­танымдары мен әр үйдің ішкі дәстүріне қатысты мемлекет, әлбетте, бейтарап позицияда болады. Жа­һандану үрдісі нәтижесінде қоғамға сырттан енген псевдомәдениеттер мен ағымдарға қарсы тұра алатын бір-ақ дүние бар – ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, діні мен ділі. Мемлекет өзінде бар мәжбүрлеу тетіктерін бұл салада асқан байсалдылықпен қолдануы тиіс, себебі мұндай араласу асыра сілтеуге әкеліп соғатыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеде жауапкершілік шекарасы айқын екендігін білген жөн: әр отбасы қандай рухани құндылықтарды дәріптейтініне және оның салдары қоғамдағы тұрақтылыққа қалай әсер ететініне сол отбасы мүшелері ғана жауапты болмақ.

Жоғарыда келтірілген үш мысал қазақ­стандық қоғам үшін аса маңызды негізгі қатынастарды қамтиды: Ұлттық, Діни, Рухани. Осы үштікке іштен не сырттан әсер ететін кез-келген ықпал қоғамдағы бірлік пен ынтымақ үшін сынақ болатынын әрбір қазақстандық түсініп және оның салдарының еліміздегі тұрақтылыққа нұқ­саны болмауының жауапкершілік жүгін мемлекетпен бірге көтеруі тиіс.

Жеке адам мен мемлекеттің қатынаста­рын үйлестіру идеялары жекелеп алғанда құқықтық мемлекеттіліктің теориясы мен тәжірибесінде көрініс табады. Құқықтық мем­лекет үшін барлық әлеуметтік субъек­тілердің, оның ішінде мемлекетпен, заң­мен шартсыз байланысы ғана емес, со­­­­нымен бірге мемлекеттің адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктерінің мыз­ғымастығын, олардың қоғамдық және мем­­лекеттік ұйымдар ал­дындағы ар­тық­шы­лықтарын идеялық, заң­намалық және ұйымдастырушылық түрде тануы тән.

Құқықтық мемлекеттің жалпы та­нылған өзге белгісі мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкерші­лік принципін белгілеу және қатаң сақтау. Бұл принцип мемлекеттің жеке адам мен қо­ғам­ға қатысты өз белсенділігін заңнама­лық шек­теуінен, мемлекеттің азаматтардың мүд­делерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттемелерді қабылдауынан, мем­лекеттің лауазымды тұлғаларының қоғам мен жеке адам алдындағы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілі­гі­нің іс-жүзіндегі шараларының болуынан көрініс табады. Ал өз кезегінде жеке адамның құқықтық мемлекеттегі еркіндігі бірегей емес, өйткені ол басқа адам­дардың құқығымен, мүдделерімен және құқықтарымен шектелген және регла­мент­телген. Сондықтан жеке адамнан бар­лық құқықтық ұйғарымдардың сақталуы жә­не оның мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерінің орындалуы талап етіледі.

Міне, философия мен психология ғы­лымдарының шекарасында жатқан осы аталған қарапайым қағидалар сан ғасыр қазақтар өмір сүрген Ұлы даланың мыз­ғымас постулаты – «Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты сақтау – тұрақты дамудың ке­пілі» деген қағиданың дұрыс екендігінің айқын дәлеліндей. Сондықтан, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау әрбір жеке адамның, әрбір қоғам мүшесінің парызы екендігін ұмытпаған абзал. Ал қазақстан­дық қоғам үшін жаңа идеологиялық плат­форманың негізіне Бірлік пен Ынтымақ алынатын болса, бұл қоғамымыздың сан ғасырлық тарихына да, салтына да, діні мен діліне де сай және ұтымды болатыны сөзсіз. 

Әрине, психологиялық шарт ретінде жо­­ғарыда баяндалған тұжырымдар қа­зақ­­­стандық қоғамда күн сайынғы тірші­лікте жү­зеге асуда. Бірақ көпшілік үшін бұл өзінен-өзі солай болуы тиіс қарым-қа­тынастар сияқты көрінеді. Шын мәнінде, мұндай қа­тынастардың қоғамда идеалды және тұ­рақты орнығуы үшін бірнеше онжылдар кетуі әбден мүмкін екендігін өмір көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда қандай да бір мемлекетте жеке адам мен мемлекет арасында идеалды қатынастар орнаған деп айту қиын.

Адамзат өзінің тарихи дамуында негізгі екі мәселе төңірегінде мәңгі ізденісте: қандай жағдайда барлық адам бақытты ғұ­мыр кешеді және қалайша адамдар қо­ғамын тиімді басқаруға болады. Десек те, жеке адам мен мемлекет арасындағы қа­ты­настарды дамытуға қарай жасалған әрбір тиімді қадамның тек өркендеуге жол ашатыны анық.

Бірлік пен ынтымақ Ұлттық келісімді, Дінаралық төзімділікті және Рухани құн­дылықтарды сақтап, қоғамдағы тұрақ­тылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет, сондықтан қазіргі заманда бұл әрбір қа­зақстандықтың парызы болуы тиіс.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,
«Нұр Отан» партиясының хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері.